Қызылордада қылмыс тіркелмеген елді мекендер қатары артуда
Қызылорда облысында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған бастамалар кеңінен қолдау тауып келеді. Қоғамдық тыныштықты сақтап, ұрпақ болашағын ойлаған ауыл тұрғындары «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстанып, көпшілікке үлгі көрсетуде. Солардың қатарында – Қызылорда қаласына қарасты Талдыарал және Баймұрат ауылы. Екі ауылға бір учаскелік полиция инспекторы қызмет көрсетеді. Соған қарамастан елді мекендерде қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары жүйелі жолға қойылған.Мұнда «ішімдіксіз орта» ұстануға бағытталған ауқымды бастама қолға алынып, бүгінде өз нәтижесін беруде.
Учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Сарбалаев Жасұлан Ахметұлының мәліметінше соңғы екі жыл ішінде ауылдарда бірде бір қылмыс тіркелмеген. Бұл – ауылдағы қоғамдық тәртіптің тұрақты деңгейде екенін және тұрғындардың қауіпсіздік талаптарын сақтауға жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді.
Қазіргі таңда бұл ауылдарда 3200 тұрғын тұрады. Елді мекенде екі мектеп, медициналық пункт және күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар сатылатын төрт дүкен жұмыс істейді. Ауыл дүкендерінде алкоголь өнімдері, оның ішінде арақ сатылмайды. Бұл – тұрғындардың салауатты өмір салтын таңдауға деген ұмтылысы мен ортақ бастаманың нақты нәтижелерінің бірі.
Талдыарал және Баймұрат ауылдары – еңбекті қадірлейтін, бірлігі бекем ауыл. Ауыл ақсақалдары жастарға өнеге айтып, татулық пен өзара сыйластықты үнемі насихаттап отырады. Осындай бауырмалдық пен ортақ жауапкершілік арқасында мұнда дау-жанжал да, ұрыс-керіс те жоқ.
Айта кетейік, Қызылорда облысында «Ішімдіксіз ауыл» бастамасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, бүгінде кең ауқымға ие болып келеді. Қазіргі таңда өңірде алкоголь өнімдерін тұтыну мен сатудан толықтай бас тартқан 37 елді мекен бар. Ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және өскелең ұрпаққа қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Фото: ашық дереккөз










