Дене қозғалысы – денсаулыққа салынған инвестиция
Таңертеңгілік уақыттан бастап Тереңөзек кентінің орталық стадионында аудан тұрғындары жиналып, саламатты өмір салтын ұстану мақсатында таңғы жаттығу жасайды. Олар спорттық жүріс пен жүгірумен машықтанады. Ел бірлігін, ынтымағы мен жасампаздық рухын дәріптейтін маңызды мереке – Астана күні аясында орталық стадионда жеңіл атлетикадан өткен сайысқа әртүрлі жас санатындағы 17 спортсүйер азамат қатысып, өзара бақ сынады. Қатысушылар жарыс барысында жылдамдық пен төзімділігін көрсетіп, жоғары спорттық дайындығын байқатты.Соңғы жылдары Сырдария ауданында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Әсіресе таңғы мезгілде стадионға жиналып, жүгіруді, дене шынықтыру жаттығуларын тұрақты түрде әдетке айналдырған тұрғындардың қатары артып келеді. Мұндай игі бастама халық денсаулығын нығайтып қана қоймай, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға да оң ықпалын тигізуде.
Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне білім саласының ардагері, спорт жанашыры Бегалы Серікбаев пен Сырдария аудандық балалар-жасөспірімдер дене тәрбиесі даярлығы клубының директоры Жасұлан Каусов демеушілік жасап, жекелеген жеңімпаздар мен жүлдегерлерді арнайы сыйлықтармен марапаттады. Іс-шара барысында сөз алған Бегалы Серікбаев мұндай жарыстың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Астана күні – халқымыз үшін айрықша мәні бар мереке. Осындай мерекені бұқаралық спорттық іс-шарамен ұштастырудың тәрбиелік мәні зор. Спорт – денсаулықтың кепілі, ұлт саулығының негізі. Сондықтан тұрғындардың таңертең ерте стадионға келіп, дене шынықтырумен тұрақты айналысып жүргенін көргенде ерекше қуанышқа бөленемін. Бұл – саламатты өмір салтының нақты көрінісі. Әсіресе жастар үлкендерден үлгі алып, спортпен шұғылдануды өмірлік дағдыға айналдырса, болашағымыздың жарқын болатынына сенім мол. Мұндай жарыс алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, оған қатысушылардың қатары арта береді деп ойлаймын. Біз әрқашан ауданымыздағы спорттық бастамаларды қолдауға дайынбыз, – деді Бегалы Серікбаев.
Астана күні аясында өткен бұл жарыс аудан тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын арттырумен қатар, бұқаралық спортты дамытуға, тұрғындардың бірлігін нығайтуға және саламатты өмір салтын кеңінен насихаттауға бағытталған тағылымды іс-шаралардың бірі болды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын үнемі айтып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды ауданымызда жүйелі түрде жалғастыру – біздің ортақ міндетіміз. Осындай жарыс арқылы әрбір тұрғынның бір-бірімен тәжірибе алмасуына, жастардың үлкендерден үлгі алуына және халықтың денсаулығын нығайтуға мүмкіндік жасалады. Бүгінгі жарысқа қатысқан әрбір азамат жеңіске емес, ең алдымен өз денсаулығына инвестиция салды деп есептеймін. Барлық қатысушыларға белсенділіктері үшін алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да осындай бұқаралық спорттық іс-шаралардың саны артып, оған қатысушылардың қатары көбейе береді деп сенемін. Саламатты ұлт – қуатты мемлекеттің негізі. Сондықтан әрбір тұрғынды спортпен шұғылданып, белсенді өмір салтын ұстануға шақырамын, – деді Сырдария аудандық балалар-жасөспірімдер дене тәрбиесі даярлығы клубының директоры Жасұлан Каусов.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ










