Жаңа Ата Заң күшіне енеді
Осы жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа Конституция күшіне енеді. Аталған өзгеріс елді басқарудың заманауи қағидатын қалыптастыруға, әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын қорғауды күшейтуге, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және құқық үстемдігін толық қамтамасыз етуге бағытталған.Конституция – кез келген тәуелсіз мемлекеттің негізгі заңы. Ол мемлекеттің құрылысын, басқару жүйесін, билік тармағының өзара қарым-қатынасын, кез келген азаматтың құқығы мен міндетін белгілейді. Сондықтан жаңа Конституцияның қабылдануын тек заңнамалық өзгеріс деп қарамаған абзал. Қоғамның жаңа даму бағытын айқындайтын маңызды саяси-құқықтық қадам ретінде қарастыра аламыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың 18 наурызында Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде жаңа Ата заңның маңыздылығын кеңінен атап өткен болатын.
«Шын мәнінде, Халық Конституциясын әзірлеу мен қабылдау жалпыұлттық бірліктің салтанат құрғанын, жаңғыру стратегиясы мен реформалар жаппай қолдау тапқанын аңғартады. Әрине, бұл құжаттың тарихи маңызына, қазіргі қоғам мен келер ұрпақ баға береді. Ал бізге мемлекеттілік жылнамасын жазу миссиясы жүктелді. Бұл – абыройлы әрі жауапты миссия. Сонымен бірге азаматтық ой-пікірің арқылы туған Отаныңның даму бағдарын белгілеуге берілген сирек мүмкіндіктердің бірі, тағдырдың сыйы. Сондықтан бәріміз тарихи әрі ұлы бетбұрыстың бел ортасынан табылып, тағдыршешті сәтке куә болдық деп сеніммен айта аламыз. Референдумға қатысып, азаматтық жауапкершілік пен отаншылдық танытқан баршаңызға алғыс айтамын. Әсіресе, жастарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жас буын ел жылнамасына есімдерін алтын әріппен жазып, Ата заң авторларының біріне айналды. Қазақстанның бүгіні мен келешегі жастардың қолында. Бұл – ешқандай ұран емес, қарапайым өмір заңы, мемлекеттік саясатымыздың өзегі. Референдумның табысты өтуіне орай менің атыма достас мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтаулар келіп түсіп жатыр. Орайлы сәтті пайдалана отырып, халқымызға қолдау көрсетіп, тілектестіктерін жеткізген әріптестеріме ризашылық білдіремін. Алдымызда ауқымды жұмыс тұрғанын, біз мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту жолын енді ғана бастағанымызды айрықша атап өткім келеді. Дүние дүрбелеңге толып, айналамызда тұрақсыздық белең алған жағдайда бұл жолды еңсерудің оңай болмайтыны, түрлі кедергімен бетпе-бет келетініміз анық. Алайда жолдың қиындығына қарамай, алға қадам басуымыз керек. Ол үшін ұлтымыз ауызбіршілік танытып, жауапты әрі жасампаз патриотизмнің, терең білім мен кәсібиліктің үлгісін көрсетуі қажет. Біз көздеген мақсатымызға жетеміз. Жеңімпаз болуға міндеттіміз» деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев референдумнан кейін жаңа заңға қол қойғаны мәлім. Бірнеше ай аталған заң аясында реформалық жұмыс жалғасын тауып келеді.«Мен бүгін қол қойған Жарлық Ата заң ережелерін жүзеге асырудың негізгі бағыттары мен шараларын айқындайды. Көп ұзамай Парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа бес конституциялық заң енгізіледі. Сонымен қатар сегіз конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу қажет. Заң шығару үдерісі алдағы парламент сайлауымен қатар жүреді. Сайлауды жаңа сессияның ашылуына дейін өткізу жоспарланып отыр. Сол уақытқа дейін тиісті заңнамалық база әзірлеуді толықтай аяқтаған жөн. Елімізді құқықтық және саяси тұрғыдан түбегейлі жаңғырту жыл соңына дейін, тіпті, келесі жылы да жалғасуы мүмкін. Алдымызда қазіргі билік институттарын реформалап, жаңасын құру, сондай-ақ олардың құрылымы мен кадрлық құрамын өзгерту міндеті тұр. Конституцияның тың қағидаттары құқықтық, экономикалық, қоғамдық-саяси өміріміздің, басқаша айтқанда, тұтас тыныс-тіршілігіміздің ажырамас бөлшегіне айналады. Халық Конституциясы – стратегиялық сенім мандаты және ұзақмерзімді мақсаттар мен өрлеу жолына бастайтын жаңа қоғамдық келісім. Сондықтан еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты деп сеніммен айтуға болады. Соған сәйкес, мемлекет пен азаматтардың ықпалдастығы қайта жаңғыруы қажет, – деді Президент.
