Ұлт руханиятының қазынасы
Халқымыздың рухани байлығы – отбасы құндылығы. Отбасын шағын мемлекет десек, еліміздің болашағы отбасында тәрбиеленіп жатқан өскелең ұрпақтың қолында. Жалпы отбасы құндылығы мемлекет назарынан тыс қалған емес. Қоғамның ажырамас бөлігі саналатын құндылық адам бойындағы адамгершілік қасиетті қалыптастыруда ерекше маңызды рөл атқарады.Отбасын құрған әрбір жас ең алдымен бала кезінен ата-анасынан алған тәрбиесін өзі отбасын құрғанда қалыптастырудан бастайды. Дүниеге баласы келгеннен бастап, жастардың бір бірін қолдау мен құрмет көрсету осы құндылықтың негізі. Отбасындағы сүйіспеншілік, үлкенге құрмет көрсету мен кішіге қамқор болу, бір-біріне көңіл бөлу, кемшілігіне түсіністікпен қарап, оны қабылдау секілді қасиет әрбір отбасын бақытқа жетелейді.
– Бала кезімізден сыйластық, қатты сөз айтпау, адамның көңіліне қарау сияқты қасиетті бойымызға сіңіріп өстік. Қазір қоғам өзгерген сайын жас ұрпақтың бойынан мұндай қасиет алыстап бара жатыр. Оған себеп – қолынан тастамайтын ұялы телефон. Телефоннан әлемдегі небір керек емес жат дүниелерді көріп, қатыгездікті үйренгеннен басқа ештеңе жоқ. Бұл – нағыз қасірет. Тәрбие төмендеп, баланың бойын жаман әдет басады.
Үлкеннің сөзіне құлақ аспай, ата-анасына бір мезгіл көмектеспейтін баланың болашағы не болмақ?! Мұның барлығы айналып келгенде отбасылық құндылықтың әлсіреуінен, тәрбиенің осалдығынан. Ұзақ жыл білім саласында еңбек еткен ұстаз ретінде айтарым, үлкендер баласымен ашық сөйлесуден қашпауы керек, уақыт бөліп, ойын біліп, тәрбиесі әлсіреп бара жатса, дереу қолға алып түзеуге ұмтылуы керек. Негізінен еңбекке баулымаған баладан әлжуаз ұрпақ шығады. Қарапайым тазалыққа үйрету, үй ішін жинау, есік алдын тазалап қою ер баланың да, қыз баланың да қолынан келеді. Жалқаулыққа бой алдырмай, ата-ана тапсырма беріп, оның орындалғанын қадағалап, нәтижесінде мақтап, мадақтап отырса, одан жаман бала шықпайды, – дейді ардагер-ұстаз С.Шамшадинова.
Иә, бақытты отбасының кілті – жауапкершілік. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, отбасында әке мен шешенің қарым-қатынасын көріп өскен бала, азамат болғанда өзі отбасында көргенін жасайды. Ата-анасы тату, айрандай ұйыған отбасында тәрбие көрген баланың бойына отбасылық құндылықтар сіңіп, жанұя құру деген түсінікті маңызы зор, қасиетті ұғым деп қабылдайды.
Отбасылық құндылықты сақтау мен дамыту – ұлтық мүддені жоғары қоятын әрбір азамат өзінің парызы деп білуі керек. Әрбір отбасында өскен тәрбиелі, білімді ұрпақ еліміздің ертеңгі өмірінің кепілі.











