МӘҢГІЛІК МЕКЕНІ – ИТАЛИЯДА...
СОНАУ МОҢҒОЛ ЕЛІНЕН ЕЛШІ ДОС ХАБАРЛАСТЫ. ӘРІПТЕСІ, АЛМАТЫДАҒЫ Қ.СӘТБАЕВ АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТТІҢ ПРОФЕССОРЫ ГҮЛНӘР МАЛБАҒАРҚЫЗЫ МЕҢДІҚҰЛОВА ИТАЛИЯДАН ТЕРЕҢӨЗЕКТІК МАЙДАНГЕРДІҢ МӘҢГІЛІК МЕКЕНІН ТАУЫПТЫ.
– Соғыста тұтқын, шейіт болған, хабарсыз кеткен қандастарымызды шетелден іздестірумен айналысамыз. Былтыр Франциядан сегіз қазақ майдангерінің дерегін, бейітін таптық. Өткен жылы шетел архивтерінің деректері бойынша қандас майдангерлердің бір томдығын шығардық. Кітап бес тілде. Қазақ, орыс, француз, италян, норвег тілінде жарық көрді. Тереңөзектік партизан майдангердің дерегін жақында Италиядан таптым. Аты-жөні Жұмахмет Төлебаев, – дейді тарих ғылымының докторы.
Жұмахмет Төлебаев 1919 жылы туған. Соғысқа дейін Тереңөзектің бесінші ауылдық кеңесінде тұрған. Ол 1939 жылдың 13 ақпанында Қаз.ССРі , Қызылорда облысының, Тереңөзек аудандық әскери комиссариат арқылы әскерге шақырылған. Майдангер 1942 жылдың мамырынан бастап хабарсыз кеткен. Соғыстан кейін, Жұмахметке әкесі Смағұл Төлебаев іздеу салған. Бірақ, одан нәтиже болмаған. Өйткені, қазіргідей мүмкіндік ол кезде қиял ғана еді. Сонымен қатар, майдангер дерегін кеш, жақында табылуына аты-жөнінің дұрыс жазылмауы себеп болған. Құжатта Төлебаев “Төлекбаев” болып жазылған. Тарихшылар деректі қайта-қайта салыстыра отырып, шындыққа көз жеткізген.
– Майдангер партизан 25 жыл ғана өмір сүріпті. Италияда Төлебаев және басқа да партизандар жерленген мәңгілік мекенді Италия партизандары Ұлттық Ассоциясының жергілікті бөлімшесі қамқорлыққа алған. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Италияға сапарға шығу жоспарда тұр. Майдангердің басына барып, құран оқытамын. Туған-туыстары табылып жатса, менімен хабарлассын, – дейді Гүлнәр Малбағарқызы.
Елінің тыныштығын қорғау жолында тереңөзектік өрен сонау қиян шеттегі Италия елінде ажал құшты. Ақтық демі шет жерде үзілді. Дегенмен, “Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайтыны” арада 70 жылдан астам уақыт өткенде Жұмахмет атамыздың дерегінің табылуымен құнды болып отыр.
P/S: Тарихтың қатпарын ақтарып, шетелден қандастарымыздың дерегін табуға жұмыс жасап жүрген, тарих ғылымының докторы, профессор Гүлнәр Малбағарқызы Меңдіқұлованың байланыс телефон нөмірі редакцияда екенін қалың оқырманның есіне саламыз!
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