Шаңырақ шаттығы – ұрпаққа өнеге
Отбасы күні аясында облыс орталығында тағылымы мол басқосу өтіп, отбасылық құндылықты дәріптеуге айрықша мән берілді. «Отбасы орталығында» облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Гауһар той», «Алтын той», «Лағыл той», «Інжу той», «Күміс той» секілді отбасылық мерейтойға жеткен өнегелі шаңырақ иелерімен және жас отбасылармен кездесті. Жүздесуде ерлі-зайыптылардың ұзақ жылғы өмір жолы, бала тәрбиесі, отбасындағы сыйластық пен өзара түсіністік жайында мазмұнды әңгіме өрбіді.Кездесуге Сырдария ауданынан барған Қамар Рүстемов пен зайыбы Зарипа Сейітова да арнайы қатысты. Сексен төрт жасты еңсерген Қамар Рүстемұлы мен Зарипа апа биыл отбасылық өмірлерінің айтулы белесі – «Гауһар тойын» атап өтуде.
Мерейтой иелерін облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы құттықтап, отбасылық құндылықтарды сақтап, ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосып келе жатқан шаңырақтарға ризашылығын білдірді.
Қамар Рүстемов – Сырдария өңіріне еңбегі сіңген, елдің өткені мен бүгінін таразылай білетін қазыналы қария. Шежірелі қарт, дін қайраткері Құлболды ишанның бесінші ұрпағы саналатын Қамар Рүстемұлы саналы ғұмырын елге қызмет етуге, білім мен тәрбиеге, руханият пен қоғамдық жұмысқа арнады.
Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығы еліміздің қалыптасу кезеңімен тұспа-тұс келді. Сол уақытта қоғамда құрылымдық өзгеріс орын алып, ел өмірінде маңызды шешім қабылданды. Осындай күрделі кезеңде Қамар Рүстемұлы теріскейде жатқан Қоғалыкөл ауылына басшылық жасап, елдің әлеуметтік ахуалы мен тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселені шешуге атсалысты.
Қоғалыкөл ауылының әкімі қызметін атқарған жылдары елдік мәселеге белсене араласып, ауылдың дамуына өз үлесін қосты. 1996 жылы сол кездегі ел астанасы Алматы қаласында өткен республикалық жиынға қатысып, ел көлеміндегі маңызды мәселенің куәсі болды. Бұл – Қамар ақсақалдың мемлекеттік қызметтегі жауапкершілігі мен қоғамдық белсенділігін көрсететін өмір жолының бір ғана белесі.
Мемлекеттік қызмет пен ұстаздық еңбекті қатар алып жүрген Қамар Рүстемұлы дін саласында да өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Бабадан жеткен рухани мұраны қастерлеп, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуді азаматтық парызы санайды. Құлболды ишанның мұрасын зерттеп, бабасының еңбектерін Қазақстан Ғылым академиясына табыстауы да оның тарихи құндылыққа деген жауапкершілігін аңғартады.
Ал оның өмірлік серігі Зарипа Сейітова – ауылдағы білім саласына қырық жылға жуық уақытын арнаған ардақты ұстаз. Ағылшын тілінен сабақ берген Зарипа апа талай шәкірттің білім нәрімен сусындауына ықпал етті. Бір шаңырақта елге қызмет етудің екі түрлі бағытын тоғыстырған ерлі-зайыпты төрт баланы – екі қыз, екі ұлды тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардан тараған немере-шөберелерінің қызығын көріп, ұрпақтарының ортасында өнегелі өмір сүріп келеді.
Ұзақ жылдық отбасылық ғұмырдың басты құндылығы да осында. Бір-бірін түсіну, қиындықта қолдау көрсету, қуанышты бірге бөлісу, бала тәрбиесінде ортақ мақсат ұстану – берекелі шаңырақтың берік іргетасы.
Қамар Рүстемовтің айтуынша, отбасындағы татулық пен сыйластық бір күнде қалыптаспайды. Ол – жылдар бойы қалыптасатын үлкен жауапкершілік пен өзара құрметтің нәтижесі.
