Ауылдағы тәжірибелі мейіргер
Көпшілік арасында есімі жиі қайталана бермейтін Бибінар Таңсықбаева – Аманкелді ауылдық дәрігерлік амбулаториясында табанды еңбек етіп келе жатқан білікті маман. Жалпы еңбек өтілі 40 жыл болса, оның басым бөлігін ауыл медицинасын өркендетуге жұмсап келеді. Мейіргер ісіне кәнігі машықтанған сала маманы қашанда өз жұмысына ыждағаттылықпен қарайды.Күні-түні дамылсыз жұмыс атқарып, науқас жанынан табыла білген білікті маман Бибінар Сағынбайқызы – Шиелі ауданының тумасы. Мектеп қабырғасында оқып жүргеннен медицина мамандығына баруды ойлаған кейіпкеріміз алғашқы еңбек жолын Тасбөгеттегі аудандық ауруханадан бастаған. Мұнда жас маман «Жұқпалы аурулар» және «Ота жасау» бөлімшесінде қызметте болып, өз ісінің білікті маманы атануға ұмтылды.
– Ауыл медицинасында жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін мамандық. Шындығында, Аманкелді дәрігерлік амбулаториясында қызмет ете жүріп, біз күн сайын тұрғындардың денсаулығына жауапты болып, әрбір науқастың сауығып кетуіне қолдан келген көмегімізді көрсетуге тырысамыз. Халықтың алғысы мен сенімі – біз үшін ең үлкен сый-құрмет. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан медицина саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, ауылдық денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасының нығаюы, заманауи құрылғылармен жабдықталуы, медицина мамандарына жасалып жатқан қолдаулар – жұмыстың сапасын арттыруға оң әсерін тигізуде. Ауыл тұрғындарына дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсету барысында негізгі міндетімізді ұмытпаймыз. Менің тәжірибелі әріптестерім өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Ел ішінде денсаулық сақтау саласының дамуы – халықтың өмір сүру сапасының жақсаруының кепілі екенін олар жақсы біледі. Осындай игі бастамалардың арқасында тұрғындардың денсаулығын нығайтып, ана мен бала саулығына аса мән береміз. Біз үшін ең бастысы – елдің амандығы мен халықтың саулығы. Әрбір шаңырақта береке болып, жұрт аман жүрсе, біздің еңбегіміздің ақталғаны. Алдағы уақытта да ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету жолында аянбай еңбек ете береміз, – деді Бибінар Сағынбайқызы.
Осы жылы алпыс жасты еңсерген білікті маман қауіпті, жұқпалы, созылмалы дерті бар жандармен байланыс орнатып, жан-жақты сараптап отырады. Оларға тегін дәрі-дәрмек үйлестіріп, уақытылы ауруханада ем алуына да барлық мүмкіндікті қарастырады. Күнделікті қайталанып келе беретін, бірақ жауапкершілікті айқын сезіндіретін мейіргердің әрбір ісі – сенім жүгін көтеріп тұрады. «Басы ауырып, балтыры сыздаған» әрбір тұрғынның шағымына орай барлық медициналық көмекті үйлестіруге барын салады.
– Күн сайын өзіме тиесілі көше бөлінісіне сай тұрғындардың жағдайына аса мән беремін. Дәрігермен кеңесіп, науқас жандарға ем-шара жүргіземін. Үйдегі отағасымен осыдан 37 жыл бұрын отау құрсам, алғаш ауылға келін болып келген сәттен үлкенді-кішілі көпшілікпен үнемі байланыстамын. Қашанда сенім үдесінен шығу маңызды екенін ұмытпаймын. Әр науқастың сауығып кетуіне кішкене болса да үлес қосу біз үшін үлкен қуаныш. Ауыл тұрғындарының алғысын естігенде еңбегіміздің ақталғанын сезінеміз. Кейде уақытпен санаспай еңбек етуге тура келеді. Дегенмен халықтың денсаулығы бәрінен маңызды. Ақ халатты абыроймен киіп жүру – біз үшін үлкен міндет. Алдағы уақытта да тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп, ел саулығы жолында аянбай еңбек ете береміз, – дейді тәжірибелі мейіргер.
Расында, Бибінар Таңсықбаева үшін әр күн ерте таңнан басталатынын жақсы білеміз. Таңғы мезетте жұмыс орнын дайындап, дәрігер қабылдауына келетін тұрғындардың құжаттарын реттеп, екпе және ем-шараға қажетті құралдарды әзірлейді. Күні бойы ауыл тұрғындары бірінен соң бірі келіп жатады. Біріне қан қысымын өлшеп, енді біріне уақытылы екпе салады. Қарт кісілердің жағдайын сұрап, жас аналарға кеңес беріп, балалардың денсаулығын бақылаудан да тыс қалмайды. Кей жағдайда шақыртумен науқастардың үйіне барып, алғашқы көмек көрсетуге тура келеді. Осындай қарбаласқа қарамастан, әр адамға жылы қабақ танытып, мейіріммен қызмет көрсету – оның басты ұстанымы екенін ұмытпаған жөн.
Қызметте тәжірибелі маман, үйде аяулы ана. Оның жолдасы Еркін Жалғасов талай жыл Аманкелді ауылында абыроймен қызмет атқарған механизатор. Бүгінде іргелі шаңырақтың негізі қалануына әрқашан себепкер атанған екеуі 4 перзентті өсіріп, жеткізді. Оларды оқытып-тоқытып, қатарға қосты. Әрине, ердің қабағы мен баланың бабын таба білген Бибінар секілді ардақты аналар – бар құрметке лайық.
Б.АЯБЕКҰЛЫ











