Қаламым – қанатым: жаңа туындының тұсауы кесілді
Жақсы кітап – жан азығы. Ойлы оқырманның олжасына жаңа туынды жарыққа шықты. «Қаламым – қанатым» атты жинақтың авторы – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Тіл жанашыры» белгісінің иегері Дәметкүл Құмақбай.Биыл асқаралы алпыс жасқа толған қаламгер – Тереңөзектің тумасы. Бұған дейін аудандық газетте жарық көрген «Тағылымды тағдыр, тегеурінді қалам» атты мақаламызда Дәмеш апайдың өмір жолы мен еңбек жолы турасында сөз қозғап, алғашқы қызметті қаламгерлердің қарашаңырағы аудандық редакциядан бастағанын айтып өткен едік.
Апта ағымында «Руханият орталығында» мәні мен маңызы зор іс-шара өтті. Сөздің киесін, кітаптың қадірін ұққан зиялы қауым өкілдері жаңа кітаптың тұсаукесеріне жиналды. Орталық кітапхана залында өткен жиынды кітапхана директоры Рүстембек Байділдаев жүргізсе, сиясы кеппеген кітаппен танысуға ынталы жандардың қарасы қалың болды. Өз кезегінде ардагерлер мен тілектес жандар жаңа кітаптың оқырманы көп болуын тілге тиек етіп, ақ тілегін арнады. Жиынды ашып берген ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев кітап оқудың маңыздылығы туралы айтып өтті.
– Бүгін біз ерекше рухани кештің куәсі болып отырмыз. Жергілікті қаламгер қарындасымыздың жаңа кітабының тұсаукесері – бұл тек бір адамның еңбегінің жемісі ғана емес, тұтас елдің мәдениеті мен руханиятының мерекесі. Кітап – адамзаттың асыл қазынасы. Ол – өткен мен бүгінді жалғап, болашаққа жол көрсететін шамшырақ. Кітап оқыған адам ойлы болады, жүрегі жұмсарады, өмірге деген көзқарасы тереңдейді. Әсіресе бүгінгідей ақпарат тасқыны мол заманда кітаптың орны бөлек. Себебі кітап бізді сабырлыққа, пайымға, ізгілікке тәрбиелейді. Қызмет жолын аудандық газеттен бастап, бүгінде бас шаһарда еңбек жолын жалғап жүрген Дәметкүл Қонысбайқызына тілеулеспіз. Оның шығармаларынан шынайылық пен тазалық, сүйіспеншілік анық сезіледі. Осындай туындылар арқылы ол тек оқырманын емес, тұтас қоғамды тәрбиелеуге үлес қосып келеді. Бүгін тұсауы кесілгелі отырған кітап – автордың жүрегінен туған, өмір тәжірибесімен суарылған құнды еңбек деп білемін. Бұл кітап әрбір оқырманға ой салып, рухани байлық сыйлайды деген сенімдемін, – деді ізгі тілегін жеткізген Мұса Алпысбайұлы.
Одан кейін тіл жанашыры Шаһарбек Нұрсейіт, ардагер-ұстаздар, қаламгердің дос-жаран, туыстары ақжарма тілегін арнады. Өз кезегінде «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар сөз сөйлеп, партия филиалының атынан арнайы құттықтауды табыс етті. Құттықтаулар кезегі одан әрі жалғас тапқанын айта кетейік. Кеш иесіне салтанатты жиында Туризм және спорт министрі Е.Мырзабосыновтың, Спорт және денешынықтыру істері комитетінің «Астана» Олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК директоры орынбасары А.Бектенованың, «Қазақстандық спорт ардагерлері одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасы Е.Қанағатовтың, сондай-ақ аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың құттықтаулары табыс етілді.
Айта кетейік, келген қонақтар ең алдымен арнайы кітап көрмесімен, автордың шығармашылық әлемімен танысты. Сондай-ақ арнайы дайындалған бейнеролик арқылы кейіпкеріміздің жүріп өткен жолы өткен күннен сыр шертетін суреттермен көрініс берді. Кеш барысында төл туындының тұсауы кесіліп, лентасы қиылды. Автор «Қаламым – қанатым» атты туындысын аудандық кітапхана игілігіне арнайы табыстады.
