Дезинфекция, дератизация, дезинсекция: денсаулықты қорғаудың маңызды іс-шаралары
Қолдану мақсатына қарай дезинфекция (залалсыздандыру) екі түрге бөлінеді: сақтық (профилактикалық) залалсыздандыру және ошақтық залалсыздандыру (күнделікті немесе ағымдық және қорытынды).
Сақтық (профилактикалық) залалсыздандыру шаралары емдеу-сауықтыру мекемелерінде ауруханаiшiлiк инфекцияның алдын-алу мақсатымен жүргiзiледi.
Ошақтық залалсыздандырудың ағымдық түрінде инфекциялық және паразиттік ауру ошағындағы ағымдағы дезинфекциялауды науқасты күтетін адам немесе бактерия тасымалдаушы науқасты анықтаған сәттен бастап ауруханаға жатқызғанға дейін, үйде емдеу кезінде – сауыққанға дейін, бактерия тасымалдаушыларда – толық санацияға дейін жүргізеді.
Жұқпалы және паразитарлық аурулар ошақтарында қорытынды дезинфекция науқас ауруханаға емдеуге жатқызылып, оқшауланғаннан кейін, науқасты бір бөлімшеден екінші бөлімшеге ауыстырғаннан кейін, сондай-ақ науқас қайтыс болған кезден бастап бір тәулік ішінде жүзеге асырылады.
Дератизация – індет ауруларын тарататын кеміргіштерді (егеуқұйрық, тышқан, саршұнақ және т.б.) жоюға немесе санын азайтуға бағытталған іс-шараларының кешені.Дератизация кеміргіштер тарататын түрлі аурулардың (оба, туляремия, құтыру, сарып, күйдіргі, сальмонеллез, т.б.) қоздырғыштарын дер кезінде құрту, олардан сақтандыру үшін жүргізіледі. Сақтандыру үшін тұрғын үйлер мен ғимараттардың астындағы жертөлелерді, қоймаларды, мал мен құс қораларын таза ұстап, азықты тышқан кіре алмайтын қоймаларда сақтайды.
Дезинсекция – ауру қоздырғыштарын тарататын зиянды жәндіктерді жою үшін мал фермаларында, құс фабрикаларында,ет комбинаттарында, қоймаларда, т.б. қолданылатын малдәрігерлік-санитарлық шаралардың бірі. Дезинсекцияның мақсаты – ауру қоздырып, тарататын жәндіктерді жою және олардың өсіп-өнуіне, көбеюіне жол бермеу. Дезинсекция шарасы өндірістік, тұрғын үй-жайларда, ғимараттарда, құрылыстарда, көлікте, қалалық және ауылдық мекен аумақтарында, су қоймаларын, сондай-ақ синантропты буынаяқтылар мен кеміргіштердің табиғи мекендеу орындарын қоса алғанда, оларға іргелес ашық табиғат учаскелерінде жүргізіледі.
Дезинфекция, дератизация,дезинсекция жұмыстарын жергілікті жерлерде осы шараны жүргізуге арнайы рұқсаты бар мекемелер мен жеке кәсіпкерлер жүргізеді.
Осы шараларды жүргізу кезінде төмендегі жалпы қауіпсіздік шаралары сақталуы тиіс:
1.Жұмыс жүргізу үшін жасы 18- ден кем емес арнайы медициналық талаптарға сай, арнайы тексеруден өткен адам ғана осы жұмысқа босатылады.
2.Мамандығы бойынша рұқсат қағазын алған тұлға ғана жұмыс істеуге құқылы болып табылады. Жұмысқа кіріспес бұрын қызметкер арнайы оқу-тәжірибеден өткен және де еңбек ережелерімен танысқан болуы керек.
Дезинфекция, дератизация, дезинсекциялық жұмыстарын жүргізетін адамдар жұмыс істеу барысында арнайы киіммен:халат, аяқ киім, респираторлар, резиналық қолғаптар, көзілдіріктер кию қажет және жеке бас қауіпсіздік заттарымен (СИЗ) қамтамасыз етілуі тиіс.
Дезинфекциялық, дератизациялық, дезинсекциялық шараларға қолданылатын улы препараттар желдетілетін, стеллаждармен, сөрелермен, шкафтармен жабдықталған арнайы үй-жайларда,қоймаларда сақталу керек.
Қ.ОМАРОВА,
Сырдария аудандық СЭББ басшысы
Фото: ашық дереккөз










