Сүт бұлағын тасытқан
– Күлжан ауданға жиналысқа кетіп еді. Жолын қарап тұрғаным ғой.
– Ә-ә, Күлжанның жолын тосып тұр екенсіз ғой.
– Сиырлардың желіні тырсылдап, сауатын уақыты болып қалды. Қарайлап тұрғаным.
– Сүйінші, сүйінші!
– Бұл қай бала? Есенкелді емес пе?
– Сүйінші! Күлжан апам «Ленин» орденін алды.
– Ой, бәрекелді! «Сүйінші» деген не тәйірі мінекей ала ғой!
– Күлжан апам орден алды дей ме? Құтты болсын!
– Бәрекелді, Есенкелді сүйінші сұрап келді.
– Біз де құр қалмайтын шығармыз сүйіншіңнен.
– Күлжан апам жылдық жоспарды асыра орындағаны үшін жоғарғы марапатқа ие болды.
Осы мезетте ауданнан келген көліктің дауысы әріден шығып, жақындай түсті. Сауыншы қыздар:
– Күлжан апам келе жатыр, – деп айқайлай жөнелді.
– Аман-есен келдіңіз бе, апа?
– Шүкір, Аллаға! Аудан басшыларына рахмет! Қошеметтеп елеп жатқан барлығыңа рахмет, қыздар!
– Келіп қалдың ба? Ал, «Ленин» орденің құтты болсын! Сүйінші сұрап, Есенкелді келді. Күлжан-ау, биылғы жыл өте жақсылыққа толы болды. Құдайға шүкір! Отбасымызға, ауылымызға абыройлы болды. Мынау шаңырағымызда Ырыскүл қызымыз дүниеге келіп, жанымызға жан қосылды. Оның үстіне сенің еңбегіңді бағалап, ауданнан сыйлық алып жатырсың.
– Жұманым, осы құрметке жету үшін сен менің бір жағымда жүрмесең, сүйеу болмасаң, мен осындай биікке, құрметке, жетер ме едім? Барлығы мынау өзіңнің арқаңда, Жұмеке! Азаматым, сен аман бол!
Селдетіп сүт бұлағын сауса ағызған.
Сиырды саусын біздің сауса Күлжан!
Бағалап еткен адал еңбегіңді,
Ұлы Отан айналады саусағыңнан, – деп жыр шумағын төгілте жөнелді.
– Айтбай, айналайын, рахмет жарығым! Тәңірі жарылқасын! Өнерің өрге жүзсін. Сен де осындай құрметке жете бер.
Бұл көрініс Күлжан Әуезованың өткен ғасыр шеңберінде «Ленин» орденін алған тұста орын алған. Сонда еңбекқор жан марапатқа масаймай, шағын диалог орын алғаннан кейін қасындағы қыз-келіншекті жанына ертіп, шаруаларына қайта кірісіпті. Әрине, еңбек майданында босаңсуға болмайды. Марапат төрінен көріну кімге болса да қуаныш. Бір жағынан жұмысты, межелеген жоспарды орындауға деген айрықша демеу мен қамқорлық. Күні-түні бел жазбай жүргенінің өтеуі.
Бұл көріністі ауылдық мәдениет үйінде өткізілген Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты, «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» орденінің иегері, «Батыр Ана» Күлжан Әуезованың туғанына тоқсан жыл толуына орай еске алуға арналған «Өнегелі өмір» тақырыбындағы тарихи-танымдық конференцияда ауыл өнерпаздары сахналады. Осы күні ауылға жиналған жұртшылық Күлжан Әуезованың рухына тағзым етті.
Әйел деген атың сенің жылылық.
Өмір өзі сенен көп сыр жүр ұғып.
Бәрі саған қарайтындай күн жаққа
Күнбағыстар қарағандай бұрылып, – демекші заманында ер азаматпен қатар тең дәрежеде қас қарайғанша елеулі қызметін елге арнаған сауыншы болмысында тектілік тұрпаты қалыптасқан.
«Қазақстан Журналистер Одағының», «Халықаралық Жазушылар Одағының» мүшесі Жұмабай Байзақұлы «Өнегелі өмір» тақырыбында даңғайыр сауыншы ғұмырын кеңінен өскелең ұрпаққа насихаттайтын кітапты жарыққа шығарды. Конфренция шеңберінде алыстан келген ағайын ғазиз ананың өмір дағдысынан айнымай орын алған тарихи қолтаңбасын жиналған жұртшылыққа дәріптеді. Жалпы, кітапты жазу барысында ғұмырдария құндылығы, қарапайым шаруа адамының күнделігі, күн ұзаққа дамыл көрмей даңғайыр атанған сауыншы табандылығы суреттеледі. Қатарынан бірнеше жыл жоспарлы межеден артық сүт алған сауыншы өз рекордын жаңартып отырады. Сол жылдары жоғары аталған марапаттың шоғыры Күлжан Әуезованың кеудесінде жарқырап тұрды. Түзде жүріп малдың бабын тауып, барынша сырласса, үйге келіп ерінің қамын ойлап, күтімін жасауды міндеті деп білді. Адамның бір өзі толағай табысқа жету жолында қайраты түгісілуі мүмкін. Осындайда демеу жасап, үнемі қолдап отыру – ер азаматтың борышы. Жары Жұман екеуі көп бала тәрбиелеп, оларды жеткізуде аз қиындық көрген жоқ.
