Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала қалай өтірікшіге айналады?

Бала қалай өтірікшіге айналады?

Патологиялық өтірікші - өтірік айтпай тұра алмайтын және өз өтірігіне өзі сенетін адам. Ондайларды мамандардың бірі сырқат, психикасы бұзылған адам деп есептесе, бірі өтірік айтуды жай әдет деп қарастырады. Baribar.kz психолог Аида Өтемісовадан баланың қалай өтірікшіге айналатыны жөнінде жауап алды.

Психологтардың айтуынша, өтірік айту немесе псевдология бірнеше жыл немесе, тіпті, өмір бойы созылады.

Психолог Аида Өтемісова баланың өтірікшіге айналуына қоршаған ортасы, ата-анасы әсер ететінін айтты.

Бала айналасындағылардың талабынан шыға алмаса, содан ол күйзеліске ұшырайды. Кейін бала кей нәрсені ойындағыдай етіп құрастырып алады, – дейді ол.

Психолог мұндай жағдайда баланың қай кезде өтірік айтатынына көңіл бөлуге кеңес береді.

Баланы өтірікші демес бұрын неге жалған сөйлейтінін біліп алу керек. Бала бірнәрсені бүлдіріп, сіздің көңіліңізді қалдырмас үшін немесе жазадан қашу үшін өтірік айта салу шындыққа қарағанда әлдеқайда оңай деп ойлайды. Себебі баланың миында “мені бәрібір түсінбейді, тыңдамайды” деген түсінік жатталып қалған, – дейді Аида Өтемісова.

Психологтың айтуынша, кейде ата-ана баланы жалған сөйлеуге өздері мәжбүрлейді. Мысалы, бала бірнәрсе бүлдірсе, ата-ана оған ұрсады, айқайлайды. Ол содан күйзеліске ұшырап, екінші рет қайталанса, шындықты жасыратын болады.

Көптеген ата-ана баланың ой-пікірін елей бермейді, оған жауапкершілік жүктей бермейді. Содан қорқақ пен өтірікшіні өздері жасап шығады. Еркелеп, ешкімнің қарсылығын естімей өскен балада жасөспірім жасқа келгенде комплекс пайда болады. Ол 14-15 жасында сырын ата-анасына айтуға, ашық әңгімелесуге қысылады. Себебі оның кішкентай кезінде мәселені ата-анасымен ақылдасып шешу тәжірибесі болмаған, – дейді ол.

Баланың жан дүниесін зерттеуші мамандар балаға сұрақ қойғанның өзінде ол өтірікке сұранып тұратындай болмауын қадағалау керек екенін айтады. Мысалы, сұрақты “Сабағыңды оқыдың ба?” деп емес, “сабақ оқымапсың ғой” деп сөйлеген жөн.

baribar.kz
04 мамыр 2019 ж. 872 0