– Отбасы деген – адамның өмірдегі ең үлкен мектебі. Адамның мінезі де, тәрбиесі де, елге деген көзқарасы да ең алдымен отбасында қалыптасады. Ерлі-зайыптының бір-біріне деген құрметі, сабыры мен түсіністігі балаға тікелей әсер етеді. Сондықтан отбасы құндылығын сақтау – тек екі адамның ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі деп ойлаймын. Зайыбым Зарипамен бірге талай жылды артқа тастадық. Әрине, өмірде қуаныш та, қиындық та болады. Бірақ қандай жағдай болса да, бір-біріңе сүйеу болып, ақылдасып, сабырмен шешім қабылдай білу керек. Біздің ең үлкен бақытымыз – балаларымыздың амандығы, олардың азамат болып қалыптасуы, немере-шөберелеріміздің қызығын көру. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар. Бұл – жай айтылған сөз емес, өмірдің шындығы. Бала ата-анасының сөзінен бұрын ісіне қарайды. Үйдегі үлкендердің бір-біріне деген сыйластығын көрген бала да сол тәрбиені бойына сіңіреді. Сондықтан жас отбасыларға айтарым – шаңырақтың берекесін сырттан емес, өздеріңнен іздеңдер. Бір-біріңді бағалаңдар, үлкенді сыйлаңдар, бала тәрбиесіне бірге көңіл бөліңдер, – дейді Қамар Рүстемов.
Қазыналы қарияның сөзі – бір әулеттің ғана емес, талай жылдық өмір тәжірибесінен өткен азаматтың кейінгі буынға айтқан аманаты. Қамар ақсақал үшін отбасы құндылығы тарихи мұрамен де сабақтас. Ол атадан қалған жәдігерлерді, бабалардың өнегесін, рухани мұраны сақтау – ұрпақ алдындағы үлкен міндет екенін үнемі айтып келеді. Қасиетті Меккеден әкелінген жайнамазды құнды жәдігер ретінде бағалауы да оның рухани мұраға деген құрметінің бір көрінісі.
Аудандық мәслихат депутаты Динара Ибадуллаева Қамар Рүстемов пен Зарипа Сейітованың отбасылық өмірі – кейінгі буынға үлгі боларлық өнегелі жол екенін қуаттай түсті.
– Қамар Рүстемов пен Зарипа Сейітованың шаңырағы – ұзақ жылғы сыйластық пен өзара түсіністіктің, еңбектің және отбасына деген жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Қамар ағамыз елге қызмет етсе, Зарипа апамыз білім саласында еңбек етіп, талай жыл ұстаздық жолдан өтті. Екеуі де өз саласында маңдай терін төгіп, елдің дамуына үлес қосты. Ең бастысы – осы еңбек жолын отбасының берекесімен ұштастырып, ұл-қыздарын тәрбиелеп, бүгінде немере-шөбересінің қызығын көріп отыр. Бүгінде қоғамда жас отбасыларға бағыт-бағдар беретін осындай өмірлік тәжірибесі мол жандардың өнегесі аса қажет. Себебі отбасы – тек бірге тұратын адамдардың ортасы емес. Ол – тәрбие мектебі, мейірім мекені, ұлттық құндылықтардың жалғастық табатын ортасы. Үлкендердің батасы мен ақылы, ата-ананың тәрбиесі баланың азамат болып қалыптасуына үлкен әсер етеді. Сондықтан Отбасы күні секілді атаулы күннің мәні зор. Мұндай кездесу арқылы көп жыл отасып, өнегелі әулет қалыптастырған қаншама отбасының тәжірибесі жас буынға насихатталады. Бұл – қоғам үшін де, болашақ ұрпақ үшін де маңызды. Біз осындай көптеген шаңырақты ардақтап, олардың өнегесін кейінгі буынға жеткізуіміз керек, – дейді Динара Ибадуллаева.
Қамар Рүстемов пен Зарипа Сейітованың шаңырағы – осы құндылықтардың айқын көрінісі. Екі адамның тағдыры бір арнаға тоғысып, ұрпақ тәрбиесімен, елге қызмет етумен, рухани мұраны қастерлеумен сабақтасып келеді. Отбасы күні қарсаңындағы осындай тағылымды кездесулердің түпкі мәні де осында. Өнегелі шаңырақтарды ұлықтау арқылы қоғам отбасының қадірін арттырады. Ал берік отбасы – берік тәрбиенің, берік тәрбие – берік қоғамның негізі.
Балтабай ОРДАБЕКОВ











