Жылу маусымында қауіпсіздік – басты орында
ЕРКЕБҰЛАН ЕСЕНКЕЛДІ,«QazaqGaz Аimaq» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының
Сырдария аудандық газ шаруашылығының директоры:
Жылу маусымының басталуына санаулы уақыт қалды. Осыған байланысты газ жүйесінің қауіпсіздігі мен ақаусыз жұмыс істеуі маңызды мәселенің біріне айналатыны белгілі. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыты, газды пайдалану кезінде ескерілетін фактор, тұрғындар жиі жіберетін қателік, келісім-шартқа отырған мекеменің міндетін нақтылау мақсатында бірнеше сауалға жауап алу үшін «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының Сырдария аудандық газ шаруашылығы директоры Еркебұлан Есенкелдімен сұхбат құрдық. Әңгіме барысында жылу маусымына дайындық, газ жабдығын тексеру және қауіпсіздік талабын сақтау мәселесі кеңінен сөз болды.
– Еркебұлан Есенкелдіұлы, көпшілік арасында жиі талқыланатын бірнеше мәселе бойынша сауал жолдау жоспарға енгізіліп отыр. Ең алдымен, аудан көлемінде қанша тұрғын үй «көгілдір отын» пайдалатынын айта аласыз ба?
– Иә, ауданымызды «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету және алдағы жылу маусымына дайындық жұмысы біздің мекеменің басты назарында. Қазіргі таңда Сырдария ауданы бойынша мыңдаған тұрғын үй мен ондаған әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандары табиғи газдың игілігін көруде. Тұтынушылар қатары жыл сайын артып келеді, біздің мамандар әрбір үйдің жылу маусымына қауіпсіз кіруін қадағалауда.
– Қазіргі уақытта Сырдария газ шаруашылығы арқылы техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін неше мекеме бар?
– Бұл ретте, маңызды бір жайтты түсіндіріп өтейін. Облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес, бұрын қызмет көрсеткен «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесі қазіргі уақытта тарату (ликвидация) процесінде. Сондықтан, осы жылдың наурыз айынан бастап Сырдария ауданын газбен қамтамасыз ету, тасымалдау және желілерді басқару жұмысы толығымен «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының Сырдария аудандық газ шаруашылығына өтті. Біз осы мекеменің ресми қызметкерлері ретінде аудан көлеміндегі орталық жүйелердің қауіпсіздігіне тікелей жауаптымыз. Ал тұрғындардың үйішілік газ жабдықтарына (ҮІГЖ) техникалық қызмет көрсету мәселесіне келсек — бұл нарық бәсекелестік ортада. Қазіргі уақытта ауданда осы бағытта арнайы рұқсаты мен лицензиясы бар мамандандырылған бірқатар мердігер мекеме жұмыс істейді. Тұрғындар өз қалауы бойынша осы мекемелермен ҮІГЖ-ге қызмет көрсету келісімшартын жасайды.– Бүгінде жергілікті халық техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметіне 6100 теңге төлеуде. Бұл қаражат бір жылға жеткілікті ме?
– Сауалыңыз орынды. Тұрғындар төлем жасаған 6100 теңге – бұл ҮІГЖ-ге (үйішілік газ жабдықтарына) қызмет көрсететін мердігер мекеменің бір жылдық келісімшарт құны. Бұл ай сайынғы емес, жылына бір-ақ рет төленетін қаражат. Бекітілген регламентке сәйкес, бұл қаражат жыл бойына жоспарлы техникалық байқау өткізуге, газдың сыртқа кетуін тексеруге және мамандардың шығынын өтеуге толықтай жетеді.
– Келісімшартқа отырған тұрғындар мекеме мамандарын тұрақты түрде шақыра ала ма?
– Әрине, тұрғындар үйішілік газ жабдықтарына қызмет көрсету келісімшартын жасасқан соң, жыл ішінде газ қондырғысынан қандай да бір ақау сезсе немесе күмәнданса, сол мекеме маманын ешқандай қосымша ақысыз, тұрақты түрде шақыруға толық құқылы. Олар келіп, жабдықтарды тексеріп, реттеп беруге міндетті.
– Тұтынушылар газ бағасын қалай төлейді? АЛСЕКО-ға Сіздің мекемеңіз қосылған ба?
– Жоқ, біздің мекеме – «QazaqGaz Aimaq» АҚ АЛСЕКО жүйесіне қосылмаған. Бізде тұтынушыларға ыңғайлы болуы үшін өзіміздің дербес цифрлық экожүйеміз дамытылған. Қазіргі таңда тұрғындар үшін «QazaqGaz Aimag» арнайы мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Сол қосымша арқылы әрбір тұтынушы жеке шотының теңгерімін тексеріп, газ көрсеткішін онлайн жолдап, түбіртекті (квитанция) жүктей алады. Сонымен қатар газ ақысын танымал банк қосымшалары (Kaspi.kz, Halyk Bank) арқылы «Коммуналдық төлемдер» бөлімінде жеке шотты (лицевой счет) енгізу арқылы үйден шықпай-ақ оңай төлеуге болады.
– Тұрғындар көкейіндегі басты сауал – қауіпсіздік мәселесі. Келісімшартқа отырған мекеме газ қондырғысын бастапқыда қосып беруге мүдделі ме? Тұрғындар қандай қауіпсіздік іс-шарасын қолдануы керек?
– Біздің де, мердігер мекемелердің де басты мақсаты – газдың жүйеге қауіпсіз қосылуы және апаттық жағдайдың алдын алу. Сондықтан алғашқы қосу жұмысы тек мұқият техникалық тексерістен кейін ғана жүзеге асырылады. Ақауы бар немесе талапқа сай емес қондырғы жүйеге қосылмайды. Ал тұрғындар тарапынан сақталуы тиіс басты қауіпсіздік іс-шарасына тоқтала кетейін. Газ жабдықтарын (пеш, қазандық) өз бетінше ауыстыруға, басқа жерге ауыстыруға немесе жөндеуге қатаң тыйым салынады. Мұржа мен желдеткіш жүйелерінің тартылысын (тяга) үнемі тексеріп, тазалап отыру қажет. Бұл иіс тиюдің (угарный газ) алдын алады. Үй ішінде газ иісі сезілсе, дереу газ шүмегін жауып, терезені ашу керек. Бұл кезде электр жарығын, сіріңкені, құралдарды қосуға немесе өшіруге мүлдем болмайды (кішігірім ұшқын жарылысқа әкелуі мүмкін). Дереу қауіпсіз жерге (сыртқа) шығып, біздің 104 апаттық қызметімізге хабарласу қажет. Жылыту маусымы басталмас бұрын үйішілік газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету келісімшарттарын уақытылы жасасуды немесе ұзартуды сұраймыз. Салғырттық – сіз бен біздің жақындарымыздың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Сұхбаттасқан Балтабай ОРДАБЕКОВ











