Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ – ТӘРБИЕ НЕГІЗІ

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ – ТӘРБИЕ НЕГІЗІ

Дәстүр жалғастығы үзілмесе...

Атам қазақ «Қызым келіннен, ұлым елімнен ғибрат алып өседі» деп көрегендікпен айтқан. Бұл арада халқымыз көргенді ұл мен көргенді қыз тәрбиелеу мәселесін басты орынға қойып отыр. Бүгінгі бүлдіршін қыз ертең бойжетіп, бір үйдің босағасын аттап, келін болары хақ. Ал «келінді аяғынан» деп санайтын қазекем әу бастан-ақ жаңа түскен келінге сын көзбен қарайды. Ал отбасында тәлімді тәрбие алып, ибалылық пен инабаттылықты жанына серік еткен қыз бала барған жерінде бағы ашылып, құрметке бөленеді. «Тастай батып, судай сің» дейді мұндайда қазақ, яғни сол жұбайының отбасына сіңісе алған келіннің ғана ауыл-аймаққа қадірі артады. Әрине, өзге ортаға, өзге отбасына бірден сіңісе қою кімге болса да, ауыр соғары анық. Ол отбасының әрбір мүшесімен – қайын ене, қайын ата, қайын сіңлі, қайын інілерімен тіл табысып, бір мәмілеге келу – үлкен сын, қала берді, келінге артылған ауыр жүк. Бірақ даналық пен көрегендік дарыған біздің бабаларымыз ұстанған салт-дәстүрлер арасында отбасындағы сыйластықтың артуы үшін қолданылатындары жеткілікті. Соның бірі – «ат тергеу» дәстүрі. Халықтың бұл дәстүрі бойынша босаға аттаған келін күйеуінің бауырлары мен жақын тума-туыстарының атын атамай, «мырзам», «ерке қыз», «сырғалым» деген сынды аттар қояды. Бұл да отбасы арасындағы сыйластық пен құрметтің, ізеттіліктің бір белгісі іспетті. Ал бұл дәстүр – дала даналығын бойына сіңірген қазына қарттардың көрегендігінің жемісі. Өкінішке қарай, Кеңес өкіметінің кертартпа саясатының кесірінен бұл игі дәстүр қазақтан ажырай бастады. Ал бүгінгі таңдағы жаһандану бұл дәстүрімізді тіпті тамырымен жалмап бара жатқандай. Кеңес өкіметі мен жаһандану жалыны тек мұндай салт-дәстүрлерімізге ғана кесір-кесапатын тигізіп қоймай, отбасы арасындағы сыйластыққа сызат түсуіне де бірден-бір себепкер болып отыр. Соның бірі – бүгінде әр отбасындағы өзекті проблемаға айналған ене мен келін арасындағы байланыс. Бүгінде тіпті бір дастарқан басында ас іше алмайтын, бір-бірін көрсе, жыландай жиырыла қалатын енелер мен келіндер ұшырасатыны еш жасырын емес. Себеп не? Мәселенің астарына үңіліп көрелік.

«Келін – қайын ененің топырағынан»

