Аудан халқын ауызсумен қамтамасыз ету – маңызды
Сырдария ауданында тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда. Елді мекендерде орталықтандырылған су жүйелері тартылып, ескі құбырлар жаңартылып, жаңа су ұңғымалары іске қосылуда. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, санитарлық жағдайдың жақсаруына оң әсер етуде. Аталған жұмыстарды ауданда «Сыр суы» мекемесіне қарасты Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесі атқарады. Өз кезегінде өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде өндірістік бөлімше басшысы Бауыржан Жұмамұратовпен сұхбаттасқан болатынбыз.– Бауыржан Самалбекұлы, сіз басқарып отырған мекеменің жұмысы қай кезде де қауырт екенін жақсы білеміз. Жергілікті халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету барысында қандай жұмыстар атқарылуда...
– Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесінің бірі. Ауызсу инфрақұрылымын дамыту – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, қоғамдық денсаулықты нығайтудың негізгі тетігі болып табылады. Соңғы жылдары елімізде бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Әсіресе, ауылдық елді мекендерді таза ауызсумен қамту мақсатында жаңа су құбырлары тартылып, тозығы жеткен желілер кезең-кезеңімен жаңартылуда. Заманауи су тазарту қондырғылары орнатылып, су сапасын бақылау жүйесі күшейтілуде. Айта кетейік, Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесі Тереңөзек кенті және 13 елді мекендегі халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін қызмет жасап келеді. Өндірістік бөлімшесінде 19 су кешені бар. Онда 33 ұңғыма, 16 су жинайтын қойма (резервуар), 19 су мұнарасы, 204 өрт сөндіру гидранты және 2790 құдық бар. Жалпы алғанда, аудан бойынша ауызсу тарату құбырының ұзындығы 238 317 метрді құрайды. Мәселен, 33 дана ұңғымамен ауызсу өндіріліп, 9 дана ІІ су көтеру насос станциялары мен 12 дана ауызсу мұнарасы арқылы халыққа 24 сағат ауызсу үздіксіз берілуде. Аудан көлемінде ауызсуды тұтыну әр ай сайын су есептегіш құралының көрсеткіші арқылы журналға тіркеліп, облыстық филиал диспетчеріне беріліп отырады. Өндірістік бөлімшеге қарасты барлық насос станцияларында хлоратор қондырғысы орнатылған. Ауызсу қоймалары, ауызсу мұнаралары мен ауызсу құбырларына көктем және күз айларында жылына 2 рет тазалау, жуу, дезинфекциялау, залалсыздандыру және кварталдық сынамалар алынады. Ауызсу сапасының санитарлық-химиялық және бактериологиялық сараптамасын алу мақсатында жыл сайын ҚР ДСМ СЭБК Ұлттық сараптама орталығының Сырдария аудандық бөлімшесінің зертхана қызметкерлері мониторинг жұмыстарын жүргізеді. Су сынамасының нәтижесі тексеріліп, хаттамасы әзірленеді. Филиал тарапынан өндірістік бөлімшеге жаңадан қосымша арнайы техникалармен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, «Ловол 845» тракторы мен тіркемесі, «Донфинг» жүк тасығышы және «КамАЗ экскаватор» арнайы автокөлігі қызмет атқаруда. Кент және 13 елді мекен бойынша барлығы 11 дизельді электр станциясымен қамтамасыз етілген.
– Бесарық ауылындағы 50 текше метрлік ауызсу мұнарасы апаттық жағдайға көшуіне байланысты, 1000 текше метрді құрайтын жерасты су қоймасына (резервуар) жуу, дезинфекциялау, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. К насосы арқылы қазіргі таңда халыққа үздіксіз ауызсу берілуде. Есепті мерзімде алдын ала жөндеу жұмыстарына сәйкес насос станцияларындағы ішкі құрыш құбырларындағы камералар, көру құдықтарындағы ашып-жабу реттегіш арматураларына күтім жасалып, іштері тазаланды. Және де ІІ су көтеру насос станцияларына, №1 және №2 ұңғыма (скважина) ғимараттарына, кіреберіс (проходная) ішкі-сыртқы қабырғаларына, ішкі құрыш құбырларына және өрт қалқандарына (пожарный щит) жоспарлы жұмысқа сәйкес ағымдағы жөндеу, сырлау, бояу, әктеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, орталық қоймадан 16 дана ашып-жабу реттегіш арматурасы, 2 дана вантуз және кері қайтпа клапаны орнатылды. Ұңғымалар мен кәріз насос станцияларына жаңадан 5 дана ЭЦВ 8-25-100, 4 дана ЭЦВ 6-10-110, 2 дана ЭЦВ 6-16-110, К насос қондырғысынан 5 дана және КНС-ке (кәріз насос станциясына) 6 дана СМ 125-80-315 насос қондырғысы беріліп, жергілікті халыққа үздіксіз ауызсу тұтынуға мүмкіндік жасалды.
