Елді мекендерді газдандыру мәселесі талқыланды
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елді мекендерді газдандыру мәселесіне қатысты арнайы жиын өткізіп, жауапты сала басшылары мен аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.
«Елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. Газдандыру тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға оң әсерін тигізетіні белгілі. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, газдандыру жобаларын әзірлеудегі және жүзеге асырудағы жұмыстың ауқымын ұлғайту керек. «ҚазақГаз Аймақ» акционерлік қоғамы жаңа инвестициялық бағдарлама аясында облысқа 22 млрд. теңге инвестиция салуға дайын екендігін жеткізді. Біз инфрақұрылымдық жобаларға барлық көзден қаржыландыру тетіктерін қарастыруымыз қажет. Жаңа инвестициялық бағдарламаның өңірімізде сапалы іске асырылуын қамтамасыз етіңіздер. Тарифті қатаң бақылауда ұстап, оның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін тиісті шараларды қабылдаңыздар», – деді Н.Нәлібаев.
Айта кету керек, өткен жылы газдандыру жобаларына 30 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп, жоспарланған жұмыс толық орындалды. Аймақтың 11 елді мекені табиғи газға қосылып, облыс тұрғындарының 78 пайызы газ тұтынатын болды, газдандырылған ауылдар саны 46-ға жетті. Жыл басынан бері 4 елді мекенге газ желісі тартылды.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі