РАНТ мүшесі Тимур Алиев Сырдария ауданында діни-ағартушылық кездесулер өткізді
Сырдария аудандық қоғамдық даму бөлімінің ұйымдастыруымен «Облыс тұрғындары арасында дін қызметкерлерінің қатысуымен діни-ағартушылық жұмыстарын жүргізу» әлеуметтік жобасы аясында республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) мүшесі Тимур Алиев 2026 жылғы 06–08 мамыр күндері Сырдария ауданына іс-сапармен келді.
Іс-сапар барысында аудан тұрғындарына арналған бірқатар рухани-танымдық кездесулер, уағыз-насихат шаралары ұйымдастырылды. Тимур Алиев аудан мешіттерінде жамағатпен жүздесіп, дәстүрлі ислам құндылықтарын дәріптеу, қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтау, жастар тәрбиесі, рухани бірлік пен ұлттық құндылықтардың маңыздылығы жөнінде мазмұнды уағыздар жүргізді.
Атап айтқанда, Н. Ілиясов ауылындағы «Айтбай» мешітінде құптан уағызы өткізіліп, жамағатпен рухани сұхбат құрылды. Сонымен қатар, Сырдария аудандық орталық «Мұсылмандар» мешітінде дін қызметкерлерімен арнайы кездесу ұйымдастырылып, діни саладағы өзекті мәселелер мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары талқыланды. Аталған мешітте бесін уағызы да өткізіліп, тұрғындарға тағылымды насихат айтылды.
Шаралар легі Шаған ауылындағы «Шаған» мешітінде екінті уағызымен жалғасса, Ақжарма ауылындағы «Басапа ишан» мешітінде құптан уағызы ұйымдастырылды. Кездесулер барысында жамағат тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, дәстүрлі діни ұстанымдардың қоғам өміріндегі маңызы кеңінен түсіндірілді.Іс-сапар аясында Тимур Алиев Сырдария аграрлы-техникалық колледжінің студент жастарымен кездесіп, жастар арасындағы діни сауаттылық, теріс діни ағымдардың алдын алу, отансүйгіштік пен ұлттық тәрбие мәселелері төңірегінде ой бөлісті. Сонымен бірге ауданның спорт, білім және мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесу өткізіліп, қоғамдағы рухани қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту бағытындағы ортақ міндеттер талқыланды.
Өткен кездесулер мен уағыз-насихат шаралары тұрғындардың рухани танымын арттыруға, діни сауаттылықты нығайтуға және қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға бағытталды. Аудан тұрғындары ұйымдастырылған тағылымды кездесулерге ризашылықтарын білдіріп, мұндай іс-шаралардың маңыздылығын ерекше атап өтті.











