Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмыс арасындағы белсенді демалысты қаншалықты меңгергенбіз?

Жұмыс арасындағы белсенді демалысты қаншалықты меңгергенбіз?


«Белсенді демалысты» меңгеру − біз ойлағаннан да қиын жұмыс. Бірақ, оны толық меңгеру үшін біз қолымыздан келгеннің бәрін істеуіміз керек, деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі ВВС Capitalбасылымына сілтеме жасап.
Вашингтоннан Римге көшіп барған адамды ежелгі колонналар мен тарихи ескерткіштерден гөрі, адамдардың жайбарақат өмірі, алаңсыз тіршілігі таңғалдырып жатады. Римде жасы келген әйелдер терезеден жай ғана кеңістікті бақылап тұрса, кешке қарай отбасылық серуенге шығатындар саны өте көп. Бұл қалада, тіпті, кеңседегі өмір де басқа. Сіз жұмыс үстелінің басында отырып бутерброд жей салмайсыз. Мейрамханаға барып, түскі ас ішесіз. Дұрыс тамақтана бастайсыз.

17 ғасырдан бері туристердің қалдырған жазбаларынан «италия жалқаулығы» деген терминнің қалыптасқаны белгілі. Тіпті, алаңсыз ас ішу үшін скутермен үйлеріне кеткен таныстарыңыз да бұл қалада жұмысқа кешкі сегізге дейін қайтып келуі мүмкін. Әрине, қатты беріліп жұмыс істемейтін мұндай тірлік көпшілікті қызықтырары сөзсіз. Бір қарасаңыз, ештеңе істемеу жұмыс өнімділігіне де кері әсерін тигізіп жатпаған сияқты. Түптеп келгенде, уақытты дұрыс пайдалана білудың арқасында шығармашылық, интеллектуалдық немесе өндірістік өнімділік те табысты жұмыс кепіліне айналғандай.
Дегенмен, біздің көпшілігіміз үздіксіз қызметтің өнімділікке тікелей әсері жоқ екеніне көз жеткізіп келе жатырмыз. Тіпті, керісінше, үздіксіз қызмет жұмыс өнімділігінің жауы болып шығуы да ғажап емес. Зерттеушілер де 14 сағаттық жұмыс күніндегі қызметіміз біздің сергек кезіміздегі жұмысымызға қарағанда анағұрлым төмен екенін айтып жатыр. Яғни, жұмыстың бұл моделі біздің шығармашылығымыз бен танымымызға кері әсерін тигізеді. Уақыт өте келе мұндай жұмыстан адам өзін шаршаңқы сезініп, түрлі физикалық ауруларға шалдығуы да мүмкін. Тіпті, түбінде мақсатсыз күн көріп жатқандай сезімге де алып келетіні рас. Ал сіздің идеяларыңызға қандай әрекет шабыт береді?

Two Awesome Hours авторы Джош Дэвис ой жұмысы туралы көбірек ойлау керектігін айтады. «Бізге мың тірлік атқару керек болса, ең тиімдісі – барлығын бір уақытта жылдам бітіріп тастау керек сияқты көрінеді. Әрине, іштей оның мүмкін емес екенін де білеміз. Сондықтан біз ол міндеттердің арасында басқа да жұмыстарды атқарып, әртүрлі әрекеттерді қолға алсақ, жұмысымыз да ойдағыдай бітеді. Бұл жерде мидың қызметі маңызды. Тұрақты жұмысымыздың барысында біз дұрыс шарттар қоймасақ, қолымыздан ештеңе келмейді. Сол себепті шарттарды дұрыс белгілеу керек. Сонда аз жұмыс істеп, көп нәтижеге қол жеткізе алуымыз мүмкін», дейді ол.
«Өлсең де жұмысыңды істе!»
Көпшілігіміз миымызды бұлшық ет емес, үздіксіз жұмыс істеуге қабілетті компьютер ретінде қабылдаймыз. Кейбір сарапшылардың айтуынша, бұл дұрыс емес және мұндай ой адамды үзіліссіз жұмыс істеуге итермелейді.
«Адамдардың жұмыс уақыты ұзақ болса да, басынан аяғына дейін бірқалыпты жұмыс істей аламыз деген ойы қате. Сіз өзіңіздің күшіңізге қаншалықты сенімді болғаныңызбен, адам физиологиясы демалысты талап етеді. Ағзаңызға демалыс бермесеңіз, сізде стрессті жауап пайда болады. Ал ол бара бара адамға қауіп төндіруі мүмкін», дейді ғалым Эндрю Смарт.

