Сақтық – судағы қауіпсіздік кепілі
Жаз мезгілінде аптап ыстықтан салқын суға шомылуға асығатын тұрғындар саны артады. Алайда су айдындары демалыс орны ғана емес, сақтықты талап ететін қауіпті аймақ екенін әрбір азамат есте ұстауы қажет. Судағы қауіпсіздік ережелерін елемеу орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.Суға шомылу кезінде ең басты талап – рұқсат етілген және арнайы жабдықталған орындарды таңдау. Белгіленбеген, ағысы қатты, тереңдігі белгісіз және қауіпті учаскелерде шомылуға болмайды. Әсіресе балаларды су маңында қараусыз қалдыруға жол берілмейді. Баланың қауіпсіздігіне ата-ана тікелей жауапты.
Суда мас күйінде шомылу, белгісіз жерден суға секіру, қайықпен жүзу кезінде қауіпсіздік құралдарын пайдаланбау – қайғылы жағдайға соқтыратын негізгі себептердің бірі. Сонымен қатар су айдынында бір-бірін итеру, алыстауға тырысу немесе жүзу мүмкіндігін асыра бағалау да аса қауіпті.
Құрметті аудан тұрғындары! Су қателікті кешірмейді. Бір сәттік немқұрайлылық – орны толмас өкінішке айналуы мүмкін. Сондықтан демалыс кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, жақындарыңыздың өміріне жауапкершілікпен қараңыздар. Балаларға ерекше бақылау жасап, олардың суға жалғыз баруына жол бермеңіздер.
Есіңізде болсын: қауіпсіздік ережесін сақтау – қорқыныш емес, өмірді қорғаудың ең дұрыс жолы. Өзіңізді және жақындарыңызды қауіптен сақтаңыз!
Сырдария аудандық
төтенше жағдайлар бөлімі
Фото: ашық дереккөз










