Ел қалқаны – тәртіп сақшысы
Қоғам өмірінде полиция қызметі сырт көзге қарапайым көрінгенімен, үлкен жауапкершілік пен темірдей төзімділікті талап ететін мамандық екені даусыз. Күн сайын олар түрлі жағдаймен бетпе-бет келетінін қоса кетейік. Құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмысты ашу, тұрғындардың өтінішіне жедел жауап беру – мұның бәрі тәртіп сақшыларының міндетіне кіреді. Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған аудандық полиция бөлімінің ұжымы 23 маусым күні кәсіби мерекелерін атап өтеді.Білікті басшы Мақсат Беркімбаев жетекшілік ететін бөлімнің штаттық құрылымы 82 бірліктен тұрады. Оның ішінде 72 қызметкер орта басшы құрамда, ал 10 қызметкер кіші басшы құрамда еңбек етеді. Айта кетейік, 2 мемлекеттік әкімшілік қызметкер және 7 ерікті жалдамалы қызметші өз міндетін атқаруда. 2026 жылдың есепті кезеңінде жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында бірқатар жүйелі іс-шара жүзеге асқан. Атап айтқанда, қызметтік тәртіп талабын бұзуға бейім қызметкерлермен жеке тәрбие жұмыстары жүргізіліп, барлық деңгейдегі бөлімше және топ басшыларының тәртіп пен заңдылықты нығайту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жеке жауапкершілігі күшейтілді. Анықталған кемшіліктерді түпкілікті жоюға бағытталған іс-шара қабылданып, жеке құрам арасында мәдени-көпшілік және спорттық жобаларды жандандыру жұмысы да қатар жүргізілуде.
Әрине, аудандық полицияның жүзеге асыратын қызмет аясы сан түрлі. Бұл ретте, аудандық полиция бөлімінің бастығы Мақсат Беркімбаев аудан көлемінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті жетілдіру негізінде жасалған жұмыс жөнінде тарқатып айтып берді.
– Аудан орталығы – Тереңөзек кентінің аумағы 6 бағытқа бөлініп, күнделікті профилактикалық іс-шара ұйымдастырылуда. Қоғамдық орындар мен көшелерде орын алатын құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 3 қызметтік автокөлікпен 6 қызметкер, 4 жаяу бағыт бойынша 8 қызметкер жұмылдырылған. Жұма және сенбі күндері аппарат қызметкерлерін тарта отырып, 30-40 қызметкерге дейін кезекшілікке шығарылып, күшейтілген режимде профилактикалық жұмыс жасалады. 2025 жылы атқарылған алдын алу іс-шарасының нәтижесінде кісі өлтіру, зорлау және қарақшылық қылмысы тіркелген жоқ. Дегенмен жалпы профилактикалық жұмыстың жалғасуына қарамастан, бірқатар құқық бұзушылық анықталды. Есепті мерзімде құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында барлығы 8618 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде қоғамдық орында мас күйде жүрудің 146 дерегі, ұсақ бұзақылықтың 30 дерегі, қоғамдық орынды ластаудың 168 дерегі, түнгі тыныштықты бұзудың 61 дерегі, белгіленбеген орында сауда жасаудың 336 дерегі, жасыл желекті жою немесе инфрақұрылымды бүлдірудің 1077 дерегі, үй жануарларын жаю қағидасын бұзудың 92 дерегі, кәмелетке толмағандардың заңды өкілінсіз жүруінің 339 дерегі, сондай-ақ олардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол берудің 3 дерегі анықталып, тиісті әкімшілік шара қолданылды. Құқық бұзушылықтың басым бөлігі мас күйінде жасалатындықтан, түнгі уақытта алкоголь өнімдерін заңсыз сату фактісіне ерекше назар аударылды. Жыл басынан бері 6 дүкен иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша хаттамалар толтырылды. Алкогольге тәуелділігі бар 3 тұлға сот шешімімен мәжбүрлі емдеу мекемесіне жолданды. Масаң күйде қоғамдық тәртіпті бұзған 146 адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша шара көрілді. Айта кетейік, 2025 жылдың 12 айында бірқатар қылмыстың өсуі тіркелді. Жалпы қылмыс 43,4, ұрлық 88,9, ұялы телефон ұрлығы 66,7, мал ұрлығы 350, алаяқтық 71,4, интернет алаяқтық 16,7, тонау 100, бұзақылық 400, атыс қаруын қолданумен жасалған қылмыс 150 пайызға артқан. Жасалу санаты бойынша да өсім байқалады. Қоғамдық орындардағы қылмыс 55,6, көшедегі қылмыс 14,3, бұрын сотталғандармен жасалған қылмыс 14,7, соттылығы жойылмаған тұлғалармен жасалған қылмыс 200, рецидивтік қылмыстар 100, топпен жасалған қылмыс 260, отбасы-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылық 100 пайызға өскен. Аудан аумағында мейрамхана, кафе, ойын-сауық орындары мен дүкендер күнделікті тексерілуде. Шектеуді біле тұрып, алкоголь өнімін заңсыз сатуға жол берген 6 кәсіпкерге шара көрілді. Дегенмен мас күйінде жасалатын қылмыс әлі де өзекті болып отыр, – дейді бөлім басшысы.
