Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамның ортақ міндеті

Қоғамның ортақ міндеті

Есірткі қылмысының алдын алу, заңсыз есірткі айналымына тосқауыл қою және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қарасора – 2026» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Осы орайда аудандық мәдениет үйінде кеңейтілген мәжіліс өтті. Маңызды жиынға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудан прокуроры Абай Әлімбаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Мақсат Беркімбаев арнайы қатысты. Ауқымды мәселелер талқыланған басқосуға зиялы қауым өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, кент және ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының жеке құрамы, білім, мәдениет және медицина саласының қызметкерлері мен белсенді жастар қатысты.

Аудан әкімі мәжілісте «Қарасора – 2026» арнайы жедел-профилактикалық іс-шара­сының мақсаты мен міндеттеріне тоқталып өтті.
– Мемлекет басшысы Қазақстан хал­қына арнаған Жолдауында «Маңызды мін­деттің бірі – есірткі саудасына және наша­қорлыққа қарсы күрес. Қазіргі қоғамда есірткі мәселесі күн санап ушығып барады. Осы әлеуметтік кеселмен бәріміз жұмыла күресуіміз қажет» деп атап өтті. Сонымен қатар елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Қарасора» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Бұл жай ғана полицияның кезекті жұмысы емес, бұл – әрбір үйдің тыныштығы, елдің болашағы мен балаларымыздың амандығы үшін жасалып жатқан үлкен қозғалыс, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мәжілістің күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе аудан аумағында «Қарасора – 2026» арнайы жедел-про­филактикалық іс-шарасын өткізу туралы аудан­дық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Әділхан Қанзадаев хабарлама жасаса, екінші мәселе есірткі егу алқаптары анықталған жер учас­келерін мемлекет мен­шігіне қайтару және жер учаскелерінің иелері мен жер пайдаланушыларға заңмен белгіленген жауапкершіліктері туралы ау­дандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Бағлан Мейрамбекұлы баяндама жасады.

Жиын барысында аудандық полиция бөлімі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалып, алдағы уақытта жүргізілетін жұмыстардың нақты бағыттары талқыланды. Аудан басшысы сала мамандарына, кент және ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, профилактикалық іс-шараны жүйелі түрде жүргізуді жүктеді.

Айта кетейік, елімізде «Қарасора – 2026» арнайы жедел-профилактикалық іс-ша­расы өткізілуде. Бұл – қоғам қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге, жастарды зиян­ды әдеттерден қорғауға және есірткі қыл­мысының алдын алуға бағытталған маңызды шараның бірі болып табылады. Кеңейтілген мәжілісте көтерілген мәселелер мен белгіленген міндеттер құқық қорғау органдары мен жауапты меке­мелердің өзара іс-қимылын одан әрі нығайтуға негіз болады. Есірткіге қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан тұрғындардың құқықтық сауат­­­­тылығын арттыру, жастар арасында сала­матты өмір салтын насихаттау және қоғамдық бақылауды күшейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады. Бірлескен әрі үйлесімді әрекеттің нәтижесінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, заңсыз есірткі айналымының жолын кесуге мүмкіндік мол.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
23 маусым 2026 ж. 28 0