Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АЛТЫН БОСАҒАҢ БЕРІК БОЛСЫН

АЛТЫН БОСАҒАҢ БЕРІК БОЛСЫН


Басылым бетерінен бір ғибратты әңгіме оқығаным бар.
Аспаздығымен, тағамдарының дәмділігімен аты шыққан бір әйел ұлы мен келінін кешкі асқа үйіне қонаққа шақырады. Үйде басқа да қонақ болады. Баласы мен келіні дастарханға жайғасып, дәмнен алғандарында күтпеген жағдай орын алады. Анасының жасаған тамағы адамның тәбетін қашыратындай өте жаман болған еді. Жасаған тәтті бәліштерінен жағымсыз иіс шығып тұрды. Картоптары жартылай піскен, кей тағамдары күйіп кеткен болатын. Ұлы келіншегіне білдірмеуге қанша тырысса да, бәрібір жүзінен байқалып тұрған еді. Біраз уақыттан соң, тамақтарын жеп болып, жастар аналарының батасын алып, қош айтысып, үйлеріне кетеді. Ұлы мен келіні кеткен соң, әлгі қонақ әйелден: «Сіз тамақты жақсы пісіретін едіңіз ғой, неге бүгін тамағыңыз дәмсіз болды? Әлде ауырып тұрсыз ба?» деп сұрайды. Әлгі әйел күлімсіреп: «Жоқ, бәрі дұрыс. Әдейілеп осылай жасадым. Бұдан былай ұлым қайта-қайта менің тамағымның дәмділігін айтып, әйелін ренжітпейтін болады», – дейді.
Кейбір ата-анадан балаларын ұядан ұшырғанын қабыл ете алмайтындар болады. Жастар арасында сәл түсініспеушілік туындағанын естісе дереу араласып, әркім өз баласын жақтап, айқайшу көтеріп, жағдайды одан сайын өрбітетіндер бар. Одан қалса құда-құдағилардың өз араларында шен, абырой бөлісе алмай жастарды ажыратып алуға даяр тұратындары да аз емес.
Негізінде, ата-ана балаларын өз жағына қарай тарта берудің орнына әркім өзін қарсы тараптың орнына қойса, түсінбеушілік өздігінен шешіледі. Сондай-ақ, қыз тарапы ұл жағына өтіп, ұлдың жақтаушысы болып, ал ұл тарапы қызды жақтауға тырысса, екі жақта да бір-бірін разы қылуға деген жарыс басталып, екі жақ та тыныш болады. Ғасырлар бойы мұсылмандар осылай әрекет еткен.
Ерін сыйламаған әйел туралы қасиетті дінімізде де айтылған емес пе?! Ерің ол пірің, оның қасқабағына қарап, күлімдеп шығарып салып, күтіп алу қасиетті борышың демейтін бе еді?!
Алла Елшісінің (с.ғ.с) мүбәрәк қызы Рукийә анамыз күйеуі хазреті Османға шағымданып келгенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ей менің қызым! Егер Алла Тағаланың разылығын және менің разылығымды қаласаң, бір сәтке де аялдамай үйіңе бар, Османның аяқтарына жығылып, кешірім сұра. Әйтпесе, Хақ тағаланың құзырында да, менің құзырымда да орның қалмайды» деп көп кідіртпей үйіне қайтарған.
Ата-ананың балаларының ішкі мәселелеріне араласа беруінің себебі ата-ананың тым балажан келуінен, жақсы көргендіктен болатын дүние. Бұл қалыпты нәрсе. Алайда, шектен аспауға мұқият болу керек. Барлық мәселеде болатындай жақсы көру мәселесінде де шектен аспай, тепе-теңдікті, тыныштықты бұзбайтын орта жолды ұстану керек. Хадис шәрифтерде де «Істердің ең жақсысыуасат (орта жол) болғаны», «Тым асыра сілтеген адам құриды» делінген. Ата-ана да, балалар да құқықтарының шегін біліп, бұдан аспауға мән беруі керек.
Қандай көрегендік десеңізші?! Баяғының адамдары балаларын осылай тәрбиелесе, балаларының шаңырағының беріктігін әу бастан ойлаған. Ал, қазіргі жағдай мүлде басқаша дер едік. Өмір бойы жиып тергенін баласының тойына шашып, дүркіретіп думандатқан отбасында көп ұзамай жанжал туындап, жас жұбайлардың айрылысуы жиі орын алуда. Оған мысалды алыстан іздеп жатудың қажеті жоқ. Өзіміздің ауылда көпті көрген қарияның үйінде жас келіні төркініне кетуді әдетке айналдырған. Оның бұл қылығына мән бермейтін халге жеткен отбасында қайдан береке болсын. «Аяғы ауырласа қояр» деген үмітпен қарт ененің үміті де ақталмады. Қолына бөпесін құшақтап, төркіндетуді жалғастыра береді. Ақырында, шыдамы таусылған қариялар келіннің бұл қылығын қоюдың амалын ойлап, баласына бөлек шығуын сұрайды. Бұл сөзіне таңғалмақ түгелі, ойланбастан келісе кеткен баласы қарт ата-анасына қарайламастан бөлек шығып кетеді. Қарашаңырақтың егесі деп үкілеген үмітінен үзілген қайран әке-шеше күннен-күнге қуарып, күндерін күнелте береді.
Қандай қатыгез өмір десеңізші?! Баласын бағып-қағып, аяқтандырып, енді «немере сүйемін» дегенде баласының бір шүйкебастың соңында кете барғаны өкінішті. Бұл өмір. Бұндай жағдаймен ешкімді таңдандыра алмайсыз. Себебі, бүгінде екінің бірінде осындай жағдай кездесіп жатады.
Қаймағы бұзылмаған қазақы қалпымыз мұндай әрекетке сын көзқарас танытқанымен, өмір өз дегенін істеуде.
«Қарағым, көзіміздің тірісінде үй-жай боп кеткенін қалаймыз. Өзі ұнатып қосылған жарынан қалай айырамыз. Мүмкін қате бізден де болған шығар. Баламызға дұрыс тәрбие бермегендіктен ақыры осылай болғаны» дейді күрсініп, қайғысын білдірткісі келмеген ана байғұс. Иә, шын мәнінде, ұлтымыздың тәрбиесінде ұлды қарашаңырақ иесі дейміз. Ал сол ұрпақ жалғасы ер баламыз әйелінің дегенімен ата-анаға қарайламай кеткеніне кінәлі өзіміз.
Бірде көрші апаның «қазір баламыз жүзімізге қарамақ түгелі, жағдайымызды сұрамайды да. Сырттан келе сала келіншегінің айналасынан шыға алмайды. Заман өзгерді, әйелі ерінің қас қабағына қарамақ түгелі оған дұрыстап та тамағын бермейді» дегені өзекті өртейді. Көпті көргендер көргенсіз ұл-қыз тәрбиелеуден сақтанып, «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп бесіктегі баласының тәрбиесіне қатты мән берген. Асыл аналар ең алдымен қыздың мінез-құлқына аса мән беріп, оны болашақ ана, жат жұрттық деп тәрбиелеп, құлағына жақсы қасиеттерді құйып өсірген. Анасына қарап өскен қыз бөтен босағада алдымен үлкендерді сыйлауды үйренсе, уақыт өте ибалы келін атанған.
Жоғарыда айтылған ғибратты әңгіме көпке ой салар деген үмітпен қазақтың шаңырағы шайқалмасын, алтын босағаларыңыз берік болсын демекпіз.
Б.ЖАНӘЛІ
13 қаңтар 2019 ж. 908 0