Мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны аясында кездесу өтті
Сырдария аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны аясында жоғары сынып оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өткізілді.Кездесудің мақсаты – жастар арасында әскери қызметтің маңызын кеңінен насихаттау, Отан қорғау жолындағы азаматтық жауапкершілікті арттыру және әскери-патриоттық тәрбиені нығайту.
Іс-шараға Сырдария ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің инспекторы Асанов Айдос қатысып, мерзімді әскери қызметке шақыру тәртібі, әскери қызметтің артықшылықтары, әскери қызметшілерге қарастырылған әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер, сондай-ақ әскери борышты өтеудің маңызы жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында қазіргі әлемдегі геосаяси ахуалға да тоқталып, түрлі өңірлерде орын алып жатқан халықаралық қақтығыстар мемлекеттердің қорғаныс қабілетін нығайту мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызын айқындай түсетіні айтылды. Осыған байланысты жастарға ел тыныштығы мен тәуелсіздігін қорғауда әскери дайындықтың және әрбір азаматтың конституциялық борышын адал атқаруының маңызы түсіндірілді.
Сонымен қатар, жастар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, әскерге шақыру науқанына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Мұндай кездесулер жас ұрпақтың патриоттық санасын қалыптастырып, ел қауіпсіздігі мен қорғанысын қамтамасыз ету жолындағы азаматтық жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.










