Дамудың басым бағыты
Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және өңірлердің инженерлік инфрақұрылымын дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі. Әсіресе ауылдық елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттырып қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсартуға, энергия ресурстарын тиімді пайдалануға және ауылдардың тұрақты дамуына оң ықпал етеді. Осы мақсаттағы жұмыстардың орындалу барысы мен алдағы міндеттерді талқылау мақсатында аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде ауданның газ саласын дамыту және тұрғындарды табиғи газмен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.Аудан басшысы газдандыру жұмыстарының халықтың тұрмыс сапасын арттырудағы маңызына тоқталды.
– Тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан газдандыру жобаларының әрбір кезеңі сапалы әрі уақытылы орындалуы қажет. Жауапты мекемелер үйлесімді жұмыс жүргізіп, қолға алынған жобалардың белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етуі тиіс. Бүгінде ауданды табиғи газбен қамту деңгейі 60 пайызды құрайды. Соңғы үш жылда газдандыру саласына 4,7 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде бес елді мекен көгілдір отынға қосылды. Қазіргі таңда аудан бойынша газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда, – деді аудан әкімі.
Мемлекет басшысының басты тапсырмасының бірі – ауыл-аймақтарды дамыту. Оның ішінде, тұрғындардың тұрмысын жеңілдету, инфрақұрылымдық жұмыстарды оңтайлы жүргізу басты назарда. Аймақ басшысының қолдауымен бұл жұмыстар өз шешімін табуда. Осы ретте, ауданда қарқынды жұмыс жүргізілуде. Тереңөзек кенті және Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағанбетов елді мекендері табиғи газбен қамтамасыз етіліп, ел игілігін көруде. 2025 жылы газдандыру жобаларын жүзеге асыруға 2,1 млрд теңге қаржы бөлініп Н.Ілиясов, Шаған ауылдары табиғи газға қосылды. Бұл ретте биылғы жылы облысымыздың газдандыру көрсеткіші 85 пайызға жететінін айта кету орынды. Ендігі кезекте Ақжарма елді мекенін газдандыру жұмыстары аяқталып, тұрғындар тұрмысы жеңілдейтін күн алыс емес. Бұл ретте жүргізіліп жатқан жұмыстар аудан басшысы мен тиісті сала мамандарының тікелей бақылауында екенін айта кету орынды. Алдағы уақытта Қоғалыкөл, Шіркейлі ауылдарын газдандыру жұмыстары жүргізілетін болады.
Ауылдарды табиғи газбен қамтамасыз ету – халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды бағыттың бірі. Бұл саладағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру, инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту және жоспарланған жобаларды уақытылы іске асыру тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, ауылдардың дамуына және елді мекендердің өмір сүруге қолайлы болуына негіз қалайды. Мәжіліс қорытындысы бойынша жауапты сала басшыларына тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындау жүктелді. Атқарылатын жұмыстардың барысы тұрақты бақылауда болатыны атап өтілді.
«Тт» ақпарат










