Домбыра – қазақтың жаны
«Ертеде елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, Қамбархан деген аңшы жігіт өмір сүріпті. Бір күні ол атып алған аңын сойып, терісін сыпырып болып, ішегін ағаш басына қарай лақтыра салыпты. Шұбатылған ішек бір бұтақтан екіншісіне ілініп қала береді. Күндердің күнінде Қамбархан әлгі жерден өтіп бара жатып, ерекше бір жағымды әуенді құлағы шалады. Жан-жағына қараса ән салып тұрған ешкім көрінбейді. Сөйтіп ағаш басына қараса бұтақтарда салбырап ілініп тұрған ішектерді байқайды. Олар сымдай тартылып, керіліп қалған екен. Әуеннің сол ішектерден шығып тұрғанын байқаған аңшы жігітке бір ой келеді. Ол әлгі ағашты кесіп алып, жонып, ішін қуыс етіп жасап шығарады. Сөйтіп күмбірлетіп күй тартады, өзінің ішіндегі бар зарын шығарыпты» деседі.
Айта берсе мұндай аңыздар жетерлік. Бір аңызда бір-біріне ессіз ғашық болған патша қызы мен кедей жігіттің қос бірдей сәбиі жайлы айтылады. Әкесі өлтірілгеннен кейін патша жарлығымен екеуінің көзін құрту тапсырылады. Мыстан кемпір дорбаға салып алып, бәйтерек ағашының басына іліп кетеді. Әлгі қос сәбиден қалған белгі – ағаш бұтақтарында керіліп қалған ішектерден ерекше зарлы әуен естіліп тұратын болған дейді аңыздардың бірінде.
Әр түрлі ескерткіштерге, сондай-ақ этнографтардың зерттеулеріне жүгінсек домбыра сонау орта ғасырларда белгілі бола бастаған деседі. Жалпы домбыра жайлы жазулар XIV ғасыр мәліметтерінде кездесетіні жайлы жиі айтылады. Оның ең бастапқы түрі мен құрылысы қазақтың қара домбырасына қатты ұқсас. Сондықтан атаулары да шығу тегі де бір деген болжам жасайды зерттеушілер. Қазақта Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина секілді ұлы күйшілер өмір сүрген. Олар құлақтан кіріп, бойды алған керемет күй шығарған. Ол күйлердің құдіреттілігі соншалықты, әлгі күйлерді тыңдап отырып, қазақтың кең байтақ даласын, ат тұяғының дүбірін естігендей боласың.
Домбыра үнінде халық рухының, арман-тілегінің, сарғайған сағыныштың, мұң-зарының нілі әбден сіңісті болып, ғасырдан-ғасырға, атадан-балаға жеткен қасиетімен бірге өткенді оралтып, өлгенді тірілтетін құдірет және бар. Қазір қазақтың қара домбырасын қолына алып, күй тартуға әуестік танытып жүрген өзге ұлт өкілін көргенде оның құдіретіне еріксіз бас иесің.
Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра, – дегеннің астарында да сол қара домбыраға деген құрмет жатса керек. Ендеше, қазақтың қасиетті қара домбырасы жасасын!
С.СҰЛТАНҚЫЗЫ