Конституция
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың БАҚ қызметкерлері күнімен құттықтауы

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың БАҚ қызметкерлері күнімен құттықтауы

Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері!
Қадірлі сала ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұқаралық ақпарат құралдары - еліміздің руханиятын, мәдениетін көтеріп, тыныс-тіршілігін көрсетіп, жағымды жаңалықтармен сүйіншілейтін біздің ең жақын серігіміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев "Журналистерге айрықша сенім мен зор жауапкершілік жүктеледі. Міржақып Дулатов «Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті» деген. Шын мәнінде, сөз – аса қуатты қару. Бір ауыз сөз араз елді тату қылады, тату елді араз етеді. Сондықтан сөз құдіретін терең түсініп, оның салмағын сезіне білу қажет" деп атап көрсетті. Сондықтан БАҚ өкілдеріне артылар жауапкершілік жоғары.

Журналистер арқылы халқымыз тың жаңалықтар мен қажетті ақпарат алады. Еліміздің татулығы мен тұрақтылығының өрістеп-өрлеуінің қарқынын паш ететін сала өкілдері қашанда құрметке лайық.

Жергілікті «Тіршілік тынысы» газеті ауданымыздың рухани шамшырағы, ғұмыр айнасы екені баршамызға белгілі. Аудан көлемінде болып жатқан көпшілік-мерекелік шаралар мен игілікті істердің еш кідіріссіз газет бетінде жарық көруі тұрғындарды ерекше ықыласқа бөлейді. Ауданымыздың тілшілер қауымы қоғам тарапынан артылған маңызды жауапкершілікті абыроймен атқаруда.

Қадірлі қаламгерлер!
Айтулы мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбастарыңызға бақ-береке, Отанымыз – Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі жолындағы игі қызметтеріңізге табыс тілеймін!


Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Мереке құтты болсын!

28 маусым 2026 ж. 37 0