Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылыту маусымына дайынбыз ба?

Жылыту маусымына дайынбыз ба?

Жылыту маусымының басталуына да санаулы уақыт қалды. Жылу беру мәселесі бойынша дайындық күн тәртібінен түскен емес. Маусымның жақындауына орай дайындық пысықталып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте аталған мәселе қаралды.

– Өздеріңізге белгілі, жылу беру мау­сымына әзірлік Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тікелей бақылауында. Биыл жылу көздері мен желілерін жаңғыртуға республикалық және жергілікті бюджеттен 12 млрд теңге қаржы бөлінді. Осы қаржыны тиімді игеріп, жұмысты уақытылы және сапалы жүргізу қажет. Нысандардың барлығы 1 қазанда дайын болу керек. Облыс тұрғындарын көмірмен қамтамасыз етудегі түйткілдер де түгелімен шешім табуы, алдағы жылу беру маусымында ешқандай мәселе туындамауы тиіс, – деді облыс әкімі.

Осы орайда аудандағы жылыту мау­­сымына дайындық мәселесін білу мақ­сатында тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық, жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейірхан Бақытжанұлымен байланыс орнаттық.

– Аудан әкімінің 2024 жылғы 29 сәуірдегі №76 өкімімен 2024-2025 жыл­дардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде аудандық штаб құрылып, тиісті іс-шаралар бекітіліп, жұмыстар атқарылуда. Аудан бойынша барлығы 80 әлеуметтік нысан бар. Оның ішінде, білім беру саласында – 36 нысан, денсаулық сақтау саласында – 17 нысан, мәдениет және спорт саласында – 27 нысан бар. Олардың кейбірі сұйық отынмен, кей нысандар қатты отынмен, енді бірі газбен жылытылады. 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін әлеуметтік нысандарға қажетті сұйық және қатты отын сатып алуға 244,4 млн теңге бөлінген. Аталған қаржыға 796,8 тонна сұйық отын, 1323 тонна қатты отын сатып алу жоспарланып, тасымалдаушылармен шарт жасалды, – деді бөлім басшысы.

Сондай-ақ, жылу беру маусымына дайындық барысында нысандардың қазандықтары тексеріліп, жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізіледі. Және кенттегі №131 орта мектеп ғимаратының жылыту қазандығын газ отынына қайта жабдықтауға аудандық бюджеттен 55,3 мың теңге қаржы бөлінген. Ал мердігер мекеме ретінде «AsiaStroyKZ» ЖШС анықталып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын да айта кету орынды.
– Тұрғындар үшін қажетті көмірді қамтамасыз ету мақсатында «Нұрдаулет» жеке кәсіпкерімен 6927 тоннаға меморандум жасалған. Бүгінгі күнде аталған қоймада 500 тонна «Шұбаркөл» көмірі, «Углесбыт» ЖШС-нің базасында 200 тонна «Екібастұз» көмірі бар. Н.Ілиясов ауылында «Мағжан және К» шаруашылығында 100 тонна «Шұбаркөл» тұрғындарға сатылуда. Жалпы бүгінде ауданға қажетті 8250 тонна көмірдің шамамен жартысы келіп үлгерді. Сатып алып, ерте бастан қамданғандар да бар. Тұрғындардың сұранысы бойынша жеткізіліп отырылатын болады, – дейді М.Бақытжанұлы.

Айта кетерлік нәрсе – қауіпсіздік мәселесі. Себебі көмір болсын, көгілдір отын яки сұйық отын да, қараусыз қалса, өте қауіпті. Осы ретте сала мамандары тұрғындарға қауіпсіздік үшін жылу беру маусымына дайындықты осы бастан қамдау қажеттігін айтады. Әлде де бір ай уақыт бар дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайды. Күн райы құбылып, күздің ызғары қазірден сезіледі. Бұндайда «Қыс қыр астында» деп халық даналығы ерте қамданудың қажеттігін меңзейді. Жалпы ауданда жылу беру маусымына дайындық жоспарлы түрде жүзеге асып келеді. Жеке тұрғын-үйлер бойынша үй иелері қам жасап, қажет жағдайда сала мамандарымен кеңесуіне болады.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Н.НҰРЖАУБАЙ
17 қыркүйек 2024 ж. 397 0