Бұл – автордың алғашқы кітабы емес. Бұған дейін «Тұмардай таққан гауһарым» атты кітабы ойлы оқырманның жүрегінен жол тапты. 2022 жылы жарыққа шыққан туынды бүгінде жалғасын тапты. Кітап 280 беттен тұрады. Алғысөзін кейіпкеріміздің әпкесі, ардагер-ұстаз, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Үміткүл Жұмабаева жазыпты. Бүгінде 200 дана таралыммен жарық көрген кітап барлығы бес тараудан тұрады. Алғашқы тарау «Қалам сыры» деп аталып, мұнда мөлтек әңгімелер жинақталған. Екінші тарау «Көңіл қымбат» делініп, портреттер жинақталса, үшінші тарау «Жан жарасы» деп, мұнда ой-толғамдар енгізілген. Ал төртінші тарауда автор туралы ақпаратты тілсіз тарих – суреттер арқылы көріп шығуға болады, бұл бөлімде естелік суреттер бар. Бесінші тарау «Өзгелер мен туралы» деп аталған. Бұл бөлімде Дәметкүл Қонысбайқызы туралы пікірлер, салмақты ойлар, арнау өлеңдер жинақталыпты.
Негізінен Дәметкүл Қонысбайқызы – сыршыл, жаны нәзік жазушы деп білеміз. Оның шығармалары оқушысын бір демде-ақ елітіп әкетеді. Сиясы кеппеген бұл кітап та бір деммен оқылатын туынды. Оның шығармаларында оқырман кейіпкермен тілдеседі, сырласады, мұңдасады. Ерекше әсерге бөленіп, тағы да жаза түссе дейді. Өзі сыршыл қаламгердің бұл туындысы да ерекше дизайнға құрылған екен. Алдағы уақытта сөреде тұрмай, қолдан-қолға өтіп оқылатын шығармаға айналатынына біз де сенімдіміз.
Өз кезегінде автор қонақтарға, жанашыр жандарға шынайы алғысын білдірді.
– Мені қаламгерлік жолға жетелеген ата-анама Алланың рақымы болсын. Анам да, әкем де өте еңбекқор жандар еді. Өздері шаруаның адамы болғанымен, бізге оқудың, білімнің қадір-қасиетін үйретіп өсірді. Бала күнімізден газет, журнал, кітап оқып өстік. Әкем «әсіресе, қыз бала білім алып, оқуы керек» деп біздің білімді болуымызға бар күш-жігерін арнады. Одан кейін «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген бекер айтылған сөз емес. Ұстазым Жоламан ағай менің қысқа ғана мақаламды аудандық газетке апарып, сол кездегі қаламгер ағайлардың пікірін, батасын алғаным есімде. Бала арманы биік маған шығармамды газет бетінен оқу ерекше күш-жігер сыйлады. Одан кейін менің шығармашылық жолымның қалыптасуына әпкем Үміткүлдің қолдауы зор болды. Бала күнімізде менің жазғандарымды анаммен бірге почтаға апарып, республикалық газеттерге салып жібереді екен. Бір күні қарасам, сол кездегі белгілі газет-журналдарға шығып жатады. Әпкем – қазіргі күні де менің қолдаушым, тірегім. Бұл кешке маған, әдебиетке жанашыр жандар жиналып отыр деп білемін. Баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Дәметкүл Қонысбайқызы.
Қорыта айтқанда, жаңа кітап – оқырманды терең ойға жетелейтін, жүрекке жылу сыйлайтын тағылымы мол туынды. Автор өмірдің шынайы көріністерін көркем тілмен өрнектей отырып, адамдық құндылықтарды, ізгілік пен мейірімді алдыңғы орынға қоя білген. Осындай еңбектер арқылы рухани әлеміміз байып, ұлттық әдебиетіміздің көкжиегі кеңейе түседі. Кітап – бір оқып қана қоятын дүние емес, қайта-қайта оралып, әр жолынан жаңа мағына табатын қазына. Бұл туынды өз оқырманын тауып, жүректерге жол тартатынына сенім мол.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ









