Конституция
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Астана – асқақ арманның ақ ордасы» атты мерекелік іс – шара өтті

«Астана – асқақ арманның ақ ордасы» атты мерекелік іс – шара өтті

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Астана күні мерекесіне арналған салтанатты іс – шара өтті. Мерекелік шараға зиялы қауым өкілдері, барлық сала ардагерлері және аудан тұрғындары қатысты.

Аудан басшысы аудан тұрғындарын Астана күні мерекесімен құттықтап, елорданың ел тәуелсіздігінің символы, мемлекетіміздің өркендеуі мен бірлігінің айқын көрінісі екенін атап өтті:
– Сіздерді 6 шілде – Астана күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Осынау айтулы мереке – елдігіміздің еңсесін көтерген, Тәуелсіз Қазақстанның тарихи жетістіктерін айшықтайтын, халқымыздың бірлігі мен жасампаз рухын дәріптейтін айтулы мереке. Кеше ғана өз күшіне енген, еліміздің жаңа даму кезеңіне жол ашқан тарихи шешім – Жаңа Конституцияның жалпыхалықтық референдум арқылы қабылдануын ерекше құрметпен атап өтудеміз. Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам. Ата Заңымыз азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейте отырып, заң үстемдігін нығайтуға және еліміздің орнықты дамуына негіз болары сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана – Тәуелсіздігіміздің тұғыры, елдік мұраттарымыздың алтын діңгегі. Бұл қала – халқымыздың бірлігі мен жасампаз еңбегінің жемісі», – деп ерекше атап өтті. Бүгінде Сырдария ауданы да ел дамуының ортақ бағытына үн қосып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тұрақты дамып келеді. Өңірімізде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылып, жаңа бастамалар қолға алынуда. Бұл – ел бірлігі мен берекелі еңбектің, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдаудың нақты нәтижесі, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Сонымен қатар, ауданның қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар аудан әкімінің "Алғыс хатымен" марапатталды.

Салтанатты шара аудан өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерттік бағдарламаға ұласып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

06 шілде 2026 ж. 114 0