Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «ҚАЗАҚТЫҢ ЛЕВИТАНЫ»

«ҚАЗАҚТЫҢ ЛЕВИТАНЫ»

– Ә, бала, келдің бе? – деді қария орнынан түрегеліп. – Кеше «Аудандық газеттен» деп хабарласқан сен бе едің?
– Иә, мен болатынмын, – дедім бас изеп.
– А-а, онда мында кел, – деп жанына отырғызып әңгіме тиегін ағытып жіберді.
Белгілі журналист, Сыр елінің «Сыр сандығы» атанған Ахат Жанаев биыл 85 жасты еңсерді. 30 жылдан аса уақыт қоңыр үнімен Қазақ радиосының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болған танымал журналист Сыр тарихын таспаға түсірді. Өңір шежіресін зерттей жүріп, көптеген еңбек адамдарын радио арқылы дәріптеді. Сол арқылы мерейлі белестен көрінді.
Біз барғанда қадірменді қария сексеннің бесеуіне келсе де тік тұрып, өз өміріндегі елеулі оқиғаларды айна қатесіз айтып жатты. Есте сақтау қабілетіне тәнтіміз. Шежірелі қарт журналист қалғанын бала кезден жетім қалып, тағдыр басқа салған тауқыметті жылдарды еске алды.
– 1934 жылы «1 май» совхозында дүние есігін ашыппын. Бар-жоғы үш жасымда әкем Әбжаппар Жанаев «Халық жауы» атанып, 10 жылға бас бостандығынан айырылады. Аты шулы «Волгалаг» лагерінде дүние салған. Мұны көтере алмаған Айткүл анам да өмірден ерте кетті. Ағайынды Нұрхан екеуміз жетімдіктің кермек дәмін таттық. Содан да болар ерте есейдік, – дейді қария.
Қызметі жөнінде сөз қозғағанда ардагер-журналист «Мақтанғандай болмайын. Бірақ мен қызметке өз еркіммен келген адам емеспін» деп кесіп айтты. Оны тарқатып та берді. Қызылорда педагогикалық институтын бітірген соң жас маман Тереңөзектегі Калинин атындағы орта мектепте орыс тілінен сабақ береді. Еңбек жолы осында басталған. Ұстаздық қызмет етіп жүрген шағында сол жылдары облыстық радиоға басшылық жасаған Дәуірхан Айдаров радиоға қызметке шақырады. Облыстық радио комитетінде қызмет етіп, бертін келе Алматыдағы жоғары партия мектебінің радио-теледидар бөлімінде білімін жетілдіріп, бірыңғай осы қиын да қызықты салаға бетбұрыс жасайды. Одан кейінгі 30 жылға жуық радиожурналистика саласындағы елеулі қызметіне «Ленин жолы» газетінің редакторы Ұзақ Бағаев себепкер болыпты.
– Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қағида бар. Менің республикалық радиоға меншікті тілші болуыма қазақ зиялыларының бірі әрі бірегейі, «Ленин жолы» газетінің редакторы Ұзақ Бағаев себепкер болды. Республикалық радиокомитет басшыларының аймақтық кеңесі шақырылып, оған сол кездегі комитеттің төрағасы Кенжеболат Шалабаев қатысты. Ұзекең осы кісімен пікірлес, сырлас өскен жандар екен. Әңгіме арасында қазақ радиосына жергілікті жігіттерден екі тілді жетік меңгерген тілші қажет екендігі айтылады. Ұзекең сол әңгіме үстінде радионың жас тілшісі болып жүрген мені ұсынады. Сөйтіп бірден кеңеске келген комитеттің төрағасы К.Шалабаев пен бас редактор Қоқымбаевқа еріп, Алматыға сапар шектім. Сөйтіп жүрек жылуы мол асыл ағаның бір ауыз жылы лебізі менің мұнан кейінгі тағдырыма өзгеше әсер еткендей болды, – деді танымал журналист.
А.Жанаев 1962-1964 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқыған. Одан кейін мемлекеттік тәжірибеден өту үшін Мәскеудегі бүкілодақтық радиоға жіберіледі.
