«АЛҒАН БІЛІМІМДІ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ЖҰМСАУ...»
Сыр журналистерінің Мәскеу қаласына сапары кезінде Ұлттық зерттеу технологиялық университетінің Мәскеу болат және қоспалар институтында қызылордалық студенттермен кездесу өткен болатын. Кездесуге 70-тен астам жас тар келді. Олардың әрқайсысынан жалындаған жастықтың лебі еседі. «Қайтсемде үкілеген үмітті ақтаймын» деген жігер байқалады. Армандары бір арнаға тоғысқан жастардың және бір тілегі алған білімдерін ел мүддесіне жарату.
Қызылордалық жастардың осындай мүмкіндікке қол жеткізуі 2014 жылы облыс әкімі Қ.Көшербаевтың екі ел арасындағы меморандум арқасы. Қазіргі таңда 500-ге жуық талапкер А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетте, Мәскеу ұлттық зерттеу технологиялық университетте және Санкт-Петербург мемлекеттік өндірістік технология және дизайн университетінде білім алуда. Олардың арасында болашақ ІТ, металлургия, мұнай-газ, құрылыс, ауыл шаруашылығы мамандары бар. Жалпы айтқанда келешек елдің дамуына үлесін қосатын техникалық мамандар. Кездесу кезінде студент-жастардың арасынан сөз алған магистр Асылан Қасен мен 4 курс студенті Айсана Өрікбай ең алдымен Ресей Үкіметі есебінен грант негізінде білім алуға жағдай жасаған облыс әкіміне алғысын білдірді. Білдірген сенімді ақтауға күшімізді саламыз деп, барша студенттердің атынан елге сәлемдерін жолдады.
Мәскеуде білім алып, магистратураға оқуға түскен жастардың арасында тереңөзектік Мұхтар Әмзеев те бар. Біз де облыс әкімі грантының иегерімен сұқбаттасып, бірнеше сауал қойдық.
– Мұхтар, Сыр елінің үміт артқан жастарының бірі ретінде өз болашағыңды осы оқу орнымен байланыстыруға не себеп болды? Қазақ мектебінің түлегі ретінде орыс тілді ортаға үйрену қиындық туғызған жоқ па?!
– Болашағымның Ұлттық технологиялық зерттеу университетінің Мәскеу болат және қоспалар институтымен байланысуына ең алдымен облыс әкімі Қырымбек аға Көшербаевтың Ресейдің бірнеше жоғарғы оқу орындарымен жасалған меморандумы себеп болды. Меморандумның басты мақсаты – Сыр елінде жаңа кәсіпорындар ашып, сол кәсіпорындарға Ресейде жоғарыда аталған меморандум бойынша оқып жатқан студенттердің Сыр өңіріне білгір де білікті маман иелері болып оралуын қамтамасыз ету. Бұл жетістік біздің өңірдің жастарына ғана берілгендіктен, сенімді ақтамау мүмкін емес. Мұны осында оқитын барлық студенттер өте жақсы біледі. Ал, қазақ мектебінің түлегі ретінде орыс тілді ортаға үйрену оңай бола қойған жоқ. Бірақ, уақыт өте келе тіл жағынан болған қиындықтар өз шешімін тапты. Өзімізді барынша қамшылап, қатардан қалмас үшін тіл үйренуге бар күшімізді салдық.
– Бесінші жыл Мәскеуде оқып жүрсің, өзің оқитын институттың ерекшелігі туралы айтсаң?
– Мәскеу болат және қоспалар институты әлемдік рейтинг бойынша үздік 100 университеттің қатарына кіреді. Білім сапасы өте жоғары. Ресейдегі үздік оқытушылардың дені осы университетте өз қызметтерін атқаруда. Шет елден келген оқытушылар да жетерлік. Сондықтан ағылшын тілі міндетті түрде жүреді және ағылшын тіліне сұраныс жоғары. Университетте 160 елдің студенттері оқиды. Атап айтар болсақ, Вьетнам, Өзбекстан, Ангола, Тәжікстан т.б.
– Мәскеуде бас қосатын, қазақ жастарының басын біріктіретін арнайы орындар бар ма?
– Әрине, Мәскеуде қазақ жастарының басын біріктіруге жұмыс жасап жатқан ұйымдар баршылық. Мысалы, «Жас тұлпар», «Мұрагер» ұйымдары жастардың басын біріктіру үшін «Алтын күз», «Наурыз» мерекелерін ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Мен де аталған ұйымның белсенді мүшесімін. Осында жиналғанда бәріміз арқа-жарқа болып қаламыз. Елімізге деген сағынышымызды осында келіп басамыз десем артық айтқандық болмас.
– Мұхтар, өзіңді оқып жатқан мамандықтан басқа не қызықтырады, нені армандайсың, жалпы бос уақытыңды неге арнайсың?
– «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» дегендей менің арманым көп. Ең алдымен оқуымды аяқтап, туған елге оралып, өз мамандығым бойынша қызмет ету. Жалпы мен ел көргенді жер танығанды ұнатамын. Бос уақытымда тарихи-танымдық, мәдени-көпшілік орындарды аралаймын. Көркем әдебиет, тарихи кітаптарды оқуға бос уақытымды ұтымды жұмсауға, өзіме пайдалы іспен айналысуға тырысамын.
– Мемлекетімізде үш тілде білім алу бағдарламасы іске асуда. Қанша тіл білесің? Мәскеуде өзара қазақ тілінде сөйлесесіңдер ме? Ана тілге деген көзқарасың?
– Қазақ және орыс тілдерін жетік білемін, ағылшын тілін орташа деңгейде. Сыр өңірінен келген студенттер өзара қарым-қатынас жасау үшін міндетті түрде қазақ тілінде сөйлесеміз. Бұл ана тілімізге деген құрметіміз. Көзқарасым өте жоғары. Тіл – ұлттың жаны. «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп Ахмет Байтұрсынұлы атамыз бекер айтпаса керек. Сондықтан қазақ жастары үшін қазақ тілінің мәртебесі қашанда биік болады деп есептеймін.
– Магистратурадан кейін жоспарың қандай?
– Магистратурадан кейін жоспарым елге оралып, Мәскеуде алған білімімді қазақ елінің пайдасына, Сыр өңірінің игіліне жұмсау. Білікті де, білгір маман атану. Абай атамыз айтқандай «бір кірпіш болып қалану».
Және де осы сұқбатты пайдаланып, Мәскеуде білім алуға мүмкіндік жасаған облыс әкімі Қырымбек Елеуұлына, мектеп қабырғасында оқытып, тоқытып, бағыт-бағдар берген ардақты ұстаздарға мың алғысымды жеткізгім келеді. Сондай-ақ Мәскеу қаласында да, өмірде де мені барлық жағынан қамтамасыз еткен ата-анама айтар алғысым шексіз.
– Сұқбатыңа рахмет, арман-мақсаттарыңның орындалуына шын жүректен тілектеспіз.
Біздің анықтама
Мұхтар Маратұлы Әмзеев 1997 жылы 22 мамырда Тереңөзекте дүниеге келген. 2014 жылы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейді бітірген. Сол жылы Ресейдегі Ұлттық зерттеу технологиялық университетінің Мәскеу болат және қоспалар институтының «Технологиялық машиналар және оны жабдықтау» мамандығы бойынша оқуға түсіп, биыл бакалавр дәрежесі бойынша оқуды бітірген. Қазіргі уақытта мамандығы бойынша Мәскеу болат және қоспалар институтында магистр дәрежесінде білімін жалғастыруда.
Сұқбаттасқан Бибісара ЖАНӘЛІ