Мәслихаттар сайлауы
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Ұшқан ұя» шығармасындағы балалық шақтың көркем бейнесімен ұлттық тәрбие тағылымы

«Ұшқан ұя» шығармасындағы балалық шақтың көркем бейнесімен ұлттық тәрбие тағылымы

Көркем әдебиет – халықтың тарихи жадын, дүниетанымын және рухани тәжірибесін танытатын маңызды арна. Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы осы тұрғыдан алғанда өз балалық шағын суреттеу арқылы тұтас бір ортаның мінез-құлқын, ұлттық тәрбиенің негіздерін және адам құрайтын рухани құндылықтарды бейнелейді. Шығармадағы естеліктер оқырманды өткен өмір көріністерімен ғана таныстырмай, баланың сыртқы ортаны қабылдау ерекшелігін де көрсетеді.

Балалық шағын автор сағыныш пен кіршіксіз сезімге толы кезең ретінде еске алады. Оны біз мына үзіндіден байқаймыз:

«Қайран, балалық-ай десеңші! Алыста қалған арайлы адал таңдарым менің. Онда мен кіп-кішкентай сәби едім. Ал айнала таулар да, үйлер де, қойтастар да, жылқылар да – бәрі-бәрі үлкен болатын. Адамдардың бәрі “айналайыннан” басқа сөзі жоқ, кілең мейірімді жандар болып көрінетін... Қария кісілердің сақалынан қасиет-қадір белгісі көрініп тұрар еді маған. Ер мінез жігіттердің кесек тұлғаларынан, шашбаулары сылдыраған қыз-келіншектердің жүріс-тұрысынан мен адамзаттың асқақ сұлулығын түйсіксіз байқағандай болармын. Солардың бәрі мені аймалап, сүю үшін жаратылған жандар сияқты сезілуші еді». (Б. Момышұлы«Ұшқан ұя»)

Осы үзінді арқылы балалық шақтағы әлемді қабылдау ерекшелігі көркем әрі әсерлі берілген. Кейіпкердің көзімен, табиғат нысандарының да, адамдар да бәрі үлкен, ерекше болып көрінеді. «Арайлы адал таңдар» тіркесі балалық кезеңнің тазалығын, алаңсыздығын білдірсе, «айналайын» сөзі, ауыл адамдарының мейірімге берік қарым-қатынасын танытады. Автор қариялардың сақалын қасиет-қадірдің белгісі ретінде қабылдау арқылы бала санасында үлкенге деген құрметтің ерте жастан бойына сіңіргенін білдіреді. Шығармадағы балалық шақ – жеке естелік қана емес, ізгілік пен сыйластыққа құрылған ұлттық ортаның көрінісі деуге болады.

Ұлттық тәрбиенің нақты үлгілері шығармада күнделікті тұрмыс көріністері арқылы ашылады:

«Тағы бір жай ойыма оралады... Киіз үйдің төрінде бір топ ауыл ақсақалдары жамбастай жайғасып баппен қымыз ішіп отыр екен... Әкем дастарқан шетінде қымыз құйып отыр. Ол мені ымдап шақырды да құлағыма: “Сен немене, аталарыңа сәлем беруді ұмытпа дегенім қайда?!” – деп сыбырлады. Мен қатты қызарақтап, үйден шыға жөнелдім. Сыртта біраз тұрдым да, нық басып үйге қайта кірдім. Көпшілікке қол қусырып тұрып: “Ассялам алейкум, аталар” деп әр сөзді қадап-қадап айттым....Ол басымнан сипап отырып: “Жарайсың, балам! Үйге кіргенде әрқашан үлкендерге сәлем беруді ұмытпа. Әдепті бала сүйтеді”, – дейтін». (Б. Момышұлы «Ұшқан ұя»)

Жоғарыда келтірілген эпизодта әке тәрбиесінің пәрменділігі айқын көрінеді. Әкесі баласына сәлемдесуді жай ғана бір сөзбен ұғындырып, сол арада орындату арқылы әдеп нормасын санасына сіңірді. Осы көрініс арқылы автор қоғамындағы сәлемдесу дәстүрінің әлеуметтік мәнін ашады: сәлем – ізеттіліктің, құрметтің, тәрбиеліліктің белгісі. «Әдепті бала сүйтеді» деген әке сөзі шығарманың тәрбиелік түйіндерінің басты негізіне айналып тұр.