– Соғыс жылдары осы күнгі Қызылорда теміржолы вокзалы, әскери комиссариаты, тағы да бірнеше жерге орнатылған қуатты репродукторлар жұмыс істейтін. Олар тәулік бойы үздіксіз хабар таратып, бұқараны шұғыл түрде майдан ақпараттарымен құлағдар етіп жататын. Қысы-жазы ауа райының қолайсыздығына, уақыттың беймезгіл екен­дігіне қарамастан қала тұрғындары тайлы-таяғына дейін әлгі репродукторлардың маңына жиналып, радиохабарларды түрегеп тұрып тыңдайтын. Әлі есімде Совимформ-бюро хабарларын ер дауыста әлемге әйгілі Юрий Левитан, әйел дауыста Ольга Высоцкая есімді диктор оқитын. Олардың құлаққа жағымды қоңыр үндерін ел-халық әрқашан сағына, сарыла күтетін. Біз ол кезде бастауыш сыныптың оқушылары болсақ та Совинформ-бюро хабарларын үзбей тыңдайтынбыз. Радио деген нет­кен құдырет, оның адам жанын керемет рухани ләззатқа бөлерлік қандай сиқыры бар – ол жағы бізге мүлдем жұмбақ болатын. Оның қыр-сырына біз араға 40 жылдан аса уақыт салып қаныға бастадық. Есейе келе дауылпаз үнді Юрий Левитанмен тұздас-дәмдес болып, бір ай бойы сол кісінің таңғажайып лекциясын тыңдап, өзімен бірге боламыз деген қиял ол кезде біздің өңіміз түгіл түсімізге де кірмейтін, – деген танымал журналист сол бір ай ерекше әсер сыйлағанын жеткізді. Мәскеуде «Северный» қонақ үйіне жайғасып, «қағазсыз газеттің» қара шаңырағы атанған бас радиода шеберлігін шыңдайды. Осы сапарда тікелей эфирдің хас шеберлері И.Андронников, К.Ретинский, Ю.Арди, М.Трегуловтармен кездесіп, әңгімелерін тыңдайды. Юрий Левитаннан дәріс алып, ғұмырлық азық болғанын тілге тиек етті. Сол біліктіліктің нәтижесінде салада айтулы қызмет жасаған А.Жанаев «Қазақтың Левитаны» да атанды.
Дарынды журналист қазақ радиосының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі бола жүріп Сыр сүлейлерінің, өңірден шыққан ақын-жыраулардың туындыларын, зерттеп, бүкіл республикаға таратты. Тіпті Қорқыт күйлерін таспаға жаздырып, оны алтын қорға сақтау – Ахаңның ең үлкен еңбегі десек артық емес. Ол Қорқыт күйлерін қоғалыкөлдік Соқыр Нышанның орын­дауында таспаға түсірген. Бұл туралы қарт журналист:
– Осы күні көнекөз қарттар жақсы білуі тиіс. Облыс орталығының батыс беткейіндегі Ноғай бауының іргесінде Соқыр Нышан деген қобызшы ақсақал әрі көріпкел әулие тұрды. Өзінің аты Смайыл Шәменұлы болатын. Біз бұл кісіні сонау бала кезімізден бастап білуші едік. Қарттар, әйелдер әулиеге бал аштырып, майданға кеткен ер азаматтарына тілек тілетіп, ақ батасын алатын. Сосын ол кісінің жүрек сыздатар күйлерін ұйып тыңдайтын. Мен Нышан абыздың Қорқыт күйлерін білетіні естіп, қайран қалдым, – дейді.
Соқыр Нышаннан Қорқыт күйлерін жаздыру үшін көп уақытты қобыз іздеумен жоғалтыпты. Оны табу үшін ғалым Мардан Байділдаевқа қолқа салады. Ол музыка зерттеушісі Болат Сарыбаевтан көне қобызын сұрап әкелген. Сөйтіп бес сағат бойына бүгінде бізге жеткен Қорқыттың жиырма шақты күйінің 12-ін таспаға түсіреді. Атап айтқанда, «Әуіпбай, әуіпбай», «Бәшбай», «Ұшардың ұлуы», «Желмаяның желісі», «Матаулы киіктің зары», «Тарғыл тана», тағы басқа күйін жазыл алған. Бұл күйлерді өңдеуге Ахаң 15 жыл уақыт жұмсаған. Күйлерді жазып алған күнгі басқосуда түркітанушы ғалым, професор, ұстазы Әуелбек Қоңыратбаев «Сен менің жақсы көретін шәкірттерімнің бірісің де, бірегейісің де. Бажалығың және бар. Әйтеуір қашық емессің. Бүгінгі тірлігіңе, азаматтығыңа қатты риза болып отырған жайым бар, айналайын! Қорқытты тірілту, қайта жаңғырту – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Тіптен ерлікпен пара-пар шаруа десем де болар. Басқасын былай қойғанда бүгінгі осы еңбегіңмен-ақ тарихта қаларың ақиқат...» деген. Белгілі ғалым айтқандай-ақ, Қорқыт күйлері өткен жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес тізіміне енді. Қорқыт мұрасының мұндай әлемдік деңгейге шығуына осыдан 44 жылғы Ахат Жанаевтың еңбегі орасан зор.
Қорқыттанушы қаламгер күйлердің тарихына да тоқталып өтті.
... Қорқыт әдеттегідей кілемін жайып жіберіп, өзен бойымен жүзіп келе жатқан сәтте аштықтан әбден жүдеп-жадап, қу сүйегі қалған нәрестелі келіншекті көзі шалып қалады. Нәр татпағандықтан болса керек сәбиі «Әуіпбай, әуіпбай» дегеніне жұбанбай, шырылдап жылай береді. Сонда Қорқыт былайша үн қатқан сыңайлы:
Көп уақыт салып араға-ай,
Жеттің-ау әрең жағаға-ай.
Емізерге сүт таппай,
Қиналдың-ау, балам-ай!
Сырдың суы қандай-ды,
Ішсең шекер балдай-ды.