Тіршілікте кездесетініндей кейбір енелер мен келіндер бір-бірлерін даттауға құмар-ақ. Бірақ сол ұрыс-керістің, бір-біріне деген өшпенділіктің неден туындап отырғанына ешқайсысы мән бермейді де. «Келін – қайын ененің топырағынан» деп бекер айтылмаса керек. Ендеше, келіннің жақсы болмағы ең әуелі өз анасына байланысты болса, одан кейін барған жерінде ақыл-кеңесін айтып, өмірлік тәжірибесін үйретіп, бағыт-бағдар нұсқап отыратын енеге де байланысты. Қазақтың дәстүрлі отбасында ене мен келін арасындағы қарым-қатынаста ешқандай қиындық болған емес. Ене мен келін институты ықылым замандардан ұрпақ сабақтастығы арқылы ғасырдан-ғасырға жетіп отырған. Оны бұзған тағы да кешегі кеңестік кезеңнің кертартпа саясаты. Осы кезден бастау алған «тең құқылық» қазақ отбасында ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан игі дәстүрлерге, оның ішінде осы келін мен ене арасындағы байланысқа да әсер етіп, олардың бір-біріне қарсы келуіне дейін жол ашты. Кеңестік кезең келіндерінің бірқатары қызмет пен мансапты алдыңғы орынға қойып, бала тәрбиесіне жете мән бере қоймады. Сол келіндер бүгінде ақ жаулықты ана, асыл әже атанып отыр. Бірақ олар бүгінде келін тәрбиесіне мән беріп отыр ма? Мәселенің бір ұшығы осыған да келіп тіреледі. Бүгінде салт-дәстүрден хабарсыз, келіннің қателігін сөзбен ұғындырудың орнына жерден алып, жерге салып, зіркілдей жөнелетін, ұл-қызымен, келінімен жарыса ашық-шашық киінетін, бала-шағасымен стақан қағыстыратын «современный» енелер кездеседі. Бұлар келініне дұрыс бағыт көрсетіп, жөн сілтей алмағандықтан, яғни тәрбие нәрін дұрыс себе білмегендіктен отбасында ұрыс-керіс орын алады. Тіпті мұндай «современный» енелеріміз немере бағып, болашақ ұрпағына ұлағатты тәрбие бере де алмайды. Демек, келіннің басты тәрбиешісі – ене ұлттық дәстүрден ада жан болса, отбасындағы екі әйелдің арасында сыйластықтың орнай қоюы екіталай. Ақылды да дана аналардың көрегендігі отбасындағы ынтымақтың бірден-бір себепшісі. Ендеше, келіннің «келсап» болмай, жақсы келін, жақсы жар, жақсы ана болып қалыптасуы, ең алдымен, оның еріне деген сый-құрметіне, екіншіден, қайын ененің тәлім-тәрбиесінен байланысты екен. Өйткені ене – келіннің екінші анасы. Сондықтан келіннің енеден үйренері, алар тәлімі көп. Бүгін келін болып отырған жас қыз, ертеңгі күні өзі де ене атанып, келін тәрбиелейтіні – өмір заңдылығы. Бүгін ол енесінен үйренгенін ертең өз келініне үйретеді. Міне, дәстүрлі тәрбие мектебі, осылайша, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қанат жайып кете береді. Бұл – нағыз халықтық педагогика, яғни, ата-бабаларымыз арқылы ғасырлардан бұлжымай орындалып келе жатқан заңдылық.
Қазақ тағы да «Жақсы келін – келін, жаман келін – келсап», «Келіні жақсының керегесі алтын» деп жатады. Ендеше, ене мен келін арасындағы қарым-қатынастың жақсы болуы келінге де тікелей байланысты. Жас түскен келін – бір отбасының сенім артып, оң жақтан ұзатқан қызы, үкілеп отырған үміті. Қызды «жат жұрттық» санаған бабаларымыз қыз тәрбиесіне ерекше мән берумен қатар, оның еркелігін де көтере білген. Бірақ келесі бір отбасының табалдырығын оң аяғымен аттап, сол үйдің түтінін түтетуді мақсат еткен келін ата-анасының жанындағы еркелігі мен шолжаңдығын ысырып тастап, барған жерінің болашақ анасы болуға ниет етуі қажет, яғни сол отбасының тәртібіне көндігіп, сонда қалыптасқан заңдылықтармен санаса білуі керек. Демек, келін өзінің ене алдында шәкірт екеніне мойынұсынып, үлкенге деген құрметінен ажырамағаны абзал. Егер де келін бәрін өз дегеніне көндіріп, өз тәртібіне бағындырғысы келсе, ол ортаға сіңіспей құрылған шаңырақтың шайқалып тынары да сөзсіз. Яғни біздің қоғамның ең өзекті мәселесінің бірі болып отырған ажырасу проблемасының туындауына әсер етуші фактордың бірі – осы ене мен келін арасындағы байланыс. Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда шаңырақ көтерген әрбір төртінші некенің ғұмыры ұзаққа бармайды екен. 2019 жылдың осы күніне дейін ауданда 36 отбасы заңды некеге тұрып, олардың 7-і ажырасқан. Ал, былтырғы жылы 175 отбасының 49 ажырасуға өтініш білдірген. Осыған қарап мыңдаған шаңырақ шайқалып қана қоймай, қаншама қаракөздеріміздің тірідей жетім болғанын аңғарудың өзі қиын емес. Демек, осы отбасылардың ажырасуына себептердің қатарында ене мен келін арасындағы кикілжіңнің де әсері бар екені сөзсіз.

Қазақтың келіндері-ай!

