Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқу жылының қорытындысы мен жазғы демалысты ұйымдастыру мәселелері талқыланды

Оқу жылының қорытындысы мен жазғы демалысты ұйымдастыру мәселелері талқыланды

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде оқу жылының аяқталуы, балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі мазмұнды өткізу және санитарлық тазалық мәселелері қаралды.

Биыл аудан бойынша 8149 оқушы оқу жылын аяқтайды. Оның ішінде, 584 оқушы мектеп бітіреді, ал 505 түлек ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуда. Сонымен қатар, 53 оқушы «Алтын белгіге», 70 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер.

Мәжілісте аудан әкімі аудандық білім бөліміне аттестат табыстау рәсімдері мен ұлттық бірыңғай тестілеуді жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ, мектеп бітіру іс-шараларында ата-аналардан қаражат жинауға, мұғалімдер мен мектеп әкімшілігіне сыйлық алуға жол берілмеуі қажеттігін қатаң ескертті. Аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, оқушылардың кортеж ұйымдастыруына және жалға алынған көліктермен экскурсияларға шықпауына бақылауды күшейтуді міндеттеді.

Аудан басшысы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесіне де ерекше назар аударды. Осыған байланысты «Жалын» тынығу лагері мен мектеп жанындағы лагерьлердің жаңа маусымға толық дайын болуы, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, мәдени-көпшілік және спорттық шараларды көбейту, лагерьлердегі азық-түлік сапасы мен санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен қатар балаларды тасымалдау және суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді.

Мәжілісте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының жай-күйі талқыланды.

Аталған мәселелер бойынша жауапты мекемелер мен сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру міндеттелді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
27 мамыр 2026 ж. 351 0