«Қарасора-2026»: есірткі қылмысына қарсы күрес күшейтілді
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өңірде есірткі қылмысының алдын алу және жолын кесу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. 1 маусымы мен 31 қазаны аралығында республика көлемінде ұйымдастырылып жатқан «Қарасора-2026» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында белгілі болды. Облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Біржан Багисовтың айтуынша, іс-шара басталғалы өңірде есірткіге қатысты 38 құқық бұзушылық анықталған.– Есірткі қылмысына қарсы күрес департамент басшылығының тұрақты бақылауында. Заңсыз айналымның жолын кесу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Қазіргі таңда облыс аумағында 5 мобильді бекет жұмыс істейді. Жалпы саны 102 қызметкер, 7 қызметтік іздестіру иті және 28 автокөлік техникасы жұмылдырылған. Сондай-ақ, әуеден бақылау және қызметтік иттерді пайдалану арқылы есірткі қылмыстарын анықтау шаралары күшейтілген , – деді Біржан Бағисов.
Айта кету керек, «Қарасора-2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы қазан айының соңына дейін жалғасады. Оның негізгі мақсаты – есірткі құралдарының заңсыз айналымына тосқауыл қою, құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактілерін анықтау және тұрғындар арасында құқықтық тәртіпті нығайту.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі










