Зейнетін көрмей кеткендер: Өмірдің қадірін қашан түсінеміз?
Адам баласының өмірі – табиғат берген ең үлкен сый. Бірақ күнделікті күйбең тіршіліктің арасында көпшілік осы сыйдың қадірін кейде тым кеш түсінеді. Таңның атысымен жұмысқа асығады, кешке үйдің қамымен жүреді. Бала-шағаның жағдайын ойлап, несие мен қарыздың қамытын арқалайды. Отбасының тыныштығы, қызметтің жауапкершілігі, тұрмыстың тауқыметі – барлығы адамның мойнына түседі. «Еңбек етсем, бала-шағамды жеткізсем, зейнетке шыққан соң тынығармын» деген оймен өмір сүретін жандар аз емес. Алайда сол зейнет жасына жетпей, бейнетінің зейнетін көре алмай өмірден өтіп кетіп жатқан адам қаншама...Денсаулық кейінге шегеруді күтпейді
Бүгінде ел арасында «адамдардың қайтыс болатын жасы жасарып бара жатқандай» деген алаңдаушылық жиі айтылады. Мұны біржақты тұжырым ретінде қабылдауға болмайды. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда туған кездегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы 2024 жылғы 75,44 жастан 2025 жылы 75,97 жасқа дейін өскен. Дегенмен бұл жалпы көрсеткіш қоғамда еңбекке қабілетті, орта жастағы адамдардың мезгілсіз өлімі мәселесі жоқ дегенді білдірмейді.
Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы дерегінде өлім себебінің ішінде қан айналымы жүйесі ауруы 22,3 пайызды, қатерлі ісік 10,2 пайызды, тыныс алу органы аурулары 10 пайызды, ас қорыту аурулары 8,3 пайызды, ал жазатайым оқиға, улану және жарақаттану 7,8 пайызды құраған. Статистикалық мәліметке сүйенсек, санның әрқайсысының артында тағдыр тұр. Бір үйде әке жоқ, бір шаңырақта ана келмеске кеткен. Бір баланың арманы әкесіне немесе анасына деген сағынышпен жалғасуда. Кейбір адам өмір бойы маңдай терін төгіп, отбасын асырап, елге қызмет етіп келеді де, еңбегінің жемісін көретін шағында өмірден озады.
– Қазіргі таңда халық арасында жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу – денсаулық сақтау саласындағы маңызды бағыт саналады. Себебі мұндай ауру бір күнде пайда болмайды. Оның қалыптасуына ұзақ уақыт бойы жиналған күйзеліс, дұрыс тамақтанбау, қимыл-қозғалыстың аздығы, артық салмақ, қан қысымының жоғары болуы, зиянды әдет және дәрігерге уақытылы қаралмау сияқты көптеген фактор әсер етеді. Сырдария аудандық ауруханасында қазіргі таңда артериялық гипертензия диагнозымен 3666 тұрғын, ал жүректің ишемиялық ауруы бойынша 1350 науқас дәрігер бақылауында тұр. Жай ғана статистикалық көрсеткішке зер салсақ, оның артында денсаулығына тұрақты бақылау қажет ететін қаншама адам бар екенін аңғарамыз. Сондықтан аталған көрсеткіш тұрғындар арасында профилактикалық жұмысты күшейтіп, аурудың алдын алуға ерекше көңіл бөлу қажеттігін көрсетеді. Кейде адам қан қысымы көтерілгенін немесе жүрек тұсында жайсыздық сезінгенін елемей, «өзі басылады» деп жүре береді. Денсаулыққа жауапсыз қарауға болмайды. Әсіресе артериялық гипертензияның қауіптілігі – оның кей жағдайда ұзақ уақыт бойы айқын белгі бермей жүруінде. Ал бақылаусыз қалған жоғары қан қысымы жүрекке, миға, бүйрекке және басқа да ағзаларға кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан әр тұрғын өзінің денсаулығына немқұрайлы қарамай, қан қысымын тұрақты бақылап, профилактикалық тексерулерден өтіп тұрғаны жөн. Дәрігер тағайындаған емді өз бетінше тоқтатпау, дұрыс тамақтану, дене белсенділігін арттыру, зиянды әдеттерден бас тарту және күйзелісті азайту – аурудың асқыну қаупін төмендетуге көмектесетін маңызды қадам, – деді Сырдария аудандық емхананың жалпы тәжірибелік бөлімі меңгерушісі Үмбігүлсім Жаңақұлова.