Жалпы алғанда, Жаңа Конституцияда адам және оның құқықтары ең жоғары құндылық ретінде танылып, мемлекет қызметінің басты мақсаты азаматтардың әл-ауқатын арттыру, олардың заңды мүддесін қорғау және әділ қоғам құру екендігі нақты көрсетілген. Бұл қағида демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетті қалыптастырудың негізгі кепілі болып саналады.
Жаңа Конституцияның маңызды ерекшелігінің бірі – билік тармағының арасындағы тепе-теңдік пен өзара тежемелік жүйесін жетілдіру. Заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің өкілеттігі нақты айқындалып, олардың өзара тиімді жұмыс істеуіне құқықтық негіз қалыптастырылған. Мұндай жүйе мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттырып, азаматтардың жекелеген органдарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Конституцияда сот билігінің мәртебесіне ерекше көңіл бөлінген. Сот төрелігін тек сот жүзеге асыратыны, судьялардың тәуелсіздігі, заң үстемдігі және әділ сот қағидаты конституциялық деңгейде бекітілген. Судьялар Конституция мен заңға ғана бағынады және олардың қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейді. Бұл қағида әрбір азаматтың әділ сотқа қол жеткізу құқығын толық қамтамасыз етуге негізделген.
Жаңа Конституцияда Конституциялық Соттың қызметі кеңейтіліп, азаматтардың өз құқықтарын қорғау мүмкіндіктері арттырылды. Егер азамат өзінің конституциялық құқықтарының бұзылғанын есептесе, ол заңда белгіленген тәртіппен Конституциялық Сотқа жүгіну мүмкіндігіне ие болады. Бұл – адам құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттарына сәйкес келетін маңызды жаңашылдықтың бірі.
Жаңа Конституцияда жергілікті өзін-өзі басқару институтын дамытуға да ерекше назар аударылған. Жергілікті қауымдастықтың өз мәселесін шешуге қатысу мүмкіндігі кеңейіп, тұрғындардың мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне қатысу деңгейі артады. Демократиялық қағидаттың нақты іске асуына жол ашады. Мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету де жаңа Конституцияның басты бағытының негізгі қағидаты. Мемлекеттік органның халық алдындағы жауапкершілігі күшейтіліп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған құқықтық тетік енгізілген.
Экономикалық салада Конституция жеке меншіктің қорғалуына, кәсіпкерлік еркіндігіне және адал бәсекелестікті дамытуға кепілдік береді. Әлеуметтік мемлекет қағидаты сақталып, білім алу, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және еңбек ету құқығы мемлекет тарапынан қорғалатыны көрсетілген.
Қазіргі заманғы талаптарға сәйкес жаңа Конституция цифрландыру, инновациялық даму, экологиялық қауіпсіздік, ақпараттық қауіпсіздік және тұрақты даму мәселесіне де ерекше мән береді. Бұл еліміздің әлемдік үрдістерге бейімделуіне және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа Конституцияның күшіне енуі заңнаманы кезең-кезеңімен жаңартуды талап етеді. Конституциялық заң, кодекс және өзге де нормативтік құқықтық акті жаңа конституциялық нормаға сәйкестендірілетін болады. Бұл құқықтық жүйенің бірізділігін қамтамасыз етіп, Конституцияның жоғары заңдық күшін толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Жаңа Конституцияның табысты жүзеге асуы тек мемлекеттік органның ғана емес, бүкіл қоғамның белсенді қатысуына байланысты. Әрбір азамат Конституцияны құрметтеп, оның талабын сақтап, өз құқығы мен міндетін білуі тиіс. Құқықтық мәдениеттің жоғары болуы – құқықтық мемлекеттің берік негізі.
Жалпы, күшіне енетін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы еліміздің құқықтық дамуындағы жаңа кезеңді білдіреді. Жаңа Конституция – Қазақстанның әділетті, демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде одан әрі дамуының берік құқықтық іргетасы екені даусыз. Оның толық әрі тиімді іске асырылуы елдің әрбір азаматының әл-ауқатын арттыруға, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға және еліміздің халықаралық беделін нығайтуға қызмет етеді деп сенеміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