Сондай-ақ, шығармада отбасы тәрбиесінің көмегі тек әдеп ережелерін оқытумен шектелмейді. Автор өз тұлғасының қалыптасуына әжесі, әке-шешесі және ауыл ақсақалдарының да ықпал еткенін жеткізеді:

«Өйткені есейе келе көрген көп ұстаздарым талай-талай тағылымға бой ұрғызғанымен, солардың бірде-бірі нақ өзімнің әжемдей, әке-шешем мен ауылдың қадірлі ақсақалдарындай өсиет айдынына жүздіре алған жоқ, молынан құлаш сермете алған жоқ десем, ардақты ұстаздарымның көңіліне келмес. Бұл сезім өзіме қанымның тартқанынан немесе жақыныма сезімімнің бөлектігінен, әлде ата-анаға деген парызымның молдығынан ғана туып отырған жоқ. Өмір шындығының өзі ақиқатқа бас ұрары даусыз. Дүние тарихы, жаратылыс шежіресі, жан-жануар болмысы жайлы алғашқы әңгімені әжемнен естігенімді, адамзат қауымының қалыптасуы туралы тұңғыш мағлұматты әжемнен алғанымды қалай ғана ұмытармын... Енді, міне, есейіп ер ағасы болғанымда ойласам, мен сол әңгімелерден адамзат өресінің өрісін тани берген екем ғой...»(Б. Момышұлы «Ұшқан ұя»)

Бала кезден  әкенің сөзін көңілге түйіп, әженің ертегісінен нәр алған баланың есейгендегі толғанысы шығармадағы тәрбие туралы ойды тереңдете түседі.Автор ұстаз ұғымын тек мектеппен немесе ресми білім беру орнымен байланыстырмайды. Оның танымындағы алғашқы ұстаз–отбасы,әже,ата-ана және ауылдың өнегелі адамдары.Әженің ертегі-аңыздары баланың қиялын дамытып қана қоймай ,әлем,адамзат, жақсылық пен жамандық туралы алғашқы түсініктерін қалыптастырады. Ал әке әңгімелері мен ауыл ақсақалдарының өсиеттері мінез бен адамдық ұстанымның негізін қалайды. Мұнда ауызша дәстүрдің ұрпақ тәрбиесіндегі қызметі ерекше байқалады:халықтың тарихи жады мен өмірлік тәжірибесі әңгіме,аңыз,өсиет арқылы жас ұрпаққа беріледі.

Иә, бала тәрбиесінде алғашқы баспалдақты қалайтын отбасындағы үлгі-өнеге десек, шығармадағы балалық шақ естеліктері де адамның кейінгі болмысына туған шаңырақтың отбасылық тәрбиенің және ұлттық ортаның терең із қалдыратынын көрсетеді. Ал, қазір ше? "Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің"демекші қазіргі ұрпақтың тәрбиесіндегі кемшін тұстары осындай әке сөзі, ана әлдиі, әже тәрбиесінің , жетіспеуінен бе...

Қорытындылай келе, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы – балалық шақтың көркем шежіресі ғана емес, ұлттық тәрбиенің рухани негіздерін танытатын тағылымды туынды. Берілген үзінділерде балалардың қоршаған ортаға деген кіршіксіз көзқарасы, үлкенге құрмет көрсету, әже мен ата-ананың тәлімдік әсері және ауыз әдебиетінің таным қалыптастырудағы орны өзара сабақтастықта көрінеді. Автор жеке өмір тәжірибесін суреттеу арқылы отбасы тәрбиесінің адам мінезін қалыптастырудағы шешуші рөлін дәлелдейді. Сондықтан «Ұшқан ұя» бүгінгі оқырман үшін де ұлттық құндылықтарды тануға, ұрпақтар сабақтастығын бағалауға және адамгершілік ұстанымдарды зерделеуге мүмкіндік беретін маңызды әдеби мұра болып қала береді.


Кәмшат ӘБИБУЛЛАЕВА,
№131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектебінің
 қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Сурет: ЖИ арқылы жасалған
27 қараша 2026 ж. 31 0