Жүктілікті жеңіл өткізу үшін әр күнге арналған кеңестер
Біріншіден, белсенді өмір сүру керек. Таза ауада серуендеу, суда жүзу, йога, аквааэробика немесе гимнастикамен айналысу барлық жүкті әйелдер үшін өте қажет нәрсе.
Себебі бұл:
– Ана мен бала ағзасының оттегімен баюына;
– Қан айналымның жақсаруына;
– Токсикоздың ерте кезеңнен бастап айтарлықтай төмендеуіне;
– Кейінгі кезеңдерде гестоздың (жүктілік токсикозы) жоқ болу мүмкіндігіне;
– Барлық жүктілік пен босану барысына жағымды әсер ететін бұлшықеттер мен сіңірдің мықты болуына;
– Жүктілік кезінде депрессияға ұшырамай, көңілді жүруге әсер етеді. Себебі, жаттығу барысында және одан кейін эндорфин деп аталатын бақыт гармоны белсенді түрде шығарылады;
– Сонымен бірге, болашақ ананың иммунитетінің нығаюына және тиісінше, нәрестенің иммундық жүйесінің мықты болып қалыптасуына әсер етеді;
– Ал дене белсенділігі кезінде тыныс алу жолдарының жұмыс істеуі толғақты дұрыс сезінуге және толғақ кезінде дұрыс дем алуға көмектеседі;
– Егер бұл жүкті әйелдерге арналған арнайы топтық жаттығулар болса, онда өзгелермен араласып, қарым-қатынас жасау және тәжірибе алмасу болашақ аналарға жақсы әсер етеді. Эмоционалдық жеңілдік жасалады;
– Сондай-ақ артық салмақ қосып алу мүмкіндіктері барынша азаяды.
Қимыл-қозғалысы аз өмір салтында ағзада тоқырау процестерін қалыптастыру қаупі бар екенін ұмытпаған жөн. Сіңірдің әлсіздігі, қан айналымның нашар болуы және депрессиялық жағдай босанудың күрделі өтуіне немесе ұзаққа созылуына, сондай-ақ жүктілік кезінде жағымсыз асқынулардың пайда болуына әкелуі мүмкін.
Дәрігерден қарсы көрсеткіштер болмаған жағдайда, физикалық белсенділіктің ең жақсы түрі нұсқаушымен жасалатын жүкті әйелдерге арналған арнайы таңдалған жаттығулар болмақ. Бірақ, жүкті әйелдерге арналған жаттығуларды осы салада тәжірибесі бар нұсқаушылармен жасаған дұрыс.
Сондай-ақ, баланың өсуін ескере отырып, үйде де мұқият жаттығуға болады. Жүгіру немесе жүру кезінде тамыр соғуы минутына 140 соққыдан аспауы керек. Ал жаттығуды ыңғайлы, тыныс алуға кедергі келтірмейтін, қыспайтын киім мен аяқ киіммен жасаған дұрыс.
Екіншіден, дұрыс тамақтану керек. Күнделікті тамақтану рационынан қант, ұн, жылдам әзірленетін тағамдар мен газдалған сусындары алып тастау қажет. Бұл тағамдардың қаншалықты тәбет тартарлықтай көрінетініне қарамастан, осындай азық-түліктердің құрсақтағы нәрестеге зиян келтіруі мүмкін екенін әрдайым естен шығармағаныңыз жөн.
Ал күнделікті тамақтану рационында көмірсу, пайдалы май, жасұнық, өсімдік және жануарлар ақуызы секілді барлық маңызды құнарлы микроэлементтер болуы керек. Сонда жүктілік айтарлықтай жеңіл болады және баланың салмағы қалыпты нормадан аспайды. Ал бұл бірінші кезекте жеңіл босануға көмектеседі.
Бірақ, әйелдер жүктілік кезінде тәтті немесе майлы тамақтарға, яғни тыйым салынған тағамдарға қатты жерік болады. Алайда, бұл үрдісті әйелдің өзі басқармайды. Бұл гормоналды фондағы өзгерістерден болады және онымен күресудің қажеті жоқ. Мұндай кезде кептірілген жемістерді балға қосып жеуге болады. Ал қуырылған тағамдардан толықтай бас тарту керек, себебі ол қан тамырларын тарылтады.
Жүктілік кезінде жеу керек пайдалы өнімдер:
– Жарма;
– Зығыр, зәйтүн, қыша және таза сары май;
– Ашытқысыз пісірілген тұтас дәнді нан;
– Сүт және ашытқан сүт өнімдері (тек пастерленген сүтті ғана қолдануға болады);
– Кептірілген жемістер, бал, қара шоколад;
– Көкөністер, әсіресе жасыл көкөніс;
– Жемістер (бірақ жемісті түске дейін жеген дұрыс);
– Жаңғақ;
Көптеген әйелдер кофені жақсы көреді және осы хош иісті сусынға қатысты дау-дамайлар көп. Жүкті әйелдің денсаулығы жақсы болған жағдайда, күніне бір рет сүтпен және қантсыз жаңадан дайындалған кофе ішуге болады.
Ал екі адам үшін тамақтану ұғымы – баяғыда ескірген шындық. Жүктілік кезінде ең дұрысы, сапалы тамақтану керек. Оның өзінде тамақты бөліп-бөліп, кішкене порциямен жеген дұрыс.
Пікір 3