Сәтін салса нәрестең
Сонымен жүрек жалғайды.
Өзенге жетсең, өлмессің
Мұншама азап көрмессің.
«Ұшардың ұлуы» күйінің тарихын да тарқатты.
Беделді бір ақсақалдың ұлы серілікпен жуық арада үйленбей жүріңкіреп қалса керек. Саятшылықты, аң аулағанды ұнатады екен. Міне, осындай бір сапардың кезінде мерт болып, оның өлімі жайлы жайсыз хабарды соңына ерген Ұшар тазысы естіртеді. Табалдырықты тырналап, қыңсылап, аянышты үнмен ұли бастайды. Осыдан ұлының қазасын сезе қойған иесі «Жалғызымнан айырылдым, қанатымнан қайырылдым» деп еңіреп қоя беріпті.
Кішкентай кезінде бала Қорқыт анасына еріп, нағашы жұртына қыдырып барған сапарында жиен сыбаға деп оған тайлақ міңгізіп жіберсе керек. Сол жануар өсе келе айшылық жерді алты-ақ аттар желмая болып, қашан дүниеден өткенше өзіне сенімді көлік болады. «Желмаяның желісінде» әлгі жануардың қадір-қасиеті, адалдығы, ақылдылығы күй тілімен өте әдемі суреттелсе керек.
«Бәшпай» – Қорқыт бабаның ең соңғы қүйлерінің бірі көрінеді. Өзен үстінде жүзіп бара жатқанда дауыл тұрып, аңдаусызда өзімен бірге келе жатқан қарындасына бәшпайы тиіп кетеді. Осыған орай Қорқыт «Мен бұл фәниде кешірілмейтін екі күнә жасадым: бірі 40 жыл бойы ажалдан қаштым, екіншісі әйел затына аяғым тиіп кетті. Ертең мені жерлер болсаңдар сол бәшпайымды ашық қалдырғайсыңдар» деп өсиет қалдырыпты.
Бұдан бөлек Ахат Жанаев Сыр сүлейлері Рахмет Мәзқожаев, Нұғыман Молыбаев, Қуаныш Баймағанбетов, Сүйінбай Ақбаев, Мырзағали Ақжолов, Ақмырза Тұяқбаев, Әбілда Жөргенбаев, Көшеней Рүстембеков, Шәмшат Төлепова, Қуандық Бүркітбаев, Алмас Алматов, Әбілаш Әбуов, Әлмырза Ноғайбаев, Манап Көкенов, Бексұлтан Байкенжеев мұраларын радионың алтын қорына енгізді. Сонымен бірге Сыр еліндегі ерен еңбек иелері, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев, Социалистік Еңбек Ерлері Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Жадыра Таспамбетова, Сәлима Жұмабекова, Ахмет Халықов, Цайден Хақ, Ұзақ Еспанов, еңбек ардагерлері Сейіткерей Ұсабаев, Мөрәлі Шәменов, Совет Одағының батыры Жәлел Қизатов, Тәйімбет Көмекбаев, механизаторлар Гүлсара Қуандықова, Жамбыл Балбыров жайлы терең мазмұнды хабарлары дүйім елге тарады. Осылардың ішінде күріш атасы Ыбырай Жақаевты сөйлету көптің қолынан келе бермеген. Бірақ Ахаң оның кілтін тапқан.
– Журналист әрбір адамды сөйлетудің кілтін табу керек. Мен сол Ы.Жақаевтың кілтін таптым. Ол кісі сөзден гөрі істің адамы ғой. Ыбырай ата қайратты болатын. Содан да оған жас кезінде «Алыпсоқ» аты қойылыпты. Бір күні сол кісінің үйінде жастықта шынтақтап жатқанбыз. Микрофонды жастық астына тықпалап «Ыбеке, сізді жас кезіңізде «Алыпсоқ» атапты ғой» деп әңгіме жібін сабақтағаным сол еді, рахаттана күліп, әңгімесін бастандырғаны бар. Жазып алдық. Кейін осы жазбаны өзі тыңдап, тағы бір рахаттана күлген еді, – дейді Қазақстанның Құрметті журналисі.
Жалпы кезіндегі қазақ радиосының І және ІІ бағдарламалары негізінде тәулігіне 52 сағаттық хабарларға, сондай-ақ тәулігіне 22 сағат хабар тарататын «Шалқар» бағдарламасына төтеп берген Ахат аға Жанаев жөнінде айта беруге болады. Бізбен әңгімесінде шежірелі қария көп нәрсені тілге тиек етті. Оны бір мақаланың шеңберіне сыйғызу қиын. Қарымды қаламгер радиода қызмет ет жүріп «Бұхарбай батыр», «Алмас тілді ағалар», «Беркінбай әулие: аңыз бен ақиқат», «Асылы еді Алаштың» атты кітаптар жазған. Одан бөлек тарихты толғайтын зерттеу мақалалар мен көптеген хабарлар таратқан. Бұл еңбегінің облыс тарихына қосқан үлесі өлшеусіз. Көптеген атақ-абыройға да кенелтті.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ

30 шілде 2019 ж. 779 0