АБЫРОЙ АРҚАЛАҒАН АНА
Туғанына 90 жыл толған, Берекелі Бесарықтың тарихында аты алтын әріппен айшықталған Күлжан Әуезованың өнегелі өмірінен бір үзік сыр.
Қазақы қарапайым бір қағида бар: «Бір үйдің отымен кіріп, күлімен шыққан жан, сол үйдің төріне де шығады»
Жастай көрген ауыр еңбек, атан түйеге жүк боларлық бейнет Күлжан апамызды ешқандай бейнеттен қаймықтыра қойған жоқ. Бейнетке белшесінен батқан ана қандай жұмысқа бел шешіп беріле атқаратын. Сауын қора мен шөп қора мен жүгері сүрленген абажадай апанның арасы қанша қашық болса да, шөп тасудан шаршаған емес. Арқаға теңделген шөпті көтеріп келе жатқан алып кім деп таңырқаған жандар шөпті діттеген жерге жеткізгенде шөп астынан үстін қағып белін буған талдырмаш келіншекті көргенде таңданысын жасыра алмас еді. Кейін белгілі болғандай тау-тау шөп, қап-қап жем арқалаған ана – болашақ абыройын арқалап келеді екен ғой.
Беріле еткен еңбектің, адал төгілген тердің де өтеуі болары анық. Жаңа құрылған колхоз басшыларының назарын өзіне аударған Күлжан Әуезованың еңбегі ерте елене бастады. Әуелі сауыншылар бригадасының бригадирі болған еңбеккер ана өзіне жүктелген жауапкершіліктің салмағын еш төмендеткен емес. Күндік, айлық, тоқсандық, жылдық көрсеткіштер бригада бойынша, жеке звено бойынша жылма-жыл көтеріліп, беделіне бедел қосыла берді.
Қазақстан Коммунистік партиясы облыстық комитеті мен еңбекшілер депутаттарының облыстық Советі атқару комитеті облыс ауылшаруашылық озаттарын «Облыстық құрмет» кітабына тіркеу туралы 1957 жылы социалистік жарыста жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін өзіне бекітіліп берілген 20 бас сиырдың әрқайсысынан 3000 литр сүт сауғаны үшін Сырдария ауданы, Жамбыл колхозының сауыншысы Күлжан Әуезованы «Құрмет кітабына» тіркеу туралы қаулысы шықты. Сөйтіп қарапайым ауыл еңбеккері Қызылорда облысында санаулы саңлақтар қатарынан көрінеді.
Елуінші жылдардың соңына қарай біздің кейіпкеріміздің бедел биігінің өрлеу кезеңі басталды. 1958 жыл қарауындағы әр сиырдан 3150 литр сүт сауып облыста рекорд орнатып Қызылорда облысының «Ең үздік сауыншысы» атағына ие болды. Бұл кезең – Кеңестік колхоз-совхоздарда қазіргі сөзбен айтқанда жаңа технологиялардың енгізіле бастаған кезеңі еді. Бұрын әр сауыншы қарауындағы 20-30 сиырды қолымен сауатын болса, енді бұл жұмыс агрегат арқылы жүзеге асырыла бастады. Жаңалықты жатырқамай тәжірибесіне енгізе білген Күлекең жұрт 4-5 сағатта зорға сауатын сиырды бас-аяғы 1 сағатта сауып болып, қалған уақытты сауын сиырдың күтіміне бөлуге мүмкіндігі болды. «Сиырдың сүті – тілінде». Сиыр тек қана жайылымдық жердің шөбімен ғана азықтандырылмай, қорада туралған жоңышқа, жүгері сүрлемі, түрлі қоспалармен байытылған құрама жемі, күнжара жемімен қоректендірудің арнайы рационы бекітіліп, берілу тәжірибесіне ерекше мән берілді. Сауын сиырлардың қорасының тазалығы, сиырдың жеке басының тазалығы ерекше назарға алынды. Жаңа туған төлді айыру күтіміне де ерекше көңіл бөліне бастады.
