Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұйықтағанда тіс қайрау. Бруксизм ауру ма, әлде әдет пе?

Ұйықтағанда тіс қайрау. Бруксизм ауру ма, әлде әдет пе?

Түнде ұйықтап жатқанда тісін қайрайтын адамдар бар. Тіс қайрау неден болады? Оның адамға зияны бар ма? Бруксизмді қалай емдеуге болады? Сұрақтарымызға №18 қалалық емхананың невропотологы Қарлығаш Оспанова жауап берді.

Бруксизм деген не?

Адамның түнде тісін қайрауын медицинада “бруксизм” деп атайды. Егер ол күндіз де тісін қайрайтын болса, оны “бруксомания” дейді. Бұл екеуі де патологиялық ауруға жатпайды. Бруксизм де, бруксомания да тұқым қуалауы мүмкін. Егер адам аптасына бір-екі рет 9-10 cекунд қана тісін қайрайтын болса, онда бұл қалыпты деп есептеледі. Сондықтан оған алаңдаудың қажеті жоқ. Егер бұл нәрсе күн сайын 1-3 минуттан көпке созылып жатса, міндетті түрде емделу керек.

Түнде тіс қайрау неден болады?

Тіс қайраудың себебі әртүрлі болуы мүмкін. Ол медицинада толық дәлелденбеген. Ата-ананың біреуінде тіс қайрау әдеті болса, онда ол тұқым қуалап, балаға да берілуі мүмкін. Адам күйзеліске түсіп, жүйке жүйесі шаршағаннан да бруксизм болуы мүмкін. Балалар да тісін қайрап жатады. Бұл – баланың психологиясында өзгеріс немесе ақау бар деген сөз. Ата-ананың ұрысы, үйдегі немесе мектептегі басқа да көп проблема балаға әсер етеді. Ал кішкентай нәрестеде бруксизмнің болуы көбіне оның тісінің шығуымен байланысты.

Бруксизм ұйықтайтын кезде жоғары және үстіңгі жақтың дұрыс жабылмауынан, бет бұлшықетінің қозғыштығынан да болады.

Тіс қайраудың тағы бір себебі – ұйқының бұзылуы. Ересектер күніне сегіз сағат, балалар 10-12 сағат ұйықтауы қажет. Егер ұйқының нормасы бұзылса, адам түнде тісін қайрауы мүмкін.

Әр адамның ағзасында қалыпты мөлшерде құрт болады. Ол жеке гигиена шараларын сақтамағаннан, дұрыс тамақтанбағаннан, таза емес суды, көкөніс пен жемісті пайдаланғаннан болады. Егер адамның денесіндегі құрттың мөлшері көбейсе, онда оның тіс қайраудан да басқа әсері болуы мүмкін.

Тіс қайраудың адам ағзасына зияны бар ма?

Адам ұйықтап жатқанда тісін қатты қайрағанын өзі сезбеуі мүмкін. Дегенмен оның айналасындағы адамдар  бұл жағдайға міндетті түрде назар аударады. Тіс қайрайтын адамның өзіне бұл процесс айтарлықтай әсер етпесе де, өзге адамның жүйкесіне тиюі мүмкін. Бруксизмнің салдарынан адамның тісі тегістеліп, үшкірленеді. Тістің эмаліне зақым келіп, ауырсыну пайда болуы мүмкін.

Бруксизмді емдеудің жолы қандай және оның қалай алдын алуға болады?

Көбіне тісін қайрайтын адамдар дәрігердің қабылдауына бруксизм басталғаннан ұзақ жыл өткен соң келеді. Ол кезде тістің эмалі әбден құртылып, қызылиегі де ауырады. Бруксизмді невропатолог, психолог, стоматолог, инфекционист бәрі бірігіп емдейді. Қандай да бір ем қабылдамай тұрып әуелі бруксизмнің себебін анықтап алу қажет. Содан кейін ғана арнайы маманмен жұмыс істейді. Егер ол жүйкесіне түскен салмақтан тісін қайрайтын болса, невропатолог пен психологтың еміне жүгінеді. Ал ауыз қуысында қандай да бір зақымдану болса, онда стоматолог қарайды. Олар тістің зақымдануын болдырмау үшін бруксизмнің алдын алатын құрылғыларды ұсынуы мүмкін.

Түнде тіс қайрамау үшін қарапайым амалдарды қолданып көріңіз. Алма, сәбіз сияқты қатты жеміс-жидек пен көкөністі жеген дұрыс. Мұның әсерінен адамның ауыз қуысындағы бұлшықеттері босаңсиды. Осы кезде адамның ұйқысы тыныш болады, тісін де қайрамайды. Бірақ жеміс-жидек пен көкөністі ұйқыға жатардан 2-3 сағат бұрын жеген дұрыс. Өйткені түнде адамның асқазаны демалуы керек. Егер бала тісін қайрайтын болса, оған ұйықтар алдында ертегі айтып жатқызған дұрыс.

baribar.kz
19 маусым 2019 ж. 32 057 0