Күлжан Әуезова Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты бола жүріп, жоғары билік өкіліне ауылдағы ағайынның тілегін жеткізді. Тауқыметті күндердің боямасыз шындығы қорадағы мал санын көбейтіп, жылдан-жылға аман-есен өту екені мәлім. Еш уақытта шығынға ұшырамас бұрын алдын алу жағын ойлау, ұтымды қарекет ету мықтылық. К.Әуезованың ерекшелігі шапшаңдығында жатыр. Өзіне тиесілі сиырларды сауу үшін басқа қыз-келіншектер азаннан-кешке дейін бөгелсе, ол айналдырған екі сағаттың ішінде күнделікті жоспарды орындаған. Қалған уақытта барлық сиырға ат қойып, бұзауын екі бөліп жайылымға шығарып отырған. Сиыр сауатын мезетте атымен аталған күтімге үйренген сиырдың әрқайсысы өз орнына жайғасатын болыпты. Жары Жұман ел арасында айтқыштығымен танылған. Екеуі қатарласа жүріп, перзентеріне үлгілі тәрбие береді.
Конференцияда арнайы фильм көрсетілді. Мұнда Күлжан Әуезованың өткен ғасырдағы ғибратқа толы қазыналы шежіресі жұртшылыққа ұсынылды. Бүгінде мәуелі қос бәйтеректің саясынан түлеп ұшқан ұрпақтары ел көлемінде танымал. Он төрт перзент дүниеге әкелген Батыр ана отбасындағы әйел болмысын көпшілікке айшықтап берді. Сондай-ақ, алтын құрсақты ананың сансыз мадаққа ие болуы тегін емес. Бір жылдары өзіне бекітілген әр сиырдан 3150, 2300 литр сүт сауып, жоғарғы көрсеткішке табан тірегені мақтанарлық жағдай.
Жиынға қатысушы зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ауданға қарасты ауылдық округ ардагерлері, беделді тұлғалар шоғыры, көзін көрген замандастары, ағайын-туыстары, ұрпақтары Күлжан Әуезова жайында өнегелі естеліктерін айтты. Ауыл әкімі Н.Жүсіпова даңғайыр сауыншының ғұмырлық өмірбаянына шолу жасады. Конференцияда белгілі сауыншы туралы жазылған кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Жиынға қатысушы зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ауданға қарасты ауылдық округ ардагерлері, беделді тұлғалар шоғыры, көзін көрген замандастары, ағайын-туыстары, ұрпақтары Күлжан Әуезова жайында өнегелі естеліктерін айтты. Ауыл әкімі Н.Жүсіпова даңғайыр сауыншының ғұмырлық өмірбаянына шолу жасады. Конференцияда белгілі сауыншы туралы жазылған кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Залда тыныштық орнаған сәт. Диктор халық алдында ерекше тебіреніспен ақын М.Нұрханның өлеңін оқу үстінде.
Ай озып, жылдарына күн жаматып,
Бесарық өскен өлке кіл жаңа адам.
Айналып әппақ бұлтқа ақ халаты,
Алдымнан шығатындай Күлжан апам.
Тірелер сүтханаға жол аяғы.
Құмға ешкі, лағын жел жаяды.
Тасытқан сүт бұлағын Әуезова,
Ферма ізі көзге түсер сол баяғы, – дегендей белгілі сауыншының ауыл маңайында қалған естелігі мән-мағынасы жоғары құндылық десек артық айтқандық емес. Аталған ақынның өлең жолдарында:
Әр істің аңдап, біліп ақ-қарасын,
Әкпәр кіл шежіреңді ақтарасың.
Көне ферма көзімнің нұрын сауар
Кеткендей Күлжан іліп ақ халатын, – деген толғанысты мәңгілік жасампаз ұрпақ жаттап өтердей көрінеді. Ал, баласы, ақын, журналист Е.Әуезов жиылған жұртшылықтың көзіне жас үйірілтіп, анасына арнаған өлең шумақтарын оқып берді.
Жүрсе де жағым суалып,
Сияды бәрі ішіме.
Келуші ең таңда қуанып,
Кіруді қойдың түсіме, – дегенде халықтың жанарында сырға толған мұң жатты. Осылайша, екі сағатқа созылған тарихи-танымдық конференция жүректердің қылын шерткен мәнді кешке айналды. Жиынды ғазиз ананың шөбересі Қ.Жылқайдарова «Қазақстаным, Алға» әнімен қорытындылады. Конференцияға келген қонақтар Бесарық ауылдық мұражайын аралап, құнды жәдігермен танысты. Бұдан кейін көпшілік жиналған қауым даңғайыр сауыншының рухына арналған асқа жиналып, Құран бағыштады.
Ауыл іргесінде сәйгүлігін баптаған шабандоздар қазандыққа арнайы салым салып, өзара сайысты. Жаңақорған, Шиелі аудандарымен қатар ауыл жігіттері де кіл мықтыны анықтады. Делебені қоздыратын аталған жарыста ауылдың үлкен-кішісі толық жиналып, шараның жоғарғы деңгейде өтуіне бірауыздан атсалысты.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Пікір 1