1959 жылы да облыс сауыншылардың социалистік жарысының жеңімпазы Күлжан Әуезова «Ең үздік сауыншысы» атағын жеңіп, заттай сыйлығын алады. Жылма-жыл өзіне артылған міндеттемелерді артығымен орындағаны үшін 1960 жылы СССР аталатын алып мемлекеттің Жоғарғы Кеңес Президумының қаулысымен, ең жоғарғы наградасы Ленин орденімен марапатталады. Бұл марапат құрылғанына он жыл ғана болған Жамбыл колхозының басқарма басшысы Ким Дик Манның шебер ұйымдастырушылық қабілетіне берілген баға. Бұл марапат осы шаруашылықта жұдырықтай жұмылған мал шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегіне берілген баға. Қазақы қағидаға салғанда «Бірлік болса, тірлік болады» деп мақалдаған ауыл еңбеккерлерінің ауызбіршілігі мен еткен еңбегіне берілген баға еді.
Бүкіл ауыл халқы Күлжан Әуезованы ақ жарылқап,алақанына салды. Ауыл клубындағы кездесуге жиылған халықта есеп жоқ. Алқызыл галстук байлаған пионерлердің ақ тілек құттықтауы. Ауылдастардың лебізін ауыл ақыны Айтбай Дүйсенбаев жүрек жарды жыр жолдарымен жалғады.
Ауылдағы еңбектегі жетістіктер мен еңбекке қырын қарайтындарды сын садағына қадаған қаламгер ауылдағы қоғам белсендісінің шабытынан туған жыр жолдары төмендегіше еді:
Күлжанға
(Жамбыл колхозының сауыншысы Күлжан Әуезова Ленин орденімен наградталғанда)
Қалайша қуанбасқа, шаттанбасқа?
Бола ма бүгін, сірә, мақтанбасқа?!
Өзіміздің Күлжанның өнегесін
Қызылорда емес, Москва мақтап жатса!
Қалайша мақтанбасқа, қуанбасқа, шаттанбасқа?
Жерлестің жеңісіне мақтанбас па?!
Күлжанымыз алдыңғы шепке шықты,
Партия жеңістерге аттандаса.
Қалайша қуанбасқа, шаттанбасқа?
Даңқына ауылдастың мақтанбас па?
Күн бейнесі Күлжанның төсінде тұр,
Келгенде ұлы Ленин тоқсан жасқа!
Шалқытып ағыл-тегіл сауған сүтті,
Ақтадың халқың күткен зор үмітті.
Қайырлы болсын, Күлжан, қуанышың,
Ұлы Ленин орденің болсын құтты!
Құттықтап наград алған кезіңменен,
Ортақпыз шаттығыңа өзіңменен.
Гүл жайнап Күлжан десе жан дүниеміз,
Құлпырдық қуанышты сезімменен.
Өзің озат сауыншы ең көптен бері,
Келесің жылда сүтті көптен беріп.
Оралып ауызыма келіп қалды
Бір ауыз айтқан өлең өткендегі:
«Сауыншы және айтамын Күлжанымды,
Айтпасам шыдамаймын бұл жанымды
Сиырдан 3000 литр сүт әпермек,
Күлжаным місе тұтпай мың жарымды»
Осылай үш жыл бұрын айтсам жырлап,
Өскелең өмір де алға шапшаң зырлап,
Тасуға тасыған сүт дариясын
Жол беріп цистернаға, шаршап тұр бак.
Сәтті боп социалистік жарыстарың,
Жыл сайын тек ілгері қарыштадың!
Сиырдан үш мың бір жүз литр сүт алып,
Молайттың былтыр колхоз табыстарын.
Шек бар ма сауыншының шеберіне,
Сенеміз Күлжанның іс өнеріне.
Әлі-ақ ертең әр сиыр берген сүттің
Мөлшері 4000-ға да теңелер!
Селдетіп сүт бұлағын сауса ағызған,
Сиырды саусын біздің,сауса Күлжан!