Бұл ретте, біз артериялық гипертензия мен жүректің ишемиялық ауруы бойынша мәліметті келтіріп отырмыз. Бұдан бөлек, денсаулығы сыр беріп, аурудың сан түрінен жапа шеккен жандарды көзіміз көріп жүр. Қоғамдағы ең үлкен мәселе – адамның өз денсаулығын үнемі кейінге қалдыруы. «Әзірге жұмысымды бітіріп алайын», «балаларды жеткізіп алайын», «үйдің шаруасы бар», «кейін дәрігерге барамын» деген сөз күнделікті өмірдің қалыпты әдетіне айналып кетеді. Денсаулық кейінге шегеруді күтпейді. Адам күн сайын жұмыс істеп, ақша тауып, отбасының жағдайын жасауға тырысады. Бірақ сол отбасыға қажет ең басты нәрсе – оның өзі екенін кейде естен шығарып алады. Балаға әкенің ақылы, анасының мейірімі, отбасыға ата-ананың амандығы қымбат. Сондықтан өз денсаулығына уақыт бөлу – өзімшілдікке жатпайды. Керісінше, отбасы алдындағы жауапкершілік.
ЖҰМЫСҚА ШАМАДАН ТЫС ЖЕГІЛУДІҢ ӨЗ САЛМАҒЫ БАР
Қазіргі қоғамда еңбек ету – қажеттілік. Бірақ еңбек пен денсаулықтың арасындағы тепе-теңдікті сақтау одан да маңызды. Ұзақ уақыт демалыссыз жұмыс істеу, ұйқының аздығы, қозғалыстың жеткіліксіздігі, дұрыс тамақтанбау, тұрақты жүйкелік ширығу адам ағзасына салмақ түсіреді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүрек-қантамыр ауруларының негізгі өзгертілетін қауіп фактор қатарында дұрыс тамақтанбау, дене белсенділігінің жеткіліксіздігі, темекі тұтыну және алкогольді зиянды пайдалану бар екенін атап көрсетеді. Маңызды фактор қан қысымының жоғарылауына, қандағы қант пен холестерин деңгейінің өзгеруіне, артық салмаққа алып келіп, жүрек талмасы мен инсульт қаупін арттыруы мүмкін. Яғни денсаулық бір күнде бұзылмайды. Көп жағдайда оның негізі жылдар бойы қалыптасады.
Адам жас кезінде ағзасының мүмкіндігіне сенеді. Ұйқысы қанбаса да жұмыс істейді, дұрыс тамақтанбаса да жүре береді, шаршаса да өзін тоқтатпайды. Бірақ жылдар өте келе ағза өзінің «есебін» бере бастайды. Мәселен, бір ұйқының зерттеу барысында ғалымдар көптеген тұжырым жасаған. «SEN» және «MEN» бестселлер кітаптарының авторы Азамат Скаков кезекті зерттеулерінде мынадай мысал келтірген.