– Апаттық жағдай жиі бола ма?
– Өткен жылы жалпы 271 апаттық жағдай тіркелді. Сырдария ауданы әкімінің қолдауымен «Теміржолсу-Кызылорда» ЖШС-ның Тереңөзек бекетіндегі шойын жол астынан өтетін құрыш құбырдың тесілуіне байланысты мекемеге қарасты №5 насос станциясына қатысты Бауыржан Момышұлы көшесіндегі жерасты ауызсу ПЭ д-110 мм құбырына бір-біріне жалғау жұмыстары жасалды. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде 38 тұтынушыға жаңадан су есептегіш құралдары орнатылып, ауызсу берілуде. Апаттық жағдай орын алмас үшін Сырдария аудандық әкімдігінен қаржы бөлініп, 4 дана ЭЦВ 8-25-100, 4 дана ЭЦВ 6-16-110 насос қондырғылары сатып алынды. Жетікөл елді мекенінде 25 текше метрлік ауызсу мұнарасы апаттық жағдайға көшуіне байланысты, 500 текше метрді құрайтын жерасты су қоймасына тиісті іс-шаралар атқарылды. №5 насос станциясының жер телімі тегіс табиғи карьер болмауына байланысты жартылай темір-бетон қоршаумен қоршалса, батыс бөлігі толықтай жабылды.
– Ауданға қарасты елді мекендерде қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Бұл ретте бірнеше елді мекендегі атқарылған жұмыстарды саралап өткен дұрыс деп санаймын. Айдарлы ауылында бақылау-өткізу бекеті ғимаратына әрлеу жұмыстары жүргізіліп, есік-терезелері мен еден кафелі толықтай ауыстырылды. Бұдан бөлек, дәл осындай құрылыс жұмыстары І көтеру және ІІ көтеру сорғы станциясының ғимаратына жасалды. Шатыры ауыстырылды. Айналасы абаттандырылып, темір-бетонмен қоршалып, сыртқы жарық шамдары жаңадан орнатылды. Насос станциясының ішкі жағына жаңадан асфальт төселді. Су мұнарасы айналасына бетон құйылды. Бірқатар көшедегі фасон бөліктері ауыстырылды. Ал Жетікөл ауылындағы су құбыры мен фасон бөліктері тозығы жетіп, жарамсыз күйде болғаны анықталды. Сондықтан барлық гидрант, кольцалар, су құбыры, полиэтилен трубалары ауыстырылды. Өз кезегінде Қоғалыкөл ауылында бақылау-өткізу бекеті ғимаратының ішкі және сыртқы қабырғасы ақталып, едендегі кафель жаңартылды. І көтеру сорғы станциясы ғимаратының сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, есік-терезелері жаңадан салынып, шатыры өзгертілді. ІІ көтеру сорғы станциясы ғимаратының қабырғасына сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді. Ғимарат аумағы жаңадан темір-бетонмен қоршалып, темір қақпа орнатылды. Бірнеше фасон жаңартылды. Айта кетейік, Шіркейлі, Іңкәрдария, Қалжан ахун, Ақжарма ауылдарында да осындай біршама жұмыстар атқарылды. Толықтай бөлінген қаражат игерілді.
– Ауызсуды үнемдеуге байланысты айтарыңыз бар шығар...
Аудан бойынша ауызсу тұтынушылар санына келетін болсақ, жеке тұлға ретінде 8213 абонент бар. Оның ішінде 7853 абонентке су есептегіш құралы орнатылған. 360 абонент су есептегіш құралсыз ауызсу пайдаланып отыр. Өз кезегінде аудан тұрғындарына ауызсуды үнемдеу керектігін үнемі айтып келеміз. Ауызсуды заңсыз пайдаланған жұртшылық айыппұл арқалайтынын ескертеміз. Заң бәріне ортақ десек, ережеге бағынған дұрыс.
Сұхбаттасқан
Балтабай ОРДАБЕКОВ












