ГҮЛ СЫЙЛАШЫ
Жай ғана әңгімелесіп отыр едік, ол кенет түс көргендей жалт қарады да:
-Маған гүл сыйлаңызшы.., – деді.
Тосын өтініш қызық көрінсе де, «Жақсы, дәл қазір ме?» деп сұрадым. Ол бетін теріс бұрып әкетті: «Ол жағын өзіңіз шешерсіз»...
Сәл үнсіздіктен соң қайта бұрылып:
-Бірақ маған жұпар иісті, күлгін түсті раушан гүлін сыйлаңызшы... Кейін сары түсті раушан гүлін, одан алқызыл раушан гүлін, сосын нарттай қызылын тарту етіңізші... – деді.
-Коллекция жинайын деп жатыр ма ең?
-...
Оның ішкі ойын түсінбесем де, туған күнінде күлгін түсті раушан гүлін сыйға тарттым. Ол разы болды. «Мереке көп қой, қалғанын тағы сыйлай жатармын» деп қойып қойғанмын. Ол да «гүл сыйлашы...» деп қайта өтінбеді.
Жақында «Гүлстанды» оқып отырып, гүл сыйлау әдебі жайлы әңгіме тауып алдым. Оқи отырып, ұялдым. «Күлгін түсті раушан – тұрмыстанбаған аруларға тартылар болса, сары түстісі – неке қию салтанатында сыйланады екен. Алқызыл гүл – жас келіншекке, нарттайы – жас анаға беріледі». Ол маған астарлы дүние айтыпты, мен болсам, білімсіздік танытыппын.