Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » САҒЫМНАН ОЗҒАН САРЫН

САҒЫМНАН ОЗҒАН САРЫН


Күнді дөңгелеткен, жерді жүгірткен уақыт деген шіркінді кері айналдыра алатын бір ұлы күш бар. Ол – Жаратушының құдіреті және сол Жаратушының адамға берген ой нығыметі.
Егер сіз уақытты ой жүзінде жиырма жылға кері айналдырсаңыз, онда мың елестің ішінен Сыр сахнасында ескі сарынды алты қырдан қайырып құлаққа құйған құлжаның асығындай бір баланы көрер едіңіз. Ол – ойын баласы күнінен Сыр сүлейлерінің ойлы сөздері мен мақам-саздарын санаға сіңіріп өскен Берік Саймағанбетов.
Сүлейлердің сырлы сазы мен нақылға толы өлең сөздері екінің бірінің талғамына жаққанмен мыңнан бірге ғана даритын қасиет. Ол үшін баланың тегінде өнер, бойында дарын болуы шарт. Берікте осының екеуі де бар. Арғы аталары жыршылықты да, молдалықты да ұстаған. Ал, Беріктің өзі қара домбыраны қолға алып әу дегенде, қолбасындай тұрқынан қорғасындай салмақты дауыстың  қалай шығып жатқанына бір сәт тәнті болып қаласыз. Баяғыда Парижде ән салған Әміренің дауыс құдіретіне сенбестік танытқан еуропалықтар «орыстар мұның тамағына бір күшейткіш құрылғы орнатып қойған» деп үрке қарапты. Осы сөзді Берікке талай адам айтпаса да, бас шайқасатын. Шынында Берік жыраудың алқымында сыбызғы бар шығар дейсің. Бұл – сирек дарын сыйы.
…Он жетінші ғасырдың соңғы жиырма жылдығында Алдашбай, Қожабай секілді ахундар «Көкілташ» медресесінен дін оқуын бітіріп, ауылға келеді. Сөйтіп, олар дін арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу жұмысына ден қояды. Бірақ оқымаған жастарға шариғаттың шарттарын түсініп игеру қиынға соғады. Осыны сезген ахундар тума дарын Тұрмағанбетті «Көкілташта» әдебиет бағытында оқытады. Бұл ойлары өз жемісін береді. Тұрмағанбет шариғат шарттарын өлең-жырмен ұғындырудың озық үлгісін тудырған тамаша ақынға айналады. Шораяқтың Омары да осы бағыттағы жүйрік болып қалыптасады. Бұл екі шайырдың тақырыптық ұқсастықтары  да ұстаздарының бір болуынан.
Кереге уық таққанмен,
Басын қосар шаңырақ жоқ.
Сайрайтын небір бұлбұл бар,
Бау менен бақша, шарбақ жоқ.
Әр үй сайын бір есек,
Суырылып озар саңлақ жоқ, – бұл Тұрмағанбеттің ауыл ішіндегі ойында ғибраты, бойында шариғаты жоқ жағдайларға ашынғаны, тәрбиесі.
Беріктің жанында отырсаңыз, мұндай әңгіме жырдың желкенін керіп алып, айдынға жүзіп кете барасыз. Сонымен берге ол «Көрғұлы», «Алпамыс батыр» секілді эпостық жырларды таң атқанша жаңылмай жырлай береді. Оның жыр қорында Шораяқтың Омарының «Қапиза», Разақ Мыңжановтың «Тақ Сүлеймен» дастандары да бар.
Мектептен соң Қызылорда пединститутының «Дәстүрлі өнер және жыр» кафедрасынан, «Қазақ тілі және әдебиеті» факультетінен білім алған Берік Саймағанбетов 1992-1996 жылдары өзі бітірген осы жоғары мектепте оқытушылық қызмет атқарды. Онан кейінгі он жылда Ұлттық мәдениетті қолдау қорының атқарушы директоры болды. 2008-2009 жылдары «Ақмешіт» тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі, 2011 жылға дейін Қармақшы аудандық мәдениет үйлері мен клубтары коммуналдық кәсіпорнының директоры болып қызмет етті.
Осы кезеңде ол бірнеше мәрте халықаралық, республикалық, облыстық жыршылар байқауларының жүлдегері атанды. А.Алматов, Ұ.Байбосынова, Р.Әшімов, Қ.Бекпейісов, Қ.Бүрлібаев секілді жыршы-жыраулармен бірге Ленинградта өткен ЛОРД фольклор зерттеушілерінің конференциясына қатысты.
Жырды жырлап қана қоймай, оның тарихы мен табиғатына бойлай алатын Берік «Ғасырлар толқыны» деп аталатын анықтамалық кітабын жазды. Өзінің орындауындағы жырларды топтаған екі күйтабақ шығарды.
Осынша еңбектің еленуі де заңды, 2010 жылы ҚР «Мәдениет қайраткері» атанды.
Сөз басында неге он жылға шегініс жасадық? Себебі сол бір ескі сарынды сағымнан оздырған Берік Саймағанбетов Сыр сахнасы мен мәдениеті маңынан алыстап қалыпты.
Жақында біз жыраумен кездестік. Көшпепті, өшпепті. Сол баяғыша «етектен шауып төске озған» бабында екен.
Елбасымыздың рухани жаңғыру бағдарламасына орай пікірлестік.
– Қазір жастарымыз ағылшын тілін жетік меңгеріп келеді. Бірақ осы игілік мәдениет тұрғысында байқала бермейді. Тіл білетін мамандар сол мүмкіндігін ұлттың рухани жаңғыру мүддесіне жұмсаса, нұр үстіне нұр.
Мәселен, спортшылар мен әншілердің промоутер, продюссер деген сияқты жарнамашылары бар. Олар өнер көрсететін елмен алдын ала келісім жасасып, өнер адамына үлкен жағдай туғызады. Осы әдіс жыраулық өнерде неге жоқ?
Мына бір мысалды айта кетейін. Ақын Ғалым Жайлыбай Францияда өлең оқыпты. Қазақша әрине. Концерттен соң бір көрермен ақынға келіп: «Сіз жаңа теңіз туралы өлең оқыдыңыз ба?» деп сұрапты. Шын мәнінде оқылған өлең теңіз туралы екен. Мұнымен не айтпақпыз, талғампаз Еуропа халқы шығыс өнеріне өте құмарпаз келеді. Біздің жыраулық өнеріміздің елімізді кезіп қана қоймай, сонымен қатар мұхит асып жүретін заманы дәл осы заман.
…Бұл – Беріктің сөзі, ойлының кеудесін  біраз қозғайтын сөз.
Ал, мені ойлантқан бабалар мұрасын бойына тоқып, ойына сақтап, қасиеттеп жүрген Берік Саймағанбетовтің Сыр мәдениетінің қайнаған ортасынан көрінбей жүргені.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
25 желтоқсан 2017 ж. 1 138 0