– Қазір, әсіресе, жастардың арасында ұйқысы бұзылғандар өте көп. Егер, статистикасын шығаратын болса 15-30 жас аралығындағы жастардың 80 пайыздан астамының ұйқысы дұрыс емес екенін анықтауға болады. Әрине, жастық максимализм ұрып тұрған кезде шаршағанын, өзінде, ағзасында болып жатқан өзгерістерді байқамауы мүмкін. Түнгі қыдырыстар, жиналыстар, ойын-сауықтың қызығымен бұл минусқа мән бере бермейді. Енді ғана кәсібін бастап, аяққа тұрғызып келе жатқандардың арасында да күндіз-түні өзін жұмысқа салып, ұйқыға мән бермейтіндер өте көп. Бірі жұмыста, бірі сабаққа дайындалып, бірі түрлі ойын-сауық, қызықтың артынан қуып жүреді. Жай ғана түнде «youtube» ақтарып, сериал қарайтындар да көп. Жалпы, үлкендердің арасында да ұйқысын реттей алмай жүргендер баршылық. Негізі біздің қоғамда ұйқыға дұрыс мән берілмейді. Ұйқы-адам ағзасы мен миының қоршаған ортамен реакциясы ең төмен қалпындағы физиологиялық үрдіс. Зерттеулер бойынша бір тәулік ұйықтамаған адамның қанындағы глюкоза 6 пайызға азайып кетеді. Ал, глюкоза – мидың ең басты қуат көздерінің бірі. Ол азайып кетсе, дұрыс ойлана алмай қаламыз. Тез арада оны толтыру керек болғандықтан біз глюкозаны тәттілерден, түрлі торт, десерттерден іздеп кетеміз. Егер сізді жиі тәттіге тарта беретін болса, ұйқыңыздың сапасы туралы ойланып көріңіз. Ұйқы дұрыс болмауының зияны шаш етектен. Ең алдымен, ұйқысы дұрыс болмаған адамда мидың шешім қабылдау эффективтілігі 12-14 пайызға азайып кетеді. Ұйқысы қанбаған адам тапсырманы он екі пайызға ұзағырақ орындайды. Жиырма пайызға көп қателеседі. Көп жұмыс істеу мен эффективті жұмыс істеу деген бір нәрсе емес, – дейді Азамат Скаков.
Тұрмыстық қиындық та адамға салмақ түсіреді
Адамның денсаулығын тек аурумен байланыстыру жеткіліксіз. Оның өмір сүріп отырған ортасы, әлеуметтік жағдайы, отбасындағы ахуалы, күнделікті күйзелісі де маңызды. Тұрмыс қиындығы, қаржылық мәселе, қарыз, жұмыссыздық немесе тұрақсыз жұмыс, отбасылық түсініспеушілік – мұның барлығы адамның жүйке жүйесіне әсер етеді.
Кейде сырт көзге дені сау көрінетін адамның ішкі жан дүниесінде қаншама ауырлық жатқанын ешкім білмейді. Біреуі – жұмысындағы жауапкершілікті арқалап жүр. Енді бірі – қарт ата-анасына қарайды. Екіншісі – баласының болашағын ойлап алаңдайды. Үшіншісі – баспананың, қарыздың, күнкөрістің қамымен жүр.
Адамның денесі ғана емес, көңілі де шаршайды. Осыны ұмытпаған жөн. Сондықтан қоғамда денсаулық туралы сөз болғанда, тек аурудың алдын алу емес, адамның өмір сапасына, демалысына, отбасылық қарым-қатынасына, психологиялық жай-күйіне де мән берген жөн.
Психолог Ольга Коротина-Гессе күйзелістің алғашқы белгісі ретінде адамның көңіл-күйінің ұзақ уақыт бойы төмендеуі екенін атап көрсетеді. Оның айтуынша, адам ешқандай нақты себеп болмаса да өзін мұңды сезініп, бұрын қызығушылық танытқан нәрсесіне деген ықыласын жоғалтуы мүмкін. Маманның пікірінше, күйзеліс кезінде адамның зейін қою қабілеті де төмендейді. Ұмытшақтық пайда болып, күнделікті тапсырмаларды орындау қиындай түсуі ықтимал. Сонымен қатар адам өзін орынсыз кінәлауға, өзін қажетсіз сезінуге бейім болады. Кейбір жағдайда адамдар қарым-қатынастан алшақтап, жалғыз қалуды қалауы мүмкін. Ольга Коротина-Гессе атап өткен тағы бір маңызды белгі – ұйқы тәртібінің бұзылуы. Бір адам түнде ұйықтай алмай қиналса, енді бірі әдеттегіден ерте немесе кеш оянуы мүмкін. Тамақтану тәртібінде де өзгерістер байқалады: тәбеттің төмендеуі немесе керісінше, шамадан тыс тамақтану орын алуы ықтимал. Сондай-ақ адамның қимыл-қозғалысы баяулап, бұрынғыдай белсенділік таныта алмауы мүмкін. Бұл ішкі күш-қуаттың төмендеуімен байланысты болуы ықтимал. Сондықтан адамның көңіл-күйі мен мінез-құлқындағы мұндай өзгерістерді елемей, «өзі өтіп кетеді» деп жүре беруге болмайды. Әсіресе белгі ұзақ уақыт сақталып, күнделікті өмірге кедергі келтірсе, маманға жүгінген дұрыс.