Қазіргі жастар батыстық менталитеттің құрығына ілініп, жаһанданудың жалынына жұтылып бара жатыр. Еуропалықтар болсын, орыстар болсын ата-енесін қазақтай қадірлеп, құрметтеуді міндет етпейді. Тіпті ата-енесін атымен атап, олардың көзінше бейәдеп қылық жасаудан да қымсынбайды. Бұл «ауру» қазаққа де жұқты. Тарих бетін парақтар болсақ, қазақ орыстана бастағаннан бастап, біздің ортада қарттар үйі пайда болған екен. Демек, ата-анаға, ата-енеге деген құрмет пен ізет те осы кезден жойыла бастады деуге болатындай. Қазақ қалай орыстана бастады, солай дінімізден де алыстадық. Ал біздің ене мен келін болып бір шаңырақтың астында өмір бақи тату-тәтті ғұмыр кешетін ғұрпымыздың түпқазығы исламға байланған. Енесінің соңғы демі үзілгенше баладай мәпелеп, асты-үстіне түсіп күтіп-баптайтын қазақтың келіндері қандай еді?! Бұл күнде олардың саны көп дегенге ауыз бармайды. «Ата-ананың ризашылығы – Алланың ризашылығы» екенін білетін есті ұрпақ көп болса ғой, шіркін!
Ал қазақ ауыз әдебиетіндегі қанатты сөздер, шешендік толғауларды, тіпті бертін келе жазылған көркем әдебиет беттерін парақтасаңыз, көркіне ақылы сай қаншама аналар бейнесін кездестіруге болады. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы зерделі ене Зере мен ұлағатты ана Ұлжанның ене мен келін ретіндегі қарым-қатынасы бүгінгі қоғамдағы ене мен келін арасындағы байланысқа өнеге болары хақ. Ал Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат» атты прозалық жинағындағы келін Нағиманның енесінің әрбір сөзін екі етпей, төредей сыйлап, ибалы да инабатты келін ретінде өзін көрсетуі ше? Бұл да нағыз қазақ келінінің бейнесі деуге болады.
Осы орайда оқырман пікіріне де құлақ салып көрейік.

Айман келін:
– Меніңше, екі жақтан да сыйластық қажет. Қанша дегенмен ене – көпті көрген адам. Жаңа түскен келінді күндей бермей, оған өзінің көрген-білгенін, өмірден түйгенін үйрете білуі қажет. Мен келін болып түскен кезден бастап-ақ енем тырнақ астынан кір іздеуді қоймады. Менің істеген істерімнің ешқайсысы жақпады. Тіпті төркінімді кемсітіп, артымнан келген жасауға дейін кемшілік тауып отырды. Мен кейде енемнің айтқан сөздерін анама айтып барсам, ол «үндемей-ақ қой, сіздікі дұрыс дей сал, үлкен адам ғой, бетінен алма, өзі түсіне жатар» дегеннен басқа ешнәрсе айтпайды. Анамның айтқаны дұрыс шығар деп, бастапқыда үндемей іштен тынып жүрдім. Шаңырақ көтергенімізге бір жыл болмай жатып, «неге бала көтермейсің» деп тағы шаптықты. Ақыр аяғы күйеуіме жамандап, екеуміздің сүттей ұйып отырған отбасымыздың арасына да кикілжің түсе бастады. Ақыры шыдамым таусылып, ажырасуға бел будым.