Соңғы жүргізілген зерттеу нәтижелері көрсеткендей, ұзақ жұмыс күні ишемиялық аурулардың туу қаупін 40%-ға арттырады (Темекіден бұл көрсеткіш 50% құрайды). Тағы бір зерттеуде ұзақ жұмыс істеген адамдарда инсульт алу қаупінің басым болғаны анықталған. Сонымен қатар күніне 11 сағат жұмыс істейтіндер 8-9 сағаттық жұмыс күніндегі қызметкерлерге қарағанда депрессияға 2,5 есе жиі түсетіні белгілі болған.
Бұл ретте қызметкерлердің еңбек демалысы мен жұмыс арасындағы аз уақыттық демалыстарды қалай пайдаланатыны да маңызды екені белгілі.
Жұмыс өнімділігі
Тиімділік пен өнімділік – барлығымыз да ұмтылыып жүрген нәтиже деп ойлау оңай. Бірақ философ Бертран Рассел бұл оймен келіспейді.
«Адамдар 24 сағаттың төртеуін ғана жұмысқа арнаса, өздерінің күнін қалай өткізетінін білмейтін болады», деп жазған болатын Рассел 1932 жылы.
Дегенмен, шығармашылық адамдарының көбі жұмыс арасында демалыс пен ойын-сауыққа көңіл бөлудің маңызын білген. Мысалы, жазушы Генри Миллер «Бір отырғаннан басынан аяғына дейін бір іспен ғана шұғылданып, бір жұмысты ғана атқару? Тоқтаңыз! Қасыңызға адам ертіп алып, дереу қыдырыңыз, ән салыңыз, көңіліңіз қалаған істі атқарыңыз!», дейді.
Тіпті, Бенджамин Франклиннің де еңбек ету моделі осыған ұқсас. Ол түнгі ұйқысының тыныш болуына, түскі ас уақытының екі сағат болғанына, арасында ойын-сауық кештеріне баруға баса мән берген. Ол үзіліссіз жұмыс істеудің орнына өзінің хоббиі мен адамдармен қарым-қатынасқа да ерекше көңіл бөлген.
Бір айта кетерлігі, жұмыс өнімділігі мен жұмыс уақытының арасында нақты байланыс жоқ. Мысалы, 38,6 сағаттық жұмыс аптасы бар америкалықтар норвегтерге қарағанда аптасына 4.6 сағат көп жұмыс істейді. Бірақ ІЖӨ көрсеткіші бойынша норвег жұмысшылары 78,70 АҚШ долларын әкелсе, америкалықтарда бұл 69,60 долларды құрайды.
Италияда 35,5 сағаттық жұмыс аптасындағы өнімділік орташа есеппен 47,9 сағат істейтін Түркияға қарағанда 40%-ға көп. Яғни, арасында кофеге үзіліс жасап тұрудың да еш сөкеттігі жоқ сияқты көрінеді.
Ми толқындары
Бүгінгі күнгі сегіз сағаттық жұмыс күніне келуіміздің өзі қызық. Негізінен, өндірістік революция кезінде 10-16 сағаттық жұмыс күні қалыпты саналған. Бірақ кейін кейбір компаниялар жұмыс ұзақтығының қысқаруы олар күткеннен де басқа нәтижеге, яғни, жұмыс өнімділігінің артуына алып келгенін байқаған.
Сегіз сағаттық жұмыс күні бойынша ең алғашқы экспериментті Форд компаниясы жүргізген. Нәтижесінде, жұмыс өнімділігінің артқанын байқаған. Ал екі жылдың ішінде компанияның табысы еселеніп арта түскен.
Егер 10 сағаттық жұмыс күніне қарағанда сегіз сағат жұмыс істеу тиімді болса, одан да аз жұмыс одан да жақсы болуы мүмкін бе? Зерттеулер көрсеткендей, 40 жастан асқан адамдар аптасына 25 сағат жұмыс істеуі керек. Ал жақында Швецияда жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сенсек, алты сағаттық жұмыс күні адам денсаулығы мен жұмыс өнімділігіне жақсы әсер етеді екен.
Мұның барлығы адамдардың жұмыс уақытында немен айналысатынына байланысты. Бір зерттеуде толық жұмыс күніндегі екі мың офицерден алынған сауалнама нәтижесінде олардың күніне тек 2 сағат 53 минутты жұмысқа толық арнайтыны анықталған. Қалған уақытта олар әлеуметтік желілерде отырып, жаңалықтар оқыған, әріптестерімен әңгіме-дүкен құрып, тамақ ішкен, тіпті, уақытының көп бөлігін басқа жұмыс іздеуге де арнағандар көп болып шыққан.
Жұмыс арасындағы үзіліс
Стокгольм университетінің психологы Андерс Эриксонның айтуынша, кез келген жұмыс барысында біз ойлағаннан гөрі жиі үзіліс жасап тұру керек. Көп адамдар үзіліссіз тек бір сағат қана жұмыс істей алады. Ал жұмыс арасында үзіліс жасап тұру миды да, денені де демалдыруға көп көмегін тигізеді.
Басқа зерттеушілердің айтуынша, жұмыс арасындағы аздаған үзіліс жұмыстың жоғары деңгейде атқарылуына әсер еткен. Ал үзіліссіз жұмыс істегендерде жұмыс өнімділігі төмен болатыны байқалған.
Белсенді демалыс
Бірақ біздің ештеңе істемей бос отырғанымыз үнемі «демалыс» бола бермейді.
Адам ештеңе істемеген кезде белсенді болатын мидың DMN бөлігі есте сақтау қабілеті мен болашақты болжауға немесе жоспарлауға жауап береді. Яғни, мидың бұл жүйесі іске қосылмаса, біз әлеуметтік байланыстарды бағамдап, өзімізді түсініп, этикалық тұрғыда әрекет ете алмаймыз. Басқаша айтар болсақ, жұмыста та, жеке өмірімізде де біздің қызметіміздің тиімділігіне әсер ететін әрекеттерге бара алмаймыз.

