Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 66 газет

01 қыркүйек 2026 ж.

№65 газет

29 тамыз 2026 ж.

№64 газет

25 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » «Армысың, 90!» қаламы қолынан түспеген қаламгер

«Армысың, 90!» қаламы қолынан түспеген қаламгер

Қаламын серік етіп, ғұмырын журналистикаға арнаған ардагер- журналист, жазушы-сатирик Қайырбек Мырзахметұлы 90 жасқа толды. Қаламгер тоқсанның төріне шықса да қолынан қаламын тастамай, әлі де болса әлеумет үшін қызмет етіп келеді.

Мерейлі жасқа орай Қайырбек Мырзахметұлын бір топ азамат арнайы үйіне барып құттықтады. Қаламгерге облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың құттықтау хатын облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюпов табыстап, шапан жапты. Сондай-ақ облыстық ардагерлер кеңесінің атынан Күләй Ермағамбетова мен Жұмабек Әлиев ардагер-журналисті мерейтойымен құттықтап, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаевтың құттықтау хатын табыстады. Қос азамат мерейтой иесінің иығына шапан жауып, ақжарма тілегін жеткізді.

Қайырбек Мырзахметұлын әріптестері де арнайы құттықтады. «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев пен Қазақстан Журналистер одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Қуат Шарабидинов, сала ардагерлері Кенжалы Ерімбетов пен Бақыт Қайымов қаламгерге баспадан күні бүгін шыққан «Армысың, 90!» атты жаңа кітабын табыс етті. Бұл – мерейтой иесінің қаламгерлік жолындағы кезекті еңбегі. Қайырбек Мырзахметұлы осы күнгі Қоғалыкөл ауылында дүниеге келген. Елу жылдан астам уақыт бойы облыстық «Сыр бойы» газетінде еңбек етіп, журналистиканың ыстығына күйіп, суығына тоңған ардагер өңірдің қоғамдық өмірін, ел ішіндегі елеулі оқиғаларды жазып, талай буын оқырманға ой салды. Қаламгердің қаламынан «Сыр перзенті», «Менің бабаларым», «Ағалар салған жол», «Сырда туып, Сырда өстім», «Аманат», «Көзкөргендер» сынды кітаптар дүниеге келді. Енді міне, тоқсанның төріне шыққан шағында оқырманға «Армысың, 90!» атты жаңа кітабын ұсынып отыр. Бұл кітапты қаламгердің тоқсан жылдық ғұмырының, шығармашылық жолының, елмен етене араласқан өмірінің бір үзік шежіресі деуге болады.

– Тоқсанға келсем де қолымнан қаламымды тастамадым. Оқырманның талабы бөлек. Оншақты газет аламын, астын сызып оқып отырамын. Әсіресе «Сыр бойына» деген құрметім бөлек. Барған жерімде газетке жазылуды насихаттап жүремін, – деген Қайырбек Мырзахметұлы құттықтап келген азаматтарға алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
03 қыркүйек 2026 ж. 65 0