Алтын апа:
– Мен өзім ұл тәрбиелеп, келін ұстап отырған анамын. Осыдан біраз уақыт бұрын ауруханаға жатып шықтым. Сол жерде қыз-келіншектер маған балам мен келінім келген кездегі біздің қарым-қатынасымызға қарап таңғалысты. Олар «келініңізге өз қызыңыздай қарайды екенсіз, балаңызды да қызғанбайды екенсіз» дейді. Мұның несі таңғаларалық?! Құдайға шүкір, мен келініммен алты жыл бірге тұрып келемін. «Сен» десіп, жүз шайысқан жоқпыз. Өйткені мен әуел бастан «өз анам мен енемнің келіндерімен қарым-қатынасының жақсы жағын алайын, қателіктері болса, қайталамайын» деген көзқараста болдым. Келін алам дегеннен өзімді жұмсартуға, шыдамдылыққа, керек жерде шегіне білуге үйрете бастадым. Себебі бауыр етің балаңның бақытты болғанын қаласаң, келген келінді шын ниетіңмен қызыңдай қабылда. Ақымақ болмаса, келін бауырыңа кіреді. Мен келініме келген кезде-ақ: «Сені өз қызымдай қараймын, енемнен өзім ала алмаған қамқорлықты жасаймын. Бағаласаң бақытың, бағаламасаң уақыт көрсетеді», – дедім. Аллаға шүкір, ол да бірден түсініп, мені анасындай құрметтей білді. Бүгінде келінім бәрін менімен ақылдасып шешеді. Ұлыма – асыл жар, немереме ана болып отыр. Ал «ананың баласын қызғануы» дегенге келсек, ұлдың анаға деген махаббаты мен жарына деген махаббаты екі түрлі нәрсе дер едім. Ұл анасын «өзін дүниеге әкелген, тәрбиелеген адам» деп жақсы көрсе, әйелін – жар, балаларының анасы, өмірлік жолдасы ретінде жақсы көреді. Ақылды жігіт болса, ананың да, әйелдің де көңілін тауып, екеуінің де махаббатының шуағына бөленеді. Жалпы, барлығы – адамдардың бір-біріне жақсы көзбен қарауында. Жақсы нәрсені көрем десең, соны көресің. Ал тырнақ астынан кір іздеп отырсаң, мін табылады. Себебі кемшіліксіз адам болмайды.
Бір ғана нәрсені түсінсек болды, ол – осы қысқа өмірде бір-біріңді сыйлап, оң көзқараспен қарау. Әсіресе көп нәрсе, үлкендерге – бізге байланысты, қандай ұрпақ өсірдік, оған қандай тәрбие бердік… Міне, осы турасында кеңірек ойланғанымыз абзал болар.
Қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп жүрген Зейнеп Ахметова баспасөзге берген сұхаттарының бірінде келін мен ене қарым-қатынасы жайлы былай деген екен:
“Қазіргі келіндердің бәрі бірдей шетінен сүттен ақ, судан таза деуден аулақпын. Ол әрине, үйде көрген тәрбиесіне, ұшқан ұясының тектілігіне байланысты. Дегенмен әңгімені енелерге бұрғым келеді. Қазақ жат жұртқа келген келінге тұра бас салып зекімеген, ешқашан жасытпаған, әбден сол үйге балдай батып, судай сіңгенше қамқор болып, көңіліне қаяу түсірмей тәрбиелеуге тырысқан. Ал, қазіргі енелердің көбісі келінін кемсітуге, сыртқа шығып жамандауға дайын тұрады.
“Келін ененің топырығынан” деген бекер айтылмаған, сондықтан ене бірінші болып келініне мейіріммен қараса, шектен шыққан жері болса айыптаудан бұрын, ақылмен, жылылығымен жөнге салса, келіннің келсап болмасы анық. Өзім де келінді болдым, немерелерімді бақтым, алдымен қамқорлығымды аямадым, жемісін Аллаға шүкір, көріп отырмын.
Жат жерге келген келін неге өзін еркін сезінбеуі керек? Неге өз ойын ашық айтпауы керек? Көзге тура қарау, ойыңды ашық айту деген маған атамнан қалған тәрбие, өсиет. Мен оны өз келініме де үйреттім. Одан жаман болмадық. Баламды үйлендіре салысымен бөлек отау етіп шығардым. Мұны да мен ата-баба салтын сақтау мақсатында орындадым. Қазағымнан қай өнеге, қай мәдениет, қай әдеп қалған дейсіз...
Жасырары жоқ, талай қазақ келіндерінің бұйығы болып қалуы сол ененің дұрыс бағытты сілтемей, керісінше зекіп, басып тастауы, оның іштен тынып, ашылмай қалуына, қала берді туыс-жарандармен аралас-құраласы жараспай кетуі де соның кесірінен болып жатады.
Баласын келініне қарсы қойып, өзін құрбан етіп көрсететін енелер де бар. Ең өкініштісі, осылардың ішінде енелердің көпшілігі ертеңгі ұрпағының қамын ойлаудан қалып барады. Қалай дейсіз ғой? Бұл – әрине, өкінішті үрдіс.
Әже болғысы келмейтін енелер көбейді. Немере бағудан гөрі ел кезіп қыдырып, шетел аралап, жанын күйттеп, санаторий, курорт жағалағанды жөн көретін болды. Жинала келе бұл үрдіс ұрпақ тәрбиесінің әлсіреуіне әкеп соқтыруда. Бізді кезінде анамыз 6-7 жасымызда-ақ ас үйге кіргізіп жіберген еді. Өз басым 8-9 жасымда нан илеп, қамырды қағаздай қылып жазып, кесте төгіп, іс тіктім. Сенсеңіз, соның бәрі келін болған уақытымда шын пайдаға асқан еді.
“Қызым, саған айтам, келінім сен тыңда” – өте үлкен психологиялық тәрбие мектебі. Оны келіннің меңгеруі мен оған меңгерте білудің жетіспей жатқаны рас-ақ...”
Қорыта айтқанда, ене мен келін бірін-бірімен сыйласып, шаңырақтың шайқалмауын ойлауы басты қағида болуы қажет. Ене келіннің кемшілігін түзеп, білмегенін үйретіп, балалығын кешіріп, қызындай көрсе, ол – ақ жаулықты ананың көрегендігі. Келін де соған сай өзі аттаған босағасының болашағына бейжай еместігін аңғартып, ата-ене алдындағы келіндік міндетін естен шығармай, енесінің қателіктеріне көз жұма қарағаны жөн. Психологтардың пікірінше, ене мен келін арасындағы түсініспеушілік, бір-бірімен жиі шекісіп қалуы олардың әлеуметтік білімсіздігінен, психологиялық сауаттарының, ішкі мәдениетінің төмендігінен болады екен. Бұл – тәрбиенің бір бөлігі. Сондықтан ұлттық тілімізден, ділімізден, дінімізден ажырамай, ата дәстүрімізден ауытқымай, ұрпақ бойына ұлттық тәрбие ұрығын себе білуміз – басты міндет.

Майя ҚОЖАБАЙ
18 мамыр 2019 ж. 1 031 0