Берешегін бермегендер жауапкершілікке тартылады
Негізінен, заң алдында қоғамның әрбір мүшесі тең құқылы. Қай кезде де, жауапкершілікке тартылған жандар жаза немесе айыппұлдан айналып өтпесі анық. Өз кезегінде осы жылдың желтоқсан айының 21-28 күндері аралығында аудандық полиция бөлімі және Сырдария аудандық прокуратурасы, жеке сот орындаушы қызметкерлерімен бірлескен «Борышкер» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Бақылаушы орган өкілдерімен бірлескен іс-шарада құқық бұзушы азаматтарға салынған әкімшілік айыппұлды өндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге өз еркімен төлеу мерзімі өткен әкімшілік істердің ҚР ӘҚБтК-нің 894-бабына сәйкес, уақытылы өңірлік жеке сот орындаушылар палатасына жолданып, өз еркімен төлеуден жалтарушы азаматтарға қатысты мәжбүрлі ықпал ету шаралары жүзеге асырылуда. Айта кетейік, сала мамандары сот орындаушылармен бірлесіп айыппұл төлеуден жалтарып жүрген әр азаматтың автокөлігін сот орындаушылар қаулысы негізінде айып алаңына жеткізу, мемлекеттік белгісін алу, қасақана жалтарушы азаматтарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша тәртіптік жауапкершілігі қарау шаралары жүргізілетіндігін ескертеді.
– Қазіргі уақытта айыппұл арқалаған жандар жауапкершілік танытуға құлықсыздық танытады. Әрқашан борышкермен заң аясында жұмыс жүргізіледі. Дегенмен, дер кезінде қарызды өтеуді жүзеге асырмайтын азаматтар арамызда жеткілікті. Біздің басты міндетіміз – заң бойынша жұмыс жасау екені баршаға мәлім. Мерзімін өткізіп, берешегін өтемеген жандар заң шеңберінде тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Негізінен қарызын өтемеген борышкерлерге елден шығуға шектеу қойылады. Бұл дегеніміз кез-келген борышкер азамат шет елге шығу құқығынан айырылады, – дейді аудандық полиция бөлімінің Әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Сейілхан Кеукенов.
Айта кетейік, құқық қорғау саласының мамандары тарапынан жыл басынан бері 898 құқық бұзушыға 12561451 теңге айыппұл салынып, 820 құқық бұзушыдан 11463164 теңге өндіріліп алынған. Ал «Борышкер» іс-шарасы барысында 56 құқық бұзушыдан 628514 теңге айыппұл өндірілген. Іс-шара жалғасын табуда.
Балтабай ОРДАБЕКОВ