ЗЕЙНЕТ – ӨМІРДІҢ СОҢҒЫ КЕЗЕҢІ ЕМЕС, КӨРЕТІН ҚЫЗЫҒЫ КӨП ШАҚ
Қазақ қоғамында «бейнеттің зейнетін көру» деген ұғымның мәні терең. Адам ондаған жыл еңбек етеді. Баласын өсіреді, үй салады, елге қызмет етеді. Еңбегінің жемісін көріп, немере сүйіп, ұрпағына ақыл айтып, өзі қалаған істермен айналысатын шақты күтеді. Алайда сол күнге жетпей қалған жандардың тағдыры бізге үлкен ой салуы керек. Зейнетке шыққан соң денсаулығыма көңіл бөлемін деу – кейде тым кеш болуы мүмкін. Денсаулықты бүгіннен сақтау керек. Отбасымен уақыт өткізу де бүгін керек. Жақын адамға жылы сөз айту да бүгін керек. Өйткені өмірдің ең қымбат сәті – «кейін» емес, дәл қазір. Қазақстанда өмір сүру ұзақтығының жалпы көрсеткіші өсіп келе жатқаны – жақсы үрдіс. Денсаулық сақтау саласында алдын алу, ерте анықтау және емдеу бағытының маңызы артып келеді. ДДҰ 2025 жылы Қазақстанның мезгілсіз жұқпалы емес аурулардан болатын өлім-жітімді азайту жөніндегі 2025 жылғы жаһандық межеге жеткенін атап өтті.
Бірақ статистикадан бөлек, әр адамның жеке жауапкершілігі де бар. Денсаулықты сақтау үшін міндетті түрде үлкен өзгеріс жасаудың қажеті жоқ. Күнделікті қозғалысты көбейту, дұрыс тамақтану, темекіден бас тарту, алкогольді шектеу, жеткілікті ұйықтау, қан қысымын бақылау, дәрігерге уақытылы қаралу – қарапайым көрінгенімен, маңызы зор қадам.
Ең бастысы, адам өзінің денсаулығын жұмыстан, ақшадан, тұрмыстық шаруадан кейінгі нәрсе деп қабылдамауы керек. Бүгін қасыңда жүрген әкең ертең болмауы мүмкін. Бүгін ақылын айтып отырған анаң ертең үнсіз қалуы мүмкін. Бүгін бірге жұмыс істеп жүрген әріптесің ертең орнын бос қалдыруы мүмкін. Сондықтан өмірдің қадірін жоғалтқаннан кейін емес, барында бағалай білу керек.
Жұмыс – өмірдің бір бөлігі. Ақша – өмір сүру құралы. Үй-жай, дүние-мүлік – қажеттілік. Ал өмірдің өзі – олардың бәрінен қымбат. Адам отбасын асырау үшін жұмыс істеуі керек. Бірақ жұмыс істеу үшін өмір сүретінін де ұмытпағаны жөн. Баланың күлкісін есту, ата-ананың батасын алу, жарымен бірге қартаю, немере сүю, достармен әңгімелесу, туған жердің ауасын жұту – өмірдің шынайы байлығы осылар емес пе? Сондықтан әр адам өзіне кейде қарапайым ғана сұрақ қойып отырғаны жөн: «Мен өз өмірімді қашан сүріп жүрмін?».
Зейнетке дейін жетемін деп жүріп, бүгінгі күнді жоғалтып алмау керек.
Бізге ең қажетті дүние – ұзақ өмірмен қатар мәнді, сапалы, дені сау жүру. Өйткені адамға берілген ғұмырдың қанша жыл екенінен бұрын, сол жылдардың қалай өткені маңызды.
Өмірдің қадірін түсіну үшін ажалды күтудің қажеті жоқ. Жақындарымызды қазір бағалайық. Денсаулығымызды қазір күтейік. Демалысқа қазір уақыт табайық. Жақсы сөзді қазір айтайық.
Балтабай ОРДАБЕКОВ