Бұл ретте, аудандық полиция бөлімі тарапынан жасөспірімдер арасындағы және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықты болдырмауға бірқатар жоба қарастырылған. Қоғамның өзекті мәселесі болып табылатын осы бағытта кәмелетке толмаған жандарға қарсы және олардың қатысуымен жасалатын қылмысты болдырмауға қатысты маңызды жұмыс атқарылуда. Алкоголь мен есірткінің зиянының, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігінің, сондай-ақ жасөспірімдердің заң алдындағы міндеттерінің алдын алу мақсатында дөңгелек үстелдер, сұхбаттар мен кездесулер ұйымдастырылып, барлығы 147 профилактикалық іс-шара өткізілген. Профилактикалық жұмысты күшейту мақсатында 2025-2026 оқу жылына бөлім бастығының бұйрығымен жалпы білім беру мекемелері мен колледждерге аймақтық ювеналды полиция бөліністерінің, криминалдық полиция және учаскелік полиция инспекторлары бекітілді. Есептік кезеңде кәмелетке толмаған және жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында «Түнгі қаладағы балалар», «Абайлаңыз, балалар», «Бала – Заң – Қауіпсіздік», «Жасөспірім» атты профилактикалық іс-шарасы іске асты. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде есепті мерзімде 144 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде түнгі уақытта (сағат 22:00-ден кейін) заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында жүрген 1 жасөспірімнің ата-анасына айыппұл салынса, тұрғын үй аумағынан тыс (сағат 23:00-ден кейін) жүрген 115 жасөспірімнің ата-анасына ескерту түрінде әкімшілік шара қолданылды. Өз міндетін тиісінше орындамаған 25 ата-анаға ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша айыппұл салынды. 21 жасқа толмаған азаматқа темекі өнімін сату фактісі анықталып, тиісті әкімшілік шара қолданылды. Күнделікті өмірде ауданға қарасты барлық елді мекен мен Тереңөзек кентінде 20-ға жуық учаскелік полиция қызметкері қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Біз жоғарыда көтерген бірқатар мәселе сала маманының атқаратын жұмысының бір бөлігі ғана. Қазіргі уақытта алаяқтықтың арбауына түскен жандар ішкі істер саласының мамандарына жүгінеді. Тәртіп сақшылары отбасылық зорлық-зомбылық мәселесін де назардан тыс қалдырмағаны абзал.
– Әріптестерімді Қазақстан Республикасының Полиция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Кәсіби мереке – ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшысының қажырлы қызметін айшықтайтын ерекше күн. Полиция қызметі – зор жауапкершілік пен жоғары кәсіби біліктілікті, адалдық пен табандылықты талап ететін абыройлы мамандық. Сіздер күнделікті қызметте заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғау бағытында маңызды міндеттерді атқарып келесіздер. Аудан аумағында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, қылмыстың алдын алу, құқық бұзушылықтардың жолын кесу және халықпен тығыз байланыс орнату бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Осы бағыттағы нәтижелі қызмет – сіздердің кәсіби тәжірибелеріңіз бен қызметтік жауапкершіліктеріңіздің, сондай-ақ елге деген адал ниеттеріңіздің айқын көрінісі. Бүгінгі таңда полиция саласында атқарылып жатқан реформалар мен жаңашылдықтар қызмет сапасын арттыруға, халық сенімін нығайтуға және құқық қорғау жүйесінің тиімділігін күшейтуге бағытталған. Бұл ретте әрбір қызметкердің үлесі зор. Тәулік бойы тынымсыз еңбек етіп, қандай да бір қиын жағдайға қарамастан, ел тыныштығын күзетіп келеді. Осындай жауапты қызмет жолында көрсеткен ерлік пен жанқиярлық әрқашан жоғары құрметке лайық, – деді бөлім басшысы.
Балтабай Ордабеков










