Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тушаны құтқарды

Тушаны құтқарды

Үй жануарларының ішінде ешкінің жүріс-тұрысы қиындау. Секеңдеп бір орында тұрмайды. "Ойнақтаған бұзау – от басар" дегендей кент ішінде қоғамдық дәретхана жанында жайылып жүрген топ ешкіден бір туша жырылып шығып, қоғамдық дәретхана тесігінен ішіне түсіп кетіпті. Иесі қайда қарап жүр, белгісіз. Бақырып, жан дауысы шыққан ешкінің зарлы үнін сол маңда тұратын азамат естиді.

– Тірі жан иесін құтқарып алайын деп әрі бері жүгірдім. Көмекке келетін ер азаматтар кездеспеді. Амалсыздан аудандық төтенше жағдай бөліміне телефон шалдым. Асай-мүсейін алып, жылдам жеткен төтеншеліктер тушаны көп ұзатпай тесіктен шығарып алды. Жігіттердің іс-қимылына, шеберлігіне тәнті болдым. Алғысымды білдіремін, – дейді оқыс оқиға куәгері, кент тұрғыны Зәкір Ерғалиев.

Осы орайда Зәкең туралы бірер жылы пікір білдіре кетейік. Ол Чернобыль апатын жоюға қатысқан, омырауы орден мен медальға толы белсенді, жанашыр азамат. Ол айналада болып жатқан оқыс оқиғаға, ерсі іс-әрекетке бей-жай қарай алмайды. Қолынан келсе араша түсуге тырысады. Оның табиғаты сондай.

Тушаны құтқаруға байланысты төтеншеліктермен де тілдестік. Бір жақсысы осы жылда бұдан басқа аудан көлемінде оқыс оқиға болмаған. Дегенмен үйінің кілтін жоғалтып алып, төтеншеліктерге өтініш айтатындар да бар екен. Бұл орайда ұқыпты болғанға не жетсін дегің келеді. Бұл әсіресе, ешкінің иесіне қатысты.

Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ
16 қыркүйек 2020 ж. 710 0