Құндыз құлақшын
Бастығы Қалданның университетті биыл бітірген жалғыз қызы тұрмысқа шығатын болды.
– Қалдекеңнің дүбірлі тойына дос қуанып, дұшпан күйінетіндей тамаша сыйлық жасайық. Көп болса, бір айлығымыз кетер. Іргеміз үңірейіп, күніміз құрып отырған жоқ. Лайым, келер жолы кең болсын. Есесіне Қалдекеңнің мейманасы тасып, балаша қуансын, – деп Маймұрын қызметкерлерді жинап алып, мәселені қабырғасынан қойды.
– Е,бәсе, ретті жерінде қимылдау керек!..
– Міне, данышпандық ақыл...
– Ау, оған сөз бар ма?! – деп іштегі керме қас, мысық мұрт, бұйра бастардың әлден делебесі қозып, жамырай шу-шу етіп, жапырыла қоштай кетті.
– Өйтіп беттің арын бес төгіп, жағымпаздана алмаймын. Менің де аузын ашып отырған қатын-балам бар, – деп Тоқсанбаев қана бұлқан-талқан ашуланды да, орнынан атып тұрып жүре берді. Қатты ашуланғаны сондай су жаңа құндыз құлақшынын ұмытып кетті.
Үйлену тойы дүрілдеп өтті. Қалдекеңнің қарамағындағылар қалыңдық пен күйеу жігітке сүліктей «Мерседесті» салтанатпен табыс етті.
Ұзамай Маймұрынның қызметі өсіп, бөлім меңгерушілігінің креслосына жайғасты.
Керме қас, мысық мұрт, бұйра бастар кезектен тыс жолдама алып, Түркия, Мысырға сапарға шығып, сайрандап қайтты.
Тоқсанбаевты әріптестері баяғы кеткеннен кейін әлі көрген жоқ. Ұмыт болған құндыз құлақшын шаң басып, сол орнында әлі ілініп тұрған.
– Тым құрыса алып кетуге де соқпады-ау, пәтшағар, – деп керме қас бойжеткен әуестік танытқан.
– Ойбүй, құндыз құлақшынды киіп жүру үшін әуелі бас... бас керек шығар, хи-хи... бас... хи-хи... Ұрты солқылдап, сылқ-сылқ күлген Маймұрын санын шапалақтап, бір жасап қалды.
Сары ЕСТЕКОВ