Бағалап еткен адал еңбегіңді,
Ұлы Отан айналады саусағыңнан!
Айтбай Дүйсенбаев
17.03.1960 ж.
1962 жылы Күлжан Әуезованы тағы бір жауапты сапар күтіп тұрды. Москвада өткен СССР тұтыну кооперациясы өкілдерінің VI съезіне шақырылды. Қарапайым қазақ қызы 15 одақтас республикадан жиылған еңбек майталмандарымен Одақтық мәселелерді талқылау жиынына қатысуға мүмкіндік алды. Алып державаның атынан ат үркитін аңыз адамдармен дидарласып, кейбірімен қол алысып амандасып, бір дастархан басында ас ішіп, дидарласудың сәті түсті. Әр республикадан келген делегаттар мен жеке қабылдаулар, кездесу өткізіп, партия көсемдерінің жан жадыратар жылы лебіздерін есту, ел көру, жер көру әрбір азамат үшін бір мектеп. Тағы да қазақы қалыпқа салсақ, «Жақсымен жүрсең, жақсы іс көрерсің» деген қағидаға сай «Жақсымен өткізген жарты сағат жаманның өтіп кеткен өміріндей» өмірлік тәжірибе, мектебінің дәрісіндей болған ұмытылмас сәттер.
1963 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, омырауына екінші орден «Еңбек Қызыл Ту» орденін тағады. 1966 жылы 22 наурызда СССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы қаулысымен «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, еңбеккер ана тағы бір бедел биігінен көрінді.
1969 жылы қараша айында Алматыда Қазақ ССР колхозшыларының ІІІ съезі өтетін болып, сол құрылтайға Күлжан Әуезова мен жастайынан темір тұлпарды тізгіндеп мінген жас механизатор Дәметкен Мәтенова екеуі қатысудың сәті түсті. Бұл съезде де Қазақ ССР Коммунистік партиясының орталық комитетінің І хатшысы Д.А.Қонаевпен, екі мәрте, Социалистік Еңбек Ері шиелілік дала академигі Ыбырай Жақаевпен сұхбаттас болудың сәті түсті.
Жақсылыққа ұмтылған Күлжан анамызда жақсылардан ғибрат алуға тырысты, үлгі-өнеге алды. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің 1973 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысына сәйкес Күлжан Әуезоваға «Қазақ ССР ауылшаруашылығына еңбегі сіңірген қызметкері» құрметті атағы берілді.
1971 жылы 13 маусымда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өтіп, Күлжан Әуезова сегізінші шақырылған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Қайнаған еңбек ортасынан келген Күлжан анамыз басқа аймақтарға қарағанда өз саласы бойынша көп кейін қалғанын білді. Ауыл шаруашылығының өнімін өндіруге бағытталған іс-шаралардың өзіне техника жаңалықтарын енгізуде көп кемшін тұстары көзге ұрып тұрады екен.
Ал еңбек адамдарына әлеуметтік жағдай жайлы тіпті көп нәрсе қолға алынбақ тұрмақ, ойға да келмеген екен. Ауыл еңбеккерлерінің жұмыс орындарында тынығу, жуыну бөлмелері ауыл еңбеккерлерінің түсіне енбеген нәрселер еді. Еңбек ақысы, жыл сайынғы кезекті еңбек демалысы, еңбек демалысы кезінде тынығу, емдеу-сауықтыру шаралары жайлы қарапайым ауыл еңбеккерлері білмейтін көп нәрселерді көріп, көңілге түйді. Елге келіп, ауыл аймақтарда осы мәселелерді қолға алу, орындау сынды күрмеуі қиын мәселелермен айналысуына тура келді.
Қоғамдық жұмыстармен қатар 10 бала өсіріп тәрбиелеп, «Батыр Ана» атанған Күлжан апамыздың ұрпақтары өсіп-өніп, өркен жайып, бір-бір отанның түтінін түзу етіп, келешектің көшін көрікті етуде.
Жұмабай Байзақұлы,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі.
Бесарық ауылы