«Бұл айналамыздағының маңызын түсінуге көмектеседі», дейді Оңтүстік Калифорния университетінің нейробиологы Мэри Хелен Иммормино-Ян.
Мидың DMN қызметі болмаса, біз тіпті жаңа идеяларды да ойлап таба алмаймыз. Яғни, Архимед сияқты жақсы идеяңыз ваннада жатқанда келсе, оған күлудің қажеті жоқ. Ең бастысы, біз өзіміздің ішкі жан дүниемізге үңілмей бақыт элементін жоғалтамыз.
«Біз қатты маңызды болмаса да, бірдеңелермен айналысып жүреміз. Бара бара жұмыстағы қарбаластың өзі мәнсіз, бос әрекет болып шығады. Ақыр соңында мақсатсыздық пайда болып, адамның психологиялық және физиологиялық денсаулығы бұзылады», дейді Иммормино-Ян.
Медитация жасап көрген адам ештеңе істемей отырудың қаншалықты қиын екенін біледі. Тіпті, 30 секунд тыныш отырғанымыздың өзінде, біздің бірден телефонға үңілетініміз ақиқат.
11 зерттеу нәтижесінде ғалымдар көпшілігіміздің ештеңе істемей бос отырғаннан гөрі, бір іспен айналысуды жөн көретінімізді анықтапты. Ал зерттеушілер бар болғаны 6-15 минут қана отыруды сұраған. Зерттеуге қатысушылардың көбі жай отырғаннан гөрі, жлектр тогын басқарса да, бір іспен шұғылданғанды жөн көріпті.
Әрине, демалыс маңызды. Бірақ демалу үшін ештеңе істемеу керек деген де дұрыс түсінік емес. «Достарыңмен сөйлесу, кітап оқу, таза ауада серуендеудің де көмегі көп», дейді Иммормино-Ян.
Жұмыс арасында 15 минут үзіліс жасасаңыз да, демалып тұру маңызды. Ал таза ауада серуендеп, белсенді демалысты ұштастыра білу жұмыс өнімділігін одан бетер арттырады. Бастысы, жоғарыда айтылғандай, демалыс деген «ештеңе істемей отыру» ғана емес екенін, «белсенді демалысты» меңгеру керектігін ескергеніміз жөн.
Ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбек

23 желтоқсан 2018 ж. 644 0