Іргелі ауылдағы ілкімді істер
Жақында аудан әкімі Берік Сәрменбаев Аманкелді ауылына арнайы іссапармен барды. Аудан басшысы іргелі елді мекенде облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, аудандық мәслихат депутаты Руслан Каскиев және ауыл тұрғындарымен бірге «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тал егу іс-шарасына қатысты.Экологиялық акция шеңберінде өткен іс-шарада «Таза Қазақстан» акциясының маңыздылығына тоқталып, оның жай ғана тазалық шарасы емес, ел болашағы үшін мәні зор бастама екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы – бұл жай ғана тазалық емес, бұл біздің туған жерге деген құрметіміз бен экологиялық жауапкершілігіміздің көрінісі. Бүгін егілген мыңнан астам көшет ертеңгі күні саялы баққа айналып, ауылымыздың ажарын аша түсетініне сенімдімін. Тазалық пен көгалдандыру жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Біз бұл бағыттағы игі істерді жүйелі түрде жалғастыра береміз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Акцияға қатысушылар ауылдағы «Қызылбай» бауында белгіленген аумақта бірлесіп тал көшетін отырғызып, көгалдандыру жұмысын жүргізді. Жалпы саны – 1100 түп көшет егілді. Бұл бастама ауылдың көркейіп, экологиялық мәдениеттің қалыптасуына және тұрғындар үшін таза әрі қолайлы орта қалыптастыруға өз үлесін қосады.
Бұдан кейін аудан басшысы Аманкелді ауылындағы «АКЗ ЛТД» ЖШС-нің кірпіш зауытының жұмысымен танысты.
Аталған өндіріс орны Мемлекет басшысының өңірлерде өндірісті ұлғайту және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жұмысын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Кездесу барысында өндіріс барысы, өнім сапасы мен өткізу нарығы талқыланды.
– Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Осындай өндіріс орындары аудан экономикасының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. «АКЗ ЛТД» серіктестігі өңірдегі құрылыс саласын сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа да үлес қосып отыр. Алдағы уақытта да кәсіпорынның өндірістік әлеуетін арттыру жұмыстарын жалғастыру керек, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
«АКЗ ЛТД» ЖШС-нің директоры, аудандық мәслихат депутаты Руслан Каскиев бүгінде зауыт тәулігіне 30 мың дана кірпіш өндіретінін және жылдық өндірістік қуаты 4,5-5 миллион дана кірпішті құрайтынын атап өтті. Кәсіпорында 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорынның алдағы даму жоспары мен өндіріс көлемін арттыру мүмкіндігі қарастырылды. Аудан басшысы кәсіпорын ұжымына алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Аманкелді ауылының әкімі Зейнұр Жаманқұлов аудан басшысына спорт нысанының жұмысын таныстырды. Аудан әкімі спорт нысанының материалдық-техникалық базасын нығайту, ғимараттың жалпы жағдайы, жаттығу залдарының талаптарға сәйкестігі және үйірмелердің жұмыс барысына назар аударды.
Айта кету керек, аталған нысан «Қазақстан халқына» қоры мен «Батыр болам» қоғамдық қорының демеушілігі аясында 6,4 млн теңгеге қажетті жаттығу құралдарымен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта ауылдық спорт клубында бокс, қазақша күрес, үстел теннисі, шахмат және тоғызқұмалақ үйірмелеріне жастар қатысуда. Бұл ауыл жастарының саламатты өмір салтын ұстануына, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және болашақта спорттық жетістіктерге жетуіне оң ықпал етуде.
Аудан әкімі спорт нысанын одан әрі жетілдіру, үйірмелер санын арттыру мәселелері бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Б.АЯБЕКҰЛЫ











