Шашты қынамен бояудың артықшылығы мен кемшілігі
Өсімдіктің егістіктегі биіктігі – 2-3 метр, табиғи жағдайда 6 метрге жетуі мүмкін. Қынаның жапырағы мен түсінде бояғыш заттар бар. Бұтаның аса үлкен емес ашық жасыл түсті жапырақтарынан бізге таныс ұнтақ алынады. Жапырақтарын ерте жинайды, себебі, неғұрлым жас болған сайын бояу сапасы жақсы болмақ. Құрамында нафтохинон-лаусон, маннит, қышқылдар, тритерпеноид, фенолды глюкозоид, гидрленген илегіш заттар, қара май, органикалық қышқылдар, С және Е дәрумендері бар. Өсімдіктің ақ және алқызыл гүлдерінде раушан гүлін еске салатын өткір, жағымды иіс бар.
Қынаның артықшылықтары:
Әдетте дүкен сөрелерінде көздің жауын алып тұратын бояуларға қарағанда табиғи қына әлдеқайда зиянсыз, химиялық қоспалардан ада болып келеді. Әсіресе, жаз кезінде бояған дұрыс: күн астында көп жүргенде де қына шашта ұзақ сақталады, әдемі, сарғыш, алтын түс береді, шаш күнге жылтырайды. Құрамындағы заттар бас терісін нәрлендіріп, шашты өсіреді, жылтыратады, күш береді. Мамандар қынамен тек табиғи қызыл қоңыр шаштарды бояу керек екенін айтады. Ал ақ сары шашты қыздарымыз түссіз қынаны таңдай алады. Түссіз қына түсті секілді бас терісінің жасушаларын қалпына келтіріп, қайызғақты емдейді, тітіркенуді кетіреді, шаштың түсуін тоқтатады, қалыңдатады. Әрбір шаш тамырынан бастап ұшына дейін қатаяды. Сондай-ақ, химиялық заттарға аллергиясы бар адамдар қорықпастан пайдалана алады. Бағасы да өте қолжетімді келеді.
Қынаның кемшіліктері
Ең үлкен кемшілігі – сізге ешбір шаштараз бояудан кейін қандай түстің шығатынын дөп басып айта алмайды. Себебі, зақымдалған шаштар қатты боялады. Жалпы, шаш табиғи бояуларды жақсы қабылдайды. Бастапқыда бір бұрым шашты бояп көрген дұрыс. Құрамында қына бар бояғыш сусабындар мен басқа да арнайы бояғыш құралдар қолданған абзал. Ашық түсті, химиялық әдіспен бұйраланған (!), ағарған шашқа мүлде келмейді. Оны екі айдан кейін бір-ақ пайдаланыңыз, жиі пайдаланудан шаш күңгірттеніп кетеді. Қына химиялық бояулармен нашар үйлесетіндіктен, бұрынғы бояуға қайту үшін бірнеше ай күтуге тура келеді. Ұнтақ бояу кезінде шаш құрылымына сіңбейді, бірақ ұзақ уақытқа боялады.
Шаштараз кеңесі:
Қынаны таза, жаңа жуылған шашқа (аздап дымқыл) жағу керек.
Қына бояуын пластикалық немесе керамикалық ыдысқа дайындаңыз. Оны металл ыдыста қолдануға болмайды. Себебі, ұнтақ металлдармен химиялық реакцияға түседі.
Қынаны алғаш жуғанда сусабын пайдаланбаңыз. Шашты қарапайым сумен жақсылап жуып, шашқа арналған кондиционер жағыңыз да, жуып тастаңыз. Дұрыс әсер болсын десеңіз, жумай 3 күн жүріңіз. Ең жақсы түсті алғашқы жуыстан кейін байқауға болады. Сондықтан, ертеңгі отырысқа бару үшін бүгін шаш бояу дұрыс нұсқа емес.
Қынаның пайдалы қасиеттерін пайдаланып қалғыңыз келіп, алайда бояуға шешім қабылдай алмай жүрсеңіз, құрамында түсті қына немесе түссіз қына бар сусабындарды пайдаланып көріңіз. 2-3 қолданыстан кейін бәрі белгілі болады.
Қынаның басқа да қасиеттері:
Қынаның ақ-алқызыл түсті гүлдері май дайындау үшін қолданылады. Кейде парфюмерлік заттарға қосылады. Бұтаның басында өсетін жапырақтарды теріге сурет салу үшін пайдаланады. Себебі, мұндағы жапырақтардың бояғыш қасиеті әлдеқайда жоғары. Қына өсімдігінің әртүрлі бөліктері жараларды тану, тері ауруларын, сүйек, бас ауруларын емдеу үшін де қолданылып жүр.