Заңдылық жолына ғұмырын арнаған тұлға
Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, заң саласының білікті маманы Юрий Александрович Хитрин 80 жасқа толып отыр. Саналы ғұмырын елдің құқықтық жүйесін нығайтуға, заңдылық пен әділдікті қамтамасыз етуге арнаған азаматтың мерейлі белесі – тек прокуратура органдары үшін ғана емес, тұтас құқық қорғау саласы үшін маңызды дата.Юрий Хитрин еңбек жолында жоғары кәсібилігімен, әділдігімен және мемлекет мүддесіне адал қызметімен ерекшеленді. Ол әр жылдары Қазақстан Республикасының Бас прокуроры, Конституциялық Кеңестің Төрағасы қызметтерін абыроймен атқарып, еліміздің құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуына елеулі үлес қосты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құқықтық жүйені жетілдіру, заң үстемдігін орнықтыру және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Сол кезеңде Юрий Александровичтің мол тәжірибесі мен білімі мемлекет үшін маңызды шешімдердің қабылдануына негіз болды. Оның бастамалары прокуратура органдары қызметінің тиімділігін арттырып, құқық қорғау жүйесінің дамуына серпін берді.
Әріптестері мен замандастары Юрий Хитринді принципшіл, парасатты әрі жауапкершілігі жоғары тұлға ретінде ерекше құрметтейді. Ол тек басшы ретінде ғана емес, жас мамандарға бағыт-бағдар берген тәлімгер ретінде де ел есінде қалды. Оның өмір жолы – Отанға адал қызмет етудің, кәсібіне деген шынайы жанашырлықтың жарқын үлгісі.
Заң мен тәртіпті сақтау жолындағы табанды қызметі, мемлекетке сіңірген еңбегі әрдайым жоғары бағаланады.
Сырдария аудандық прокуратурасы









