Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕСІМІ ЕРЕКШЕ АҒАЙ

ЕСІМІ ЕРЕКШЕ АҒАЙ

ОЛ ОТБАСЫНДА ЖАЛҒЫЗ БАЛА ЕКЕН. АРНАУЛЫ ОҚУ ОРНЫН БІТІРГЕННЕН КЕЙІН ЖОЛДАМАМЕН 1 МАЙ МЕКТЕБІНЕ (ҚАЗІРГІ №137 ОРТА МЕКТЕП) ЖІБЕРІЛІПТІ. МАМАНДЫҒЫ БОЙЫНША ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСЫП, САЛТ БАСТЫ ЖІГІТ АНАСЫН ҚОЛЫНА КӨШІРІП АЛЫПТЫ. КЕЙІН ОСЫ АУЫЛДЫҢ АРУ ҚЫЗЫНА ҮЙЛЕНІП, БӘЙТЕРЕКТЕЙ ТАМЫРЫН КЕҢГЕ ЖАЙҒАН.
Біздің кейіпкеріміз Молот Жүнісов Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищені бітіргеннен кейін өткен ғасырдың алпысыншы жылдардың бас кезінде 1 май мектебіне жұмысқа орналасып, бір орнында отыз жылдан астам еңбек етіп, зейнетке шыққанша жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берумен айналысты. Өзі де нағыз ұстазға лайық жан еді. Өзгелерден есімі де ерекше, тал бойына түрлі өнерді жинақтаған бұл ағайдан оқушылар тұрмақ, жас ұстаздардың өзі көп өнеге алатын. Ол еңбекқор, қолынан келмейтіні жоқ бесаспап, өнерлі жан еді. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары бола жүріп, қабырға газетінен бастап, мектептің көркемөнерпаздар үйірмесінің жұмысын ұйымдастыруға, түрлі тәрбиелік мәні зор шаралар өткізуге басшылық жасайтын. Жай ғана басшылық жасап қана қоймай, қабырға газетіне өлең жазатын, көркемөнерпаздар үйірмесінде домбыра, мондолинада ойнайтын. Кез келген көлікті машина, трактор, мотоцикл, мопед тағы басқаларды жүргізе беретін. Футбол, волейбол, үстел теннисі, шахмат тағы басқа спорт түрлеріне жақын еді. Кеңес үкіметінің тұсында мектеп оқушыларын Қазан қаласына бастап барып, Татарстанның астанасында мондолина шертіп, қазақтың әндерін тамылжыта шырқағанда сол көрініске куә болған көпшілік өнерлі жанға ризашылық білдіріп, қол соғыпты.
Молот ағаның үйі мектептің жанында тұрды. Демалыс күндері қарауылдық қызметті де атқара беретін. Ұлболсын жеңгей екеуі есік алдындағы бақшасына түрлі жеміс ағаштарын егіп, дастарханынан қысы-жазы көкөніс үзілмейтін. Ағамыз сонымен қатар құралайды көзге атқан мерген. Демалыс күндерін мазмұнды өткізіп, аң, балық аулауға бейім еді.
«Өмір сүру – дүние жию емес, дүние жасау» деп данышпан Аристотель айтқандай Молот аға дүниеге қызықпайтын. Өзінің бойындағы жеті өнерін шәкірттеріне, балаларына дарытудан жалыққан емес. «Әке көрген оқ жонар» дегендей балалары да бүгінде бір-бір кәсіптің құлағын ұстаған, адамгершілігі зор, мамандықтарына адал азаматтар.
Осы жолдардың авторы М.Жүнісовпен сексенінші жылдардың бас кезінде бірге жұмыс жасады. Біздер жас ұстаз болғандықтан ағаның жастарға деген қамқорлығы ерекше болды. Баршамыз сол бір өнерлі, қарапайым, мейірбан ағаға ұқсауға тырысатынбыз. Сондықтан көп білуге, спортқа жақын болдық.
Ол кісіге Молот есімінің неге қойылғанын сұрамаппыз. Жастық па, әлде, сол заманға лайық есім ғой”, – деп есептедік пе, пролетариат жұмысшысының құралы – балға да, шаруаныкі – орақ емес пе? Тәйірі атта тұрған не бар дейсің. Бірақ, азаматтығына, кез келген өнерден хабардарлығына тәнті едік.
Елбасы “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында: “Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану мінез-құлықтың прагматизмі деген осы”, – деп атап көрсеткен болатын. Ұлағатты ұстаздың кейінге тастап кеткен үлгісі осы қағидаға сай келеді.
Ұлағатты ұстаздың үздік шәкірттерінің бірі ақын Бағдат Есназар жақында өзі басқаратын мектепте ардақты ұстаз М.Жүнісовтың рухына арнап апталық өткізіп жатқанын, онда ағайдың үлкен қызығушылықпен ойнаған спорт түрлерінен жарыс өткізілетінін айтты. Қазіргідей рухани жаңғыру кезінде ауылдағы руханиат ордасы – мектепке еңбек сіңірген ұстазды құрметпен еске алып, оның асыл қасиеттерін санада жаңғырту – жас ұрпаққа үлгі-өнеге болатын тәлімді іс десек артық айтпаймыз. Апталықта шахматтан, үстел теннисінен, дойбыдан, ләңгіден, асық атудан, кубик-рубик құрастырудан және эссе жазудан байқау ұйымдастырылған. Осы жарыстан көптеген оқушылар үздік атанып, бағалы сыйлық пен алғыс хатқа ие болыпты. Сөйтіп, ардақты ұстаз Молот Жүнісов еңбек еткен білім ордасында оның өмірінің жарқын кезеңдері жас ұрпаққа таныстырылып, ғибрат алатындай шара өткізілген. Бұл бір жағынан ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
23 наурыз 2019 ж. 973 0