Айбынды әскер – ел қорғаны
Жыл сайын 7 мамырда елімізде айрықша маңызға ие мерекенің бірі – Отан қорғаушылар күні аталып өтеді. Бұл күн – ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген барлық азаматқа көрсетілетін құрметтің айқын көрінісі. Тәуелсіз Қазақстанның бейбіт өмірі мен тұрақтылығы – ең алдымен, Отан алдындағы антына адал әскери қызметкерлердің, құқық қорғау саласының мамандары мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін барлық құрылымдардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі.«Намысты нанға сатпа» деп ұрандатқан даңқты батыр Бауыржан Момышұлының ізінен ерген жастар елді қорғау – әрбір азаматтың абыройлы борышы екенін ұмытпағаны абзал. Бүгінде еліміздің әскери әлеуеті нығайып, 850-ден астам запастағы офицер әскери қызметке шақырылғаны белгілі. «Global Firepower» ұйымының әскери құрылым бойынша жүргізген рейтингіне көз жүгіртсек, Қазақстан 145 елдің ішінде 58-орынға тұрақтаған.
Өткен жылы 42 098 адам әскер қатарына алынса, биыл да сол межеге жету жоспарланып отыр. Биыл 3000 әскери міндетті азамат арнайы жиынға шақырылмақ. Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов тиісті бұйрыққа қол қойып, әскери жиындарды осы жылдың мамыр-қазан айлары аралығында өткізу жоспарланған. Аталған жиындардың мақсаты – әскери басқару органдары мен әскери дайындыққа уәкілетті мемлекеттік органдар ұйымдастыратын іс-шараларды жүзеге асыру. Әскери міндеттілер мен азаматтардың әскери білімін арттыру және жетілдіру мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайлар бойынша өткізіледі.
Осы жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) ортақ оқу-жаттығулары Қазақстан, Ресей, Тәжікстан және Беларусь аумағында ұйымдастырылатыны белгілі. Ұйымға мүше елдердің әскери әлеуетін нығайта отырып, бірлескен жаттығулар өткізудің маңызы зор.
Отан қорғау – тек әскери міндет қана емес, ол – әрбір азаматтың жүрегіндегі қасиетті ұғым. Туған жерге деген сүйіспеншілік, елге деген адалдық, халыққа деген жанашырлық – осының барлығы Отан қорғаушының бойынан табылуы тиіс асыл қасиеттер. Қазақ халқы ежелден ерлік пен батырлықты ту еткен. Ел басына күн туған заманда жерін, елін қорғаған батырларымыздың ерлігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі.
Қазіргі уақытта Қазақстан Қарулы Күштері заман талабына сай қалыптасып, кәсіби деңгейі жоғары, заманауи техникалармен жабдықталған қуатты құрылымға айналды. Әскери қызметкерлер күн сайын өз міндеттерін абыроймен атқарып, ел шекарасының мызғымас беріктігін қамтамасыз етуде. Олардың қырағылығы мен жауапкершілігі – халықтың бейбіт өмірінің кепілі.
– Отан қорғаушылар күні – ардагерлерге тағзым ететін ерекше күн. Ел үшін аянбай қызмет еткен, қиын-қыстау кезеңдерде Отанды қорғауға атсалысқан азаматтардың еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Олардың ерлігі мен батырлығы – тәуелсіздіктің берік іргетасы. Бұл мереке жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің де маңызды құралы болып табылады. Бүгінгі жас буын елін сүю, жерін құрметтеу, Отан алдындағы жауапкершілікті сезіну сияқты құндылықтарды бойына сіңіруі тиіс. Себебі ел болашағы – білімді де отансүйгіш жастардың қолында. Сырдария аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім тарапынан азаматтарды әскерге жүйелі түрде шақыру жүзеге асуда. 18-27 жас аралығындағы сырдариялықтарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді, – дейді аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Алияр Әліпбайұлы.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










