Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛАҚАЙ, БАЙҚА, БАТУТ ТА ҚАУІПТІ

БАЛАҚАЙ, БАЙҚА, БАТУТ ТА ҚАУІПТІ

Күн жылып, оқу жылы аяқталған соң ойынға құмартатын балалар саны артады. Олар, әсіресе, көшедегі қолжетімді, үрлемелі батуттарды таңдайды. Қазіргі уақытта бүлдіршіндерге арналған Батут ойын алаңқайлары әрбір тынығу орындарында орналасқаны барлығымызға белгілі. Бірақ мұның қауіпсіздігіне қаншалықты сенуге болады? Балалардың батутпен ойнау кезінде жазатайым жайттан жеңіл жарақатпен оңай құтылатындар да, ауыр жарақат алып, қаза болып, қайғы құшқандар да аз емес. Статистика (интернет кеңістіктен) көрсетіп отырғандай, жарақаттардың негізгі түрлері - батуттардан (52 %), рама немесе серіппеге соғылу (31%), басқа адаммен соқтығысу (17%) салдарынан болып жатады.
2019 жылдың 30 мамыр күні Тереңөзек кенті №210 орта мектебінің күндізгі тынығу лагерінің демалушы балаларына жаз мезгілінде жаппай демалу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету (батуттарда, аттракциондарда ойнау, өрт қауіпсіздігінің алдын алу және т.б) мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар Тереңөзек кенті Ж.Жабаев көшесінің бойында орналасқан батут иесі ЖК Г.Сарсековаға және Қонаев көшесі, Кент мәдениет үйінің ауласында орналасқан батут иесі ЖК А.Жарасовқа Республика көлемінде батуттардан орын алып жатқан қайғылы жағдайлар туралы, батуттарды орналастыру, бекіту, қауіпсіздік ереже талаптарын сақтау маңызды екендігі қатаң ескертілді.
Осы тұста ең басты ереже – балаларыңызды аттракционда және батутта ойнаған кезде ешқашан жалғыз қалдырмаңыздар, бала ересектердің қарауында болуы керек. Балалардың қалталарында кез-келген өткір және қатты заттардың, сағыздың болмағаны жөн. Қауіпсіздік техникасы бойынша, қатер төндіретін іс-әрекеттерден балақайларды тыйып ұстау керек. Баланы батутқа жібермес бұрын, батуттың сенімді орнатылғанына және көлеңкеде тұрғанына көз жеткізіңіз. Балалардың көңіл-күйін міндетті түрде қадағалаңыз, өйткені балалар өз жағдайын түсініп, күш-жігерін бағалай алмайды. Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету-әрбір ата-ананың басты міндеті. Сол себепті,балаларыңызға сақ болыңыз! Себебі бала – баға жетпес байлығымыз.

Айгерім ҚАНЖАРБАЕВА,
Ұлбосын КЕНІШБЕК
29 маусым 2019 ж. 1 004 0