Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ КӨЗІ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДА

ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ КӨЗІ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДА


Аймақта Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында өткен жылдың 14 желтоқсанда «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды. Орталықтың негізгі мақсаты мақалада аталған төрт кіші бағдарлама бойынша жұмысты үйлестіру. Оған тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрлыбек Кәрібозұлы Мыңжас жетекшілік етеді. Оқырмандар назарына орталықтың жұмысы туралы сұқбатты ұсынамыз.

– Нұрлыбек Кәрібозұлы, «Рухани жаңғыру» орталығы негізгі бағыты жайлы айтсаңыз?
– «Рухани жаңғыру» орталығының негізгі мақсаты Елбасының мақаласындағы төрт кіші бағдарламаны: «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани қазына», «Ақпарат толқынын» барынша жүзеге асыру, кең көлемді жобалар ұйымдастыру. Жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіріп, көзі ашық, көкірегі ояу азамат етіп қалыптастыру. Әрине, мұндай жауапты жұмыстың салмағы білім саласына, ұстаздар қауымына түсетіні белгілі. Сондықтан жыл басынан бері осы салада нәтижелі жұмыс атқарылды деуге негіз бар. Атап айтқанда «Шаңырақ», «100 жаңа есім», «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобалары сәтті ұйымдастырылды.

– «100 жаңа есім» жобасына біздің облыстан енген жерлестерімізді насихаттауда сырдариялық жастар Сымбат Әбдірахмановамен кездесті...
– Иә, облыстың мақтанышы, жоба жеңімпаздары дәрігер, Б.Баймаханов, тоғызқұмалақшы Ә.Далиева, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы А.Подольских және С.Әбдірахманова есімдерін насихаттау ортақ міндет. Сымбат продюссер ретінде «Сиқырлы кілт» мультфильмін жаз маусымында лагерь тынығушыларына көрсетті. Отандық өнім шетелдік туындылардан кем түспейді. Ал, «100 жаңа оқулық» жобасына байланысты қазақ тіліне аударылған 18 оқулықтың таныстырылымы өтті. Бұл да болса біздің ұлтымыздың үлкен жетістігі.
– Бағдарламадағы өзге де бөлімдер бойынша өткен іс-шараларға тоқталсаңыз?
– «Рухани қазына», «Атамекен» бөлімдері жас жеткіншектердің санасына ұлттық құндылықтарды сіңіруде маңызды рөль атқарады. Рухани бай қазынамыз – ұлттық ойындарды қайта жаңғырту арқылы тәрбиенің негізгі тініне жол ашылады. Мысалы, балалар арасында «асық ату» сайысын өткізумен олардың зеректігін, көру қабілеттерін күшейтеміз. Енжар, әлжуаз ұрпақты ізгі дәстүрімізбен жетілдіреміз. Оқушылардың демалыс күндерінде мәдени ескерткіштері бар тарихи жерлерге саяхатқа апару да дәстүрге айналды. Бұл туған өлкемізді танып білуге, қасиетін түсінуге мол мүмкіндік. Биылғы жылдан бастап Елбасы Жарлығымен 1 шілденің – Ұлттық домбыра күні деп белгіленуі домбыраның қасиетін одан сайын арттыра түседі. Осы ретте Сырдария ауданының жетістігін атап өткім келеді. Былтыр білім бөлімі барлық мектептерде қоңырау үнін күй әуенімен ауыстырды. Бұл бастама барлық білім ордаларына үлгі болуы тиіс. Оқушылар үзілісте күмбірлеген күй тыңдаса қандай ғанибет.
– Соңғы кездері «Рухани жаңғыру» орталығының түрлі қайырымдылық шараларына ұйытқы болып жүргенін білеміз?

– Орталықтың бастамасымен көптеген қайырымдылық шаралар өткіздік. Жылдың басында жаңа туған 20 сәбиге олардың есімдері жазылған домбыраны сыйға тарттық. Демеушілердің көмегімен іске асқан шара барлық аудандарда ұлттық домбыра күнінде жалғасып, қанша отбасыға қуаныш сыйлады десеңізші. Сондай-ақ өңірімізді өркендетуге атсалысып жүрген жомарт жүректі азаматтар, ел меценаттарын марапаттадық. Балаларға қуаныш сыйлау, қажетімен қамтамасыз ету кезкелген азаматтың міндеті. Ондай ізгілік жариялылықты қажет етпейді. Дегенмен, өзі оқыған мектептерге түлектері компьютер сыйлап, пән кабинеттерін жабдықтап, ойын алаңдарын салып беріп жатса олардың есімдерін неге атамасқа! Бұл өз кезегінде қалталы азаматтарға ой салса нұр үстіне нұр болар еді.

Бағдарламаның «Ақпарат толқыны» бөлімінің маңыздылығы да алдыңғылардан кем түспес. Қоғамдық пікірді қалыптастыруда әлеуметтік желілердің маңызы зор...

– Бұқара халықтың пікірі бізге өте қажет және маңызды. Өткізген іс-шараларды жариялап, бағамызды алудамыз. Осы жылдың алғашқы жарты жылдығында газеттерге 1 мыңға жуық мақала, 600-ден астам сюжет жарыққа шықты. Ақпараттық сүйемелдеу бір сәтке де бәсеңдеген емес.

–Жалпы орталықтың алдағы жоспарлары қандай, бағдарламаны дамыту үшін деңгейін көтеруге байланысты қандай жұмыстар ұйымдастырылады?
–Ең алдымен орталықтың жұмысын жүйелендіру арқылы халықаралық деңгейге шықсақ дейміз. Ісшаралардың сандық және сапалық деңгейіне мән беріледі. Облыста жастармен «Асыл қазына» ұлттық ойындар сайысы, «Жастар жырлайды» жас жыраулардың байқауы, «Жақаев ізбасарлары» еңбек лагері, «Рухани қазына – ұлт болашағы» атты облыстық ғылыми-танымдық конференция, «Жаңа технологиялар платформасы» атты республикалық ІТ технологиялар байқауын ұйымдастыру жоспарда бар. Жыл соңына дейін өтетін «Қорқыт ата мұрасы және оғыз қыпшақ дәуірінде Сыр бойында өмірге келген эпостар» тақырыбында халықаралық симпозиум, «Навои және Абай мұраларының рухани сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми конференция өткізудің ұйымдастыру шаралары басталып кетті. Жоспарлы түрде өтетін барлық жұмыстар алдымен міндетті түрде Президент әкімшілігі жанынан құрылған Бас басқару кеңсесінің қарауынан кейін іске асады. Сондықтан әрбір шараның әлеуметтік маңыздылығы, тиімділігі, сапалы өтуі қатаң бақыланады. Бір ғана шараны өткізіп қана қоймай, облысымыздың рухани әлеуетін таныстыруға жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, орталықтағы ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, «Сыр – Алаштың анасы», «Қорқыттың даналық сөздері» атты тарихи-танымдық кітаптар үш тілде әзірленіп, баспаға дайындалуда. Бүгінде орталықтың жұмысы бір жүйеге түсіп, рухани жаңғыруға байланысты атқарылатын іс-шаралар жауапкершілігі арта түсті.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұқбаттасқан Бибісара ЖАНӘЛІ
17 қыркүйек 2018 ж. 1 825 0