Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨЗ ТИГЕН БАЛАНЫ ҚАЛАЙ ЕМДЕЙДІ?

КӨЗ ТИГЕН БАЛАНЫ ҚАЛАЙ ЕМДЕЙДІ?

Ел ішінде «көзі жаманның көзінен, сөзі жаманның сөзінен сақта» деген тәмсіл болса, Араб халқында «көз түйені қазанға, батырды қабірге түсіреді» деген мақал бар екен. Қысқасын айтқанда, көз тию деген бар нәрсе. 

Балаға көз тиюге көп жағдайда өзіміз себепкер боламыз. Имунитеті толық қалыптаспаған кішкентай баланы «өнерлі, биші, әнші…» деп қаншама көздің ортасына итермелейміз. т.с.с. Кез келген аурудың өткір, орташа, жеңіл болып бөлінетіні секілді тіл-көздің де тікелей және жанай тиюі бар. Балаға тіл-көздің сұғы қатты өтіп кетсе, ол өте қауіпті жағдай. Көздің әлсіз немесе қатты тиюіне байланысты өз белгілері болады. 

Көздің сұғы өткір тиген баланың арқасына немесе бетіне қара дақтар пайда болады. Емшек ембей қалады. Омыраудан шыққан бала болса, аузына тамақ апарсаң басын алып қашады. Бұл өткір тигендегі жағдай. 

Ал жанай немесе жеңіл тисе бала мазасызданып, тамаққа бұрынғыдай тәбеті тартпай, тек сүтті ғана қорек етеді. Көңілі жабырқау тартып, айналасында болып жатқан нәрселерге елең етпейді. Еш нәрсеге зауқы соқпай, мелшиіп отыра береді. 

Дәрігерлер көз тиген балаға ешқандай диагноз қояа алмайды. Бұл медициналық жолмен емдейтін ауру емес. Шариғатта көз тиген баланы емдеудің үш түрлі жолы айтылады. 

Бірінші, егер балаңызға көзі тиген адамды мөлшерлеп білсеңіз, (кейде үйіңізге бір ғана қонақ келіп, балаңыз ауырып қалатын жағдай болады ғой) оған жағдайды түсіндіріп айтып, жеңіл дәрет алғызып, дәрет суының қалғанымен баланы шомылдырсаңыз, дереу сауығады. 

Екінші, көзі тиген адам белгісіз жағдайда «Фатиха», «Ықылас», «Фәлаһ», «Нас», «Аятул күрсі» сүрелерінің біреуін оқып, денесін толықтай сипалап шығасыз. 

Үшінші, «Фатиха», «Ықылас», «Фәлаһ», «Нас», «Аятул күрсі» сүрелердің біреуін таза суға оқып, балаға ішкізесіз. 

Болмаса, жақын жердегі мешітке апару керек. Имам жоғарыдағы сүрелерді және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) тіл-көз тию немесе өзге ауруларға Алладан шипа тілеп үнемі оқитын дұғаларын оқып берсе болғаны. Мысалы, мына дұға: «Би-сим-Лляхи, йубри-кя, ва мин кулли дағин йашфи-кя, ва мин шарри хасидин иза хасада, ва мин шарри кулли зи ғайн!». Қазақша мағынасы: «Қызғаншақтың қызғаныш кесірінен, көз сұғының пәлесінен болған әрбір әлсізді аурудан құтқар деп Алладан сұраймын». 

Бұл жерде ескеретін жайт имамды тәуіп, бақсы, балгер, сиқыршы дегендермен шатастырып алып жүрмеңіз. Егерде оларға барсаңыз сіздің балаңызға істеген барлық дұрыс амалыңыз теріске айналып кетпек. 

Мынадай бір жайды есіңізге берік сақтаңыз. Сіздің балаңызға біреудің тіл-көзі тиеді екен, ал сіздің тіл-көзіңіз біреудің баласына тимеймей ме? Әрине тиеді. Ол үшін не істеу керек? 

Бөтен баланың әдемілігіне қатты сүйініп, таң қалған жағдайда «Алланың құдіреті», «Алланың жаратқаны», «Мәшаллаһ» деп айту қажет. Ақиқатында, өз көзіңіз бен сөзіңіздің сұғын қайтаратын бірден-бір амал – оның тек ғана Алла тарапынан болғанын айту.
16 наурыз 2019 